28.11.2019, 23:00
Қараулар: 146
АҚШ-тан жеткен сағыныш лебі

АҚШ-тан жеткен сағыныш лебі

Қайсар  ПІШЕНБАЕВ, «Work  and  Travel»  бағдарламасының  қатысушысы:

– Мен – Қазталов ауданы Қараөзен ауылының тумасымын. Қазіргі кезде АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында тұрамын. Бұл жақта магистратураға дайындық курсынан өтудемін. Ағылшын тілін жетілдіру, білім-білікті арттыру бойынша арнайы курстарды тәмамдап, қажетті емтихандардан өткеннен кейін грант иелену бойынша конкурсқа қатысатын боламын.

АҚШ-қа алғашқы сапарым 2018 жылы болған. Ол кезде мен «Work and Travel» бағдарламасы бойынша келген едім.

Аталмыш бағдарлама аясында әр қатысушының көңілі қалаған мемлекетті таңдап, сол елде білім алумен қатар қосымша жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Осылайша, үш ай жұмыс жасап, содан кейін елге оралдым. Аз ғана уақыт ішінде Америкадағы қыз-қыз қайнаған өмір, бұл жақтағы тұрмыс ұнап қалды. АҚШ – әлемнің түкпір-түкпірінен үлкен арман арқалап келген сан қилы жастарды тоғыстыратын мекен.

Бұл жақта қандай салаға болмасын, қызығушылық танытқан жас міндетті түрде өз орнын табады, тасада қалмайды. Осылайша, жарты жылдан кейін студенттік виза алуға қайта тапсырыс беріп, биылғы жаз соңында Америкаға қайта оралдым. Бұл менің шетелдік тұрмыс-тіршілікке қызығып, туған елімнен баз кешкенім емес. Біздің елдің әрбір жасы өз мүмкіндігін артығымен пайдаланып, ең асқақ биіктерді бағындыруы тиіс деп есептеймін. Әлемдегі озық оқу орындарында білім алып, ең мықты мамандар легін толықтырғандар қатарынан өзіміздің қаракөздерді көрсек, зор мақтаныш емес пе?!

Қызу тіршілік арасында ұлты мен ұлысы сан қилы көптеген дос таптым. Бәріміздің туған жер, өскен өлке жайлы айтарымыз таусылмайды. Өзара әңгіме-дүкен барысында қазақ екенімді, Қазақстаннан келгенімді айтқанымда барлығы риза кейіппен мақтай жөнеледі. «Қазақстан» десе, шетелдік таныстарымның ойына ең әуелі жерінің кеңдігі, атомдық қарулардан өз еркімен бас тартқан оң шешімі, Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі оралады. Сонымен қатар соңғы кездері Қазақстан ұғымымен саңлақ спортшылар Геннадий Головкин мен Данияр Елеусіновтің, даланың дарынды ұлдары Димаш Құдайберген мен Ержан Максимнің есімдерін жиі байланыстырып жатады. Біздің елімізді шетелдік таныстарым мамыражай тірлік орнаған бейбітшілік пен ынтымақ мекені ретінде санайды, лайым сол қалпымыздан  айырылмасақ  екен!

Айымгүл  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»  газетінің  тілшісі, «Болашақ»  халықаралық  шәкіртақысының  иегері:

– АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы Калифорния университетінің тілдік курсында оқып жүргеніме жарты жыл болды. Осы аралықта Сауд Арабиясы, Кувейт, Жапония, Қытай және Оңтүстік Кореядан келген студенттермен достасып үлгердім. «Ұлттың жаманы болмайды» деген сөздің мағынасына шындап үңілгендей болдым. Өйткені ортақ тіл – ағылшынды үйрену барысында олармен бірге талай қызықты бастан өткердік, қалжыңдасатын ортақ тақырыптарымыз да көбейді. Тілдік деңгейіміз жоғарылаған сайын ойымызды еркін жеткізіп, жақынырақ араласатын болдық. Ара-тұра бір-біріміздің еліміз туралы тақырыптарды талқылап тұрамыз. «Болашақ» бағдарламасының беретін мүмкіндіктерін айта бастасам, өзге елдің қыз-жігіттері таңданыстарын жасыра алмайды. «Мұндай мүмкіндікке қол жеткізген неткен бақытты жан едіңдер, ал біз болсақ, ата-анамыздың қаржысына оқып жүрміз» деп қызыға қарайды. Десе де, Сауд Арабиясы, Кувейт сықылды елдерде де «Болашаққа» ұқсас бағдарлама бар екен. Тіпті оларда ерлі-зайыптының біреуі «Болашақ» секілді шәкіртақыға ие болған жағдайда, жұбайына да шәкіртақы ұсынылады екен. Ондағы мақсат – уақытша  болса  да,  отбасын  екіге  бөлмеу.

Ұстаздарымыз қазақ студенттерінің білімге құштарлығы мен еңбекқорлығына тәнті екендіктерін үнемі айтып отырады. Біз де мүмкіндік туған сайын еліміздің табиғаты, тарихы туралы жоба дайындап, баяндаудан жалықпаймыз. Қазақстанды көруге қызығушылықтары оянған Тимати және Ребека Палмер есімді ерлі-зайыпты ұстаздарымыз келесі  демалыстарын  біздің  елімізді  аралауға  арнамақ.

Бірде Джон Тяк есімді кәріс ұлтының студенті жұмыс барысында жолы түскен елдерді тізбелеп отыр екен. Сөйтсек, Алматыға да келген екен. «Қанша елді араласам да, Қазақстанның табиғатынан әдемі  жер кездестірмедім!»  дегенде  төбем  көкке  жетті.

Ағылшын тілін дамыту мақсатында жергілікті тұрғындармен де араласып, оларды әңгімеге тартып жүремін. Қайдан және қалай келгенімді баяндап, елімнің сұлу табиғаты мен бай тарихын әңгімелеу арқылы сағынышымды басқандай боламын. Шетелдегі тұрғындар тарапынан Қазақстанға қатысты оң пікір, мақтау сөзді көп естимін. Мұның бәрі – елімізді нарықтық экономика арқылы әлемдік даму жолына бағыттаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салған сара жол, сарабдал саясаттың арқасы. Қорыта келе, шетелдіктер алдында еліміз туралы мақтанышпен айта алатыным үшін, ең алдымен, ата-бабамызға, содан соң Елбасымызға   алғысым  шексіз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар