28.11.2019, 21:50
Қараулар: 156
Ғайса ҚАПАҚОВ, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі: «Елбасымен үш мәрте кездестім»

Ғайса ҚАПАҚОВ, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі: «Елбасымен үш мәрте кездестім»

– Ғайса Хамидоллаұлы, Қазақстанда Тұңғыш Президент күнінің мемлекеттік мереке ретінде ресми түрде тойлана бастағанына биыл жеті жыл. Сіз үшін осы мерекенің мән-маңызы қандай?

– Тәуелсіз Қазақ елі тарихындағы ең алғашқы тарихи шешім, тұңғыш демократиялық қадам дәл осы 1 желтоқсан күні жасалды. Өйткені ата-бабамыздың сан ғасыр бойы армандаған егемен ел болу туралы асыл аманаты 1991 жылдың 1 желтоқсанында орындалды. Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлына жаңа дәуірдегі тәуелсіз мемлекеттің көшін бастайды деген зор сенім артып, жалпыхалықтық сайлауда дауыс берді. Халықтың ел тарихындағы тұңғыш президенттік сайлауға қатысуы да жоғары деңгейде болды. Елең-алаң кезең болғанына қарамастан, халықтың көңілі көтеріңкі болды, болашаққа үлкен сеніммен қарады. Сондықтан бұл күн – қазақ халқының алғаш рет саяси еркін білдіріп, өз билігін өзі таңдап, дербестігін демократиялық сайлау арқылы  мақұлдаған  күн.

Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекет басшысы ретінде дербес мемлекет құру жолында кездескен барлық қиындықты еңсеріп, елімізді саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстардан көрегендікпен аман алып шықты. Шын мәнінде, Елбасының салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Мемлекеттік шекарамыздың шегенделуі мемлекетіміздің дұрыс бағыттағы халықаралық саясатының және Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Қазақстан өз тәуелсіздігі жылдарында әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. 150-ден астам елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің даму бағытын таңдады.

1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында өткен митингіде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әлеуметіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін» деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шындыққа айналғанын көріп отырмыз.

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінің маңызы жыл санап артып, шын мәнінде жалпыхалықтық мерекеге айналғанының өзі Қазақстан халқының Нұрсұлтан Әбішұлына деген зор сенімі мен құрметі деп ойлаймын.

– Сіз Елбасымен бірнеше мәрте кездестіңіз. Сол кездесулердегі ерекше есте қалған жайттармен, ұмытылмас әсерлермен бөліссеңіз?

– Тоқсаныншы жылдардың басында облыс әкімдігінде қызмет атқара жүріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлын сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыповпен бірге Орал әуежайынан қарсылап алуға бардым. Бұл менің Елбасын алғаш рет жүзбе-жүз көруім.

Ал енді Зеленов ауданы (қазіргі Бәйтерек ауданы) әкімі болып қызмет атқарған жылдары Елбасымен үш мәрте кездестім. Ең алғашқы кездесуім  2005 жылы Дариян ауылында болды. Кездесуге тура бір апта қалғанда сол кездегі Президент аппаратының басшысы Нұрлан Нығматуллиннен «Президент Зеленов ауданына барады, дайындал!» деген тапсырма түсті. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, сол кездегі облысты басқарған Нұрғали Әшімовпен ақылдаса отырып, Мемлекет басшысының ауданға сапарына тыңғылықты дайындықты бастап кеттік. Президент сайлауы алдындағы Елбасымен кездесуге сегіз мыңнан астам адам қатысты. Халықтың ықылас-құрметі ерекше болды. Нұрсұлтан Әбішұлын жұртшылық орнынан тұрып, ду қол соғып қарсы алды. Елбасының сайлауалды бағдарламасымен танысып, көңіл жадыратар әңгімелерін құмарта тыңдадық.

Екінші мәрте 2009 жылдың 13 маусымында кездестім. Нұрсұлтан Әбішұлы облысқа жұмыс сапары аясында Зеленов ауданына қарасты Белес ауылына келіп, алдымен жаздық дақылдар мен күздік бидай алқаптарын аралап көрді. Содан кейін Президент Чинарев кен орнын игеріп жатқан «Жайықмұнай» ЖШС мұнай терминалында болды, «Агротраст» ЖШС-ның салып жатқан диірмен кешенін аралады. Осы сапар барысында шағын аутобус ішінде Елбасының жанында отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімелеп беріп, Мемлекет басшысының жақсы бағасын алдым. Сол жылдары ауданда егіннің, әсіресе, қара бидайдың шығымы өте жақсы болды. Биіктігі белімізден келіп тұрған бидай алқабында Елбасымен бірге суретке түстік.

Ал Елбасымен үшінші кездесуім 2011 жылдың 14 қыркүйегінде болды.  Сол жылы көктемде облыста су тасқыны орын алып, Зеленов ауданы бойынша 25 елді мекенге су кіріп, мыңнан астам үйді шайып кетті. Зардап шеккен әр үйді жеке-жеке аралап, жағдайын саралаудың нәтижесінде 115 үйдің құрылысын қолға алдық. Үкіметтен аз уақыттың ішінде барлық қажетті қаражат аударылып, небары үш айдың ішінде жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Жолдар салынып, өзге де қажетті инфрақұрылым түгел жеткізілді.

Президент Зеленов ауданына арнайы келіп, су тасқынынан кейінгі ауылдың, халықтың жағдайын өз көзімен көрді. Переметный ауылындағы су тасқынынан зардап шеккендер үшін бой көтерген Мұнайшы қалашығында тұрғындармен жүздесті. Қоныстой иелерінің қуанышына ортақтасып, дастарқандарынан дәм татты. «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, Елбасының ауыл адамдарына деген риясыз көңіліне, халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетініне, қарапайымдылығына тәнті болдым. Мемлекет басшысы аудандағы су тасқынының салдарын жою бойынша атқарылған істерге оң бағасын берді.

Тағы бір ерекше есімде қалғаны – Елбасының ауданға сапары алдында түнде қатты нөсер жауып, таңда қалың тұман түсті. Бізге үш тікұшаққа қону алаңын дайындау туралы тапсырма берілді. «Президент ұшып шықты» деген хабар жеткенде сол кездегі ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко екеуміз жайсыз ауа райында тікұшақтар далаға қалай қонар екен деп алаңдаумен болдық. Алайда Елбасы мінген тікұшақ төмендей бастағанда бұлт сейіліп, әп-сәтте жарқырап күн шыға келді. Біреулер бұған сенбеуі де мүмкін. Әйтсе де, бұл тылсым құбылысты  өз көзіммен көріп, қатты таңғалғаным әлі күнге есімде.

– Шынымен де, ерекше оқиға екен. Ғайса Хамидоллаұлы, сіз бірнеше жыл қатарынан қалалық және облыстық сайлау комиссиясына төрағалық еттіңіз…

– Біздің облыс жұртшылығы еліміздегі аса маңызды саяси іс-шараға, яғни Президент сайлауына белсенді қатысады. Әсіресе, үлкендер жағы таң алагеуімнен сайлау учаскелеріне кішкентай немерелерін ерте келіп, көтеріңкі көңіл күймен дауыс береді. Басым көпшілігі тәуелсіз Қазақстанның болашағын, өзінің және отбасының өмірін Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырып, Елбасы саясатына сенім арта отырып, таңдау жасағанын мақтаныш сезіммен айтып жатады. Олай болуы заңды да! Өйткені Мемлекет басшысының әр сайлауалды бағдарламасының нәтижелі орындалғанына, ал жаңа бағдарламасында қоғамды, халықты толғандырған ең өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары айқындалғанына сайлаушылардың көзі жетіп отырды.

Дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Біз, аға ұрпақ тоқсанынша жылдардың тоқырауын, тәуелсіздіктің ең алғашқы қиын кезеңін өткердік. Ауылда азық-түлік қоры тапшы болғандықтан, дүкен сөрелері бос тұрды, жалақы мен зейнетақы айлап төленбеді. Мектеп пен балабақша қазандығын жылытатын көмір болмағандықтан, мұғалімдер кейде балаларды үйге әкеліп оқытты. Қазір облыс 96% газбен қамтылған. Ал сол кезде 600 мың тонна көмір сырттан әкелінетін. Отынды Қазақстанға кіргізе алмай, одан облысқа жеткізе алмай қиналатынбыз. Электр жарығын Ресейден сатып алып отырдық, оның өзі тек бірер сағатқа ғана жанатын. Тариф күн санап өсіп отыратын. Миллион рубльге тек бір қап астық, азын-аулақ тамақ қана сатып алатын кез еді. Қазір 4 сағатқа зу етіп жетіп баратын Атырау қаласына дейін 18 сағат жүріп барған уақыт болған. Қазір мұның бәрі естелік болып қана қалды…

Елбасының егемендіктің елең-алаңындағы «Алдымен –  экономика, сонан соң саясат» деген сындарлы саясаты еліміздің экономикалық дамуына жол салып, бүгінде Қазақстанның терезесі тең, керегесі кең мемлекетке айналуына жол ашты. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында электр қуатына тәуелділіктен арылдық, облыстың газбен қамту көрсеткіші 96 пайызды құрайды, шалғай елді мекендерге дейін таза ауыз су жетті. Мыңдаған шаршы метр тұрғын үй мен әлеуметтік нысан, жүздеген шақырым жол салынды. Елбасының сарабдал саясатының өңірлерде жемісті жүзеге асуының арқасында халықтың әл-ауқаты жақсарып, өмір сүру сапасы артты. Өмір болған соң шешімін күткен мәселелер бар, әрине. Бірақ жақсыны көрмекке көз керек.

– Тұңғыш  Президент –  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясын құру тәжірибесін бүгінде көптеген мемлекет қолданып отыр. Сіздің ойыңызша, ассамблея бізге не берді?

– Елімізде 130-дан астам ұлт  пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, алаңсыз өмір сүруде. Егемен еліміздің гүлденуі жолында еңбек етуде. Мұның бәрі де Елбасымыз жүргізіп отырған сарабдал саясаттың жемісі. Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен өмірге келген Қазақстан халқы ассамблеясы бүгінде татулықтың бесігіне ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың темірқазығына айналды. Бұл – әлемде теңдесі жоқ құрылымның 24  жылдағы  жарқын  жеңісі.

Бұрын облыстағы этнос өкілдері «Қазақстан – біздің екінші Отанымыз» деуші еді. Қазір «Қазақстан – біздің Отанымыз, ал атабабам дүниеге келген ел – тарихи Отанымыз» деп айтады. «Біз қазақстандықпыз» дейтін азаматтардың саны 60-65 пайызды құраса, қазір 97 пайызға жетті. Қазақ тілін үйренгісі келетін өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің үлесі 50 пайыз болса, қазір 95 пайызды құрап отыр. Облыстық ассамблея жанынан құрылған «Тіл мұра» қозғалысының 400-ден астам мүшесі – өзге ұлт өкілдері. Олар мемлекеттік тілді өздері үйренумен қатар, өзгелерге де үйретеді.

Мен жақында ғана Беларусь еліне барып келдім. Беларусь халқының Қазақстанға, қазақтарға деген ықылас-пейілі ерекше. Менің бір орыс досым «Қазақстанға сыймаған адам еш елге сыймайды» деп үнемі айтып жүреді. Өзге ұлт өкілін меңзеп айтып тұр ғой. Түсіне білген адамға осы сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Жалпы, қай шет мемлекетке барсақ та, олардың Қазақстанға деген зор сенімін, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген айрықша құрметін көріп-естіген кезде осындай көреген Елбасымыздың барына, өзімнің қазақ екеніме мақтанамын!

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар