6.12.2019, 11:19
Қараулар: 373
Өнермен өрнектелген өмір

Өнермен өрнектелген өмір

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының және “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы Әсел Мәмбетованың “Ақжайықтан шыққан қазақтың дарынды қызы” атты шығармашылық кеші өтті.

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен шарада кеш қонақтары алдымен әртістің еңбек жолындағы жетістіктеріне арналған көрмені тамашалады. Сахна шымылдығы “Ақжайық” ансамблінің орындауындағы “Жайық арулары” биімен ашылып, кеш иесі Әсел Иманғалиқызы туған жерге деген махаббатын ақын Ақұштап Бақтыгерееваның “Ақжайық” атты өлеңімен жеткізді.

Бейнежазба арқылы актрисаның шығармашылығындағы ұмытылмас сәттер мен елімізге танымал әнші Роза Рымбаеваның құттықтауы көрсетілді. Өнер кешінде өңір өнерпаздары Жаңылсын Хасанова, Майра Хайдарова және Гүлмира Өтегенова, Александр Зацепин сахна саңлағының мерейін өсіріп, әуелете ән шырқады. Ал мерейтой иесі Әсел Мәмбетова Дариға Мұштанованың “Аңыз болған абысындар” спектакліндегі Сақыпжамалдың монологын, достық, махаббат тақырыбындағы “Жаңбырлы түн”, “Жан досым”, “Ауылым” әндерін ерекше орындап,  көрермендер тарапынан ыстық ықыласқа ие болды.

Кеш соңында Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі департамент директоры Ғалия Жаненова мен облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев  сөз алып, әртіске ақжарма тілектерін жеткізді. Сондай-ақ “Nur Otan” партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов пен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің құттықтау хаттары табысталды.

Марлен  ҒИЛЫМХАН,

Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар