28.11.2019, 22:35
Қараулар: 103
Оқушылар сарайында – жол қауіпсіздігі алаңы

Оқушылар сарайында – жол қауіпсіздігі алаңы

Орал  қаласындағы  Оқушылар  мен  жастар  сарайында  «Батыс  Қазақстан  облысының  қауіпсіз  жолдары»  шарасы өтті.

Оған  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев,  Италияның  Қазақстандағы  Төтенше  және  өкілетті  елшісі  Паскуале  Д’ Авино,  «Шелл»  және  «Эни»  компанияларының  ресми  өкілдері,  көлік  жүйесінің  тұрақты  дамуы  мен  қауіпсіздігі  бойынша  Шығыс  альянсының  (EASST), облыстағы жол  қозғалысы  қауіпсіздігі  стратегиясы  бойынша  жұмыс  тобының  мүшелері  қатысты. Биылғы  мамыр  айының  5-і  күні облыс  әкімдігі  мен  аталған компаниялар  және  EASST  ұйымы  өкілдері  меморандумға қол  қойған еді.  Жиында  меморандум  аясында  жүзеге  асқан  «БҚО-ның  қауіпсіз  жолдары» жобасының  нәтижесі  баяндалды.

Кездесуде облыс әкімі Ғали Есқалиев жол қауіпсіздігіне байланысты күрделі ахуал қалыптасып отырғанын айтты.

– Жыл сайын адам өлімімен аяқталатын жол-көлік апаттары азаймай отыр. Тұңғыш Президент тапсырмасына сәйкес, еліміз дамыған 30 мемлекет қатарына енуге дайындалуда. Соған байланысты жол-көлік оқиғаларының салдары басты индикатор ретінде есепке алынатынын ескеруіміз керек. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жобаны жүзеге асырғандар жарты жылға жуық жұмыстанды. Компания өкілдерімен ашық алаңда қордаланған мәселелерді талқылауға алғаш рет жиналып отырмыз. Облыстағы жол қозғалысы қауіпсіздігі стратегиясы бойынша құрылған жұмыс тобы үш жыл жұмыстанып, нақты нәтижесін ұсынуы тиіс. Көлік апаты салдарынан ауыр қазаға ұшырағандардың отбасыларына мезгілсіз ажал оңай тиіп жатқан жоқ, – деді  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев.

Кездесуде сөз алған Италия елшісі Паскуале Д’ Авино аталған жобаға қолдау білдіргені үшін облыс басшысына ризашылығын жеткізді. Еуропа мен Азия жігінде орналасқан өңір әлеуетіне сенетінін тілге тиек етті. «Қазақстан тарапынан жобаны жүзеге асыруға атсалысқандарға және құқық қорғау қызметкерлеріне алғыс айтамын. Италияға келіп, Рим империясы кезеңінде салынған жолды көруге шақырамын. Біздің елдің аутожол сапасын  зерттегендер өте пайдалы мағлұмат алады», – деді Паскуале Д’ Авино.

Жиында «Эни» және «Шелл» компаниялары, EASST альянсы мен «Гауһар жол» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырған жоба барысы баяндалды. EASST сарапшысы, жоба менеджері Татьяна Михайлованың айтуынша, 2019 жылдың маусымы мен қазан айларында біраз іс-шара атқарылған. Мәселен, жол қауіпсіздігіне қатысты полиция қызметкерлеріне, мұғалімдерге, жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындар ұжымына, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдеріне арналған тренинг өтті. Бала оқытатын мекемелерге жол қауіпсіздігіне байланысты білім пакеттері ұсынылды. Қауіпсіздік белдігі және балаларды ұстап тұруға арналған бекітпенің болуы, жылдамдықты арттыруға қатысты әлеуметтік зерттеулер қолға алынды.

Жоба үйлестірушілері полиция қызметкерлерімен бірге жол қауіпсіздігіне байланысты өткен акциялар мен рейдтік шараларға, ақпараттық-түсіндіру жұмысына қатысты. Жазғы демалыс лагерьлерінде балаларға тақырыпқа сәйкес театрландырылған көрініс ұсынылды.

Жиында облыс әкімдігі жанынан құрылған жұмыс тобы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты дайындаған өңірлік стратегия құжаты таныстырылды. Құжатта қауіпсіз жол, қауіпсіз жылдамдық, жол қозғалысына қауіпсіз қатысушылар және қауіпсіз көлік құралдарына қатысты негізгі төрт фактор ескерілген. Стратегия арқылы 2025 жылға дейін адам өліміне қатысты апаттарды 25%-ға азайту, балалар өліміне қатысты көрсеткішті 50%-ға төмендету көзделген. Басқосуда EASST өкілі Сергей Дякону Орал – Ақсай аутожолы, облыс орталығындағы аса қауіпті үш жол қиылысы мен үш жүргінші жолағына қатысты Ұлыбританиядан шақырылған халықаралық сарапшының зерттеуімен жүргізілген аудит қорытындысын баяндады. Аудит ұсынымдарын жолдың инфрақұрылымдарын жаңғырту кезінде пайдалануға  болады.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев шетелдік компания өкілдерімен бірге Оқушылар мен жастар сарайындағы балаларға арналған жол қауіпсіздігі алаңының ашылуына қатысты. Төменгі қабатта орналасқан кабинетте балалар үшін шеберлік сағатын өткізуге арналған екі мобильдік алаң мен  екі арнайы бұрыш бар екен. Кабинет қабырғасында жол қауіпсіздігі белгілерін өзі дауыстап көрсететін тақта орналасқан. Бөлменің еденіне асфальт жабындысы мен жүргінші жолағының суреті салынған және шағын бағдаршам іске қосылған. Осында жыл сайын 10 мың бала жол қозғалысы ережелері мен жол қауіпсіздігіне байланысты теориялық және практикалық тұрғыда сабақ алады. Сабақ виртуалды ойын  арқылы  да  жүргізіледі.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар