6.12.2019, 11:18
Қараулар: 476
«Сен – біз үшін жеңімпазсың»

«Сен – біз үшін жеңімпазсың»

Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  талантты  жас  әнші,  Польшаның  Гливице  қаласында  өткен  «Балалар  евровидениесі – 2019»  халықаралық  байқауының  екінші  орын  иегері  Ержан Максимді  қабылдады.  Ержан кездесуге  анасы  Гүлмирамен  бірге  келді.

– Ең бастысы, сен – біз үшін жеңімпазсың! Сол жердегі әділқазылардың қорытындысы бойынша да сен алда болдың. Туған елің әр кез сені қолдайды. Сол күні де уақытпен санаспай, облыс халқы саған қолдау көрсетті. Біз сенің жаңа биіктерді бағындыруыңа тілекшіміз, –  дей келе облыс әкімі  Ғали Есқалиев ел намысын қорғаған өренге естелік сыйлық табыс етті. Сонан кейін Ержан байқау жайлы және алдағы жоспарлары туралы өз ойымен бөлісті.

– Польшадағы байқауда мен өзіме көптеген достар таптым. Онда түрлі қызықты сәттер болды. Алдағы уақытта Польша елінде және Орал қаласында концерт беру жоспарымда бар. Қазір мен Ресейдің астанасы Мәскеуде Игорь Крутойдың академиясында білім алып жүрмін. Шынымды айтсам, Мәскеу қаласының ауасы, табиғаты бөлек. Бірақ жайлап үйреніп келемін. Атамды сағынамын. Ол менің концерттерімді көріп, кейде жылап алады екен. Менің атам – ең жақсы адам! –  дейді Ержан Максим.

Ал күллі Еуропаны сүйсінткен Ержанның анасы Гүлмира өнерлі өренге әр кез қолдау көрсетіп жүрген облыс басшылығына шынайы ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, ел мақтанышына айналған Ержан Максимнің  танымал композитор, продюсер Игорь Крутойдың академиясында білім алуына облыс әкімдігі қолдау көрсетуде.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар