28.11.2019, 21:46
Қараулар: 183
«Облыста білім сапасы төмендеп барады»

«Облыста білім сапасы төмендеп барады»

2019  жылдың  он  айында  облыстың  білім  беру  ұйымдарында  160  бақылау  шарасын  жүзеге  асырған  Батыс  Қазақстан  облысының білім  саласындағы  бақылау  департаменті  381 заңбұзушылықты  анықтаған. Бұл  туралы  апта  басында  өңірлік  коммуникациялар  алаңында  баспасөз  мәслихатын  өткізген  аталмыш  департамент  басшысы  Гүлнар  Сәрсенғалиева  мәлімдеді.

Анықталған  заңбұзушылықтардың 15,5 пайызы жергілікті атқару құрылымдарының құзыретінде болып, материалдық-техникалық базаның тапшылығына байланысты туындаса, қалған 84,5 пайызы мұғалімдердің өз міндетін дұрыс атқармауы, білім беру ұйымы әкімшілігі жұмысының жүйесіздігі, басқару деңгейінің төмендігі, мектепішілік бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі нәтижесінде орын алған.

Жыл басынан бері білім сапасын бақылау нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша 31 әкімшілік іс қаралған. Соның ішінде департамент мамандары жүргізген тексерулер нәтижесі бойынша 17 іс, құқық қорғау құрылымдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттiк, жергiлiктi өзiн-өзi басқару құрылымдарынан түскен материалдар бойынша 14 іс  қозғалған.

– Біз білім беру қызметінің сапасын бағалау және оқушылардың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін анықтау мақсатында білім беру жетістіктерін сырттай бағалау әдісі арқылы мониторинг жүргіздік. Оқу жетістіктерін сырттай бағалау 11 ауылдық және 19 қалалық мектепте өтті. Өкінішке орай, нәтиже мардымсыз. Жоғары балл 30 болса, біздің облыс бойынша орташа балл 17,35-ті ғана құрайды. Бұл жалпыреспубликалық көрсеткіштен 2,35 балға төмен. Облыстың былтырғы нәтижесімен салыстырар болсақ, 2,62 балға төмен. Жалпы, соңғы 3-4 жылдағы көрсеткіштерге сүйенсек, облыс мектептерінде білім сапасының төмендеуі байқалады, –  деді Гүлнар Ақмырзақызы.

Департамент басшысының айтуынша, бала саны аз шағын мектептер санының артуы, өңірде педагог кадрлардың тапшылығы, әсіресе, шалғай ауылдарда бір мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруі, апатты жағдайдағы мектептер санының артуы – білім сапасының төмендеуіне басты себеп. Оған қоса білім беру саласындағы жергілікті атқарушы құрылымдар оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ВОУД) нәтижелерін зерттеп-зерделеуге, кемшіліктерден сабақ алуға келгенде енжарлық танытуда. Оқу процесін дамыту мен ұйымдастыруды жетілдіру траекториясы әзірленбейді. Білім беру ұйымдарында әр оқушының әр пән бойынша білім деңгейін саралау, бақылау және білім сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар жоқ. Гүлнар Сәрсенғалиева орын алған олқылықтарды жою үшін облыстық әкімдік пен аудандық білім басқармалары деңгейінде нәтижеге назар аудара отырып, мектепті басқарудың тиімді механизмін құру қажеттігін атап өтті.

– Бүгінгі таңда облыста 6 үш ауысымдық, 8 апатты жағдайдағы мектеп бар. Тұрғын санының көптігіне байланысты үш ауысымдық мектептердің дені Орал қаласының Зашаған аумағында орналасқан. Аталмыш шағынауданда үш жаңа мектеп салу арқылы үш ауысымдық мектептер санын азайту көзделіп отыр. Ал апатты мектептердің үшеуі Орал қаласында, екеуі Ақжайық ауданында және үшеуі Қазталов ауданында.

Күрделі жөндеу жұмыстарының дер кезінде жүргізілмеуіне байланысты апатты жағдайдағы және үш ауысымдық мектептер санының артуы байқалады. Ауылдық елді мекендерде интернет сыныптары болғанымен, компьютерлер ескірген мектептер бар. Ал тексеріс жүргізілген 35 мектептің 13-і ғаламторға мүлдем қосылмаған. Ауылдық жерде мұғалімдер жетіспейді. Шағын жинақталған мектептерде бір пән мұғалімі бірнеше пәнді қатар алып жүруге мәжбүр, –  деді  Гүлнар  Ақмырзақызы.

Журналистердің сауалына жауап берген спикер Орал қаласындағы №18 және №29 мектептердің, сонымен қатар барлық ауылдық және аудандық мектептің әжетханалары сыртта орналасқанын, облыс мектептерінің 68 пайызы бейнебақылау жүйесімен қамтылғанын  айтты.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар