28.11.2019, 22:34
Қараулар: 124
Италиялық делегацияны қабылдады

Италиялық делегацияны қабылдады

27 қарашада  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  Италия  Республикасының  Қазақстан  Республикасы  мен  Қырғыз  Республикасындағы  Төтенше және  өкілетті  елшісі  Паскуале  Д’ Авино  бастаған  Италия делегациясын  қабылдады.

Қазіргі кезде облыста италиялық компаниялардың қатысуымен 34 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында 2017 жылы құрылған «Орал Клаб» ЖШС-ның италиялық «Тувия» компаниясымен бірлескен NOVOTEL халықаралық франшизасы бойынша қонақүй салу, «Орал гринхаус кешені» ЖШС-ның көкөністер мен көшеттер өсіретін жылыжай салу жобалары бар. Сонымен қатар өңірде италиялық «ЭниПроджетт С.п.а.» АҚ-ның «ЭниПроджетти Қазақстан» филиалы инженерлік-техникалық кеңестер беру бағытында жемісті еңбек етуде.

Кездесуде Ғали Есқалиев атап өткендей, өңірде бірлескен кәсіпорындардың саны көп болмағанымен, олардың барлығы жоғары сапалы қызмет көрсетуде және аймақта тауар өндіруді қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді жобаларды нәтижелі  жүзеге  асыруда.

– Біздің облыс сіздерді тек газ өндіруші емес, сонымен қатар қатты бидай өсіретін өңір ретінде де қызықтыруы мүмкін. Сондай-ақ Орал қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан әлемдік талаптарға сәйкес барлық инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды аймақты дамыту бойынша іскерлік ұсыныстарды талқылауға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі италиялықтарға бірлескен кәсіпорындар ұйымдастыруға болатын бірнеше бағытты ұсынды. Аталмыш жобалар жүзеге асқан жағдайда Қазақстанның батысындағы Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау қалаларымен қатар, Ресейдің көршілес облыстарына, сондай-ақ Қытай нарығына шығуға мүмкіндік ашылатынына тоқталып, италиялық компанияларға облыста бизнес жүргізуге қажетті  қолдау көрсетуге уәде берді.

Өз кезегінде Италияның Қазақстандағы елшісі Паскуале Д’ Авино экономикалық байланыстарды ғана емес, достық, мәдени байланыстарды да дамыту қажеттігін атап  өтті.

– Біз Қазақстанмен барлық бағыт бойынша ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біріншіден, Батыс Қазақстан облысымен бірлесе отырып, агробизнесті дамытқымыз келеді. Сондай-ақ  индустриалды аймақтың артықшылықтарына баса назар аударылатын болады, – деді елші. Ол сонымен қатар серіктестікті нығайту үшін өңірдегі жоғары оқу орындарының әлеуетін пайдаланып,  итальян тілін үйрету курстарын, сондай-ақ облыста итальян асханасы апталығын, Италия өнер жұлдыздарының қатысуымен Италия мәдениеті күндерін өткізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай ауқымды іс-шаралардың түрлі салаларда  серіктестік қарым-қатынас орнатуға  ықпалы  зор  болмақ.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев италиялық делегацияның ұсынысын қолдады, келесі жылы жаз мезгілінде облыста әр түрлі мемлекеттердің елшіліктерінің қатысуымен түрлі елдердің мәдени күндерін өткізу  жоспарланғанын  атап  өтті.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі» 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар