28.11.2019, 22:20
Қараулар: 167
Өз әйелін кепілдікке алды

Өз әйелін кепілдікке алды

Кеше түс мезгілінде Орал қаласы, Зашаған кентіндегі нотариус кеңселерінің бірінде пышақ және гранатамен қаруланған ер адамның өз әйелін кепілдікке алғаны туралы хабар әлеуметтік желілерді шулатқан болатын. Шаһар тұрғындарының құтын қашырған оқиғаның кеш құрым сәтті аяқталғаны жайлы ақпарат та тез таралды.

Орын алған жағдайдың барысы туралы кешкі сағат 20:30 да БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Сүйінбаев БАҚ өкілдерінің қатысуымен шұғыл баспасөз мәслихатында баяндады.

  • Кеше Орал қаласындағы 102 жедел желісіне 13 сағат 10 минутта Жәңгір хан көшесі, №13 үйде («Жазира» аялдамасы) орналасқан нотариус кеңсесінде бір ер адам есікті жауып, өз әйелін кепілге алғандығы туралы белгісіз ер адамнан хабарлама келіп түсті. Алдын ала болжамдарға қарағанда, ер адамның қолында пышақ пен гранатаға ұқсас зат бары белгілі болды. Хабар түскеннен соң 5 минут ішінде оқиға орнына шұғыл әрекет ететін барлық жасақ жеткізілді. Нотариус кеңсесі орналасқан бес қабатты үйдің барша тұрғындары сол маңдағы №20 мектепке көшіріліп, қауіпті аймақ қоршауға алынды. Сондай-ақ аталған тұрғын үйдің электр жарығы мен көгілдір отыны жабылды. Өз әйелін кепілдікке алған ер адаммен полиция қызметкерлері ашық тұрған терезе арқылы келіссөз жүргізді. Кеңсенің есігін ішінен құлыптап, есігін ауыр сейфпен және ағаш жиһаздармен тіреп қойған. Көп ұзамай қоқан-лоқы жасаушы ер адамның және кепілге алынған әйел адамның кім екендігі анықталған. Бұған дейін ерлі-зайыпты екеуі некелерін бұзуға қатысты өтініш бергені мәлім болды. Полиция қызметкерлері күдіктінің тума-туыстарын анықтап, олармен байланысқа шықты. Алдымен Орал қаласында тұратын туыстары оқиға орнына алдыртылды. Кейін Ақсай қаласындағы ағасы мен апасы жеткізілді. Туыстары мен полиция қызметкерлері ұзақ уақыт келіссөздер жүргізіп, прокурор күдіктіге орын алған оқиғаға орай заң жүзінде жауапқа тартылатынын түсіндірді. Артынша күдікті кепілге алынған әйелді шығарып, кейін өзі берілді. Полиция қызметкерлерінің шебер қимылының арқасында ешқандай қару қолданылған жоқ. Күдіктінің қолындағы пышақ пен граната тәркіленді. Процессуалдық кодекстің талаптарына сай дәл қазір кейбір мәліметті нақты айта алмаймыз. Күдікті мен жәбірленушіден жауап алынған соң тың деректер туралы қосымша хабарлайтын боламыз, — деді Серік Сүйінбаев.

Спикердің айтуынша, күдіктінің қолынан алынған гранат муляжы қаладағы қару-жарақ сататын дүкендердің бірінен оқиға болардан 1-2 сағат бұрын сатылып алынғандығы белгілі болған. Оң жақ аяғынан жарақат алған жәбірленуші «Жедел жәрдем» көлігімен ауруханаға жеткізілген.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ, «Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар