28.11.2019, 21:44
Қараулар: 156
БҚО ассамблеясының тәжірибесі – көпке үлгі

БҚО ассамблеясының тәжірибесі – көпке үлгі

Кеше Оралдағы Мұз айдыны сарайында «Еңбек жолымен» халық экспедициясы және Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығы, Еріктілер жылының  бастау алуы, Жастар жылының жабылуына арналған салтанатты жиын өтті.  Шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысып, жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

Мерекелік шара жастардың хореографиялық композициясымен ашылып, еріктілер жастардың күш-жігерін қимылмен бейнеледі, сонымен қатар LED-экраннан еріктілердің жұмыстары көрсетілді. Одан кейін «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының облыстық төрайымы Роза Көжекова және аудандық штаб жетекшілері сахнаға көтеріліп, жиналған қауымды аталмыш экспедиция жұмысының басталуымен құттықтап, жастардың тәуелсіздігімізді нығайтып,  еліміздің өркендеуіне үлес қосатындарына сенім білдірді. Шара барысында облыстық филармония әншілері акцияға қатысушылармен бірге Тұңғыш Президенттің сүйікті әндерін шырқады.

Өңір  басшысының баяндауынша, Жастар жылында облыста мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға 500 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жұмыспен қамту шараларымен 7 000 жас қамтылып, «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде 1000-нан астам адам кәсіпкерлік дағдыларына оқыған және оларға 251 млн. теңгенің 500 гранты берілген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 645 жас маманға 269 млн. теңге көлемінде көтермеақы бұйырған, сол жастардың ішінен 461-і тұрғын үй алуға  1,6 млрд. теңге шамасында несиеге қол жеткізген.

— Алдағы жылды Мемлекет басшысы Еріктілер жылы деп белгіледі. Бұл да сіздердің жылыңыз! Шетелдерде ерікті болу құрметті іс саналады. Еріктілер қозғалысы – бұл өркениетті әлемнің өмір сүру салты. Облыста еріктілердің 57 ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 10 000-нан астам мүше бар. Сіздер, жастар өкілдері, мектептерде, оқу орындарында, кәсіпорындарда және ауылдық округтерде игі істерді жалғастыра бересіздер, – дей келе, Ғали Есқалиев қазақстандықтардың, оның ішінде жерлестеріміз – еңбек ардагерлерінің, ассамблея белсенділерінің «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясын, яғни қиындықты жеңу, жасампаздық жолын ұйымдастыруға бастама көтергенін мәлімдеді.

Одан әрі облыс басшысы бүгінде Қазақстанды халықаралық қауымдастық мойындағанын, әлемдік қауымдастықтың елімізді демократиялық және бейбітшіліксүйгіш мемлекет деп танитынын, оған қоғамның үйлесімді дамуының жаһандық стандартына айналған Қазақстан халқы ассамблеясының қосқан үлесінің зор екенін айтты.

– Қазақстан халқы ассамблеясы 25 жыл ішінде кеңестік құрылымнан кең өкілеттіктері бар кеңесші құрылымға дейін өсті.  Осы жылдар ішінде ассамблея еліміз үшін көптеген маңызды шешімнің бастамашысы болды. Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болуымен ел Президентінің өкілеттіктерін кеңейту және Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау туралы референдум өтті. Этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі – Қазақстанның әр түрлі этностар мен конфессиялардың өзара іс-қимылының жаһандық процесіне қосқан үлесі. Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық кеңесінде облыстық ассамблеяның жұмысы жоғары бағаланып, оның тәжірибесі таратуға ұсынылды. Бұл – залда отырғандардың бәрінің жұмысының нәтижесі, — деді Ғали Есқалиев.

Жиында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауының және медиация саласы бойынша «Ең үздік медиатор» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Әріптестеріміз  Жәнібек аудандық  «Шұғыла» газетінің штаттан тыс тілшісі Меңдігүл Фазылова, қалалық «Жайық үні» газетінен Кәусар Байғалиева, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ-ның  БҚО филиалы «Ақжайық» телеарнасының жүргізушісі Лаура Бекболатова, БҚО ҚХА журналистер клубының мүшесі, «Пульс города» газетінің фототілшісі Оксана Каткова, республикалық «Литер» газетінің тілшісі Оксана Дементиевская, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева үздік мақалалары үшін марапатталды. Сондай-ақ облыс басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығының бастау алғанын білдіретін эстафеталық кітапты қала әкімі Абат Шыныбековке табыс етті.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар