28.11.2019, 21:42
Қараулар: 130
Журналистер жүлдесі

Журналистер жүлдесі

Журналистік қызмет жүгін бір кісідей көтеріп, мәдени, әлеуметтік, экономикалық бағытта ұйымдастырылатын алуан іс-шараға қатысып, қатаң айтатын тұста қаламын қаруға айналдыра білген нәзікжандылар баршылық. Облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясында ел-жұрт білуі тиіс елеулі мәселелерді назардан тыс қалдырмайтын, мақала мәйегіне көпті толғандырған жайттарды арқау қылып жүрген әріптестеріміз, қаламы қарымды журналистер Динара Әлпейісова мен Аяужан Керееваны жарқын жетістіктерімен құттықтаймыз.

Биыл журналистер арасында «Халық банкі» АҚ-ның қаржылай қолдауымен «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры «Еркін сөз – 2019» шығармашылық байқауын ұйымдастырды. Республикалық байқауға мамыр айынан бастап отандық қаржы саласы, банк жүйесі мен қаржылық құрылымдар, несие түрлері, банк өнімдері, қаржылық сауаттылық туралы 200-ден астам материал қабылданған. Байқау қорытындысында  «Үздік мақала» аталымы бойынша «Орал өңірі»  газеті  редакциясының қоғамдық-саяси бөлімінің редакторы Динара Әлпейісова үшінші орын алып, үздіктер қатарынан көрінді. 22 қараша күні Алматы қаласында «Еркін сөз – 2019» жеңімпаздары марапатталды. «Түркітілдес журналистер қоры» ұйымдастырған салтанатты кешке қатысқан әріптесімізге диплом мен 100 мың теңге сертификаты табысталды. Қаламы қарымды журналист облыстық басылымда қаржы нарығына қатысты танымдық сипаттағы және сараптама материалдарды тұрақты жазып келеді.

7-8 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан ауыл әйелдерінің екінші форумына қатысқан Аяужан Кереева «Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі» аталымының жеңімпазы болып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың алғысхатымен марапатталды. «Ел экономикасының дамуына, соның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға қосқан үлесіңіз үшін сізге шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да еліміздің өркендеуі жолында табысты еңбек етуіңізге тілектеспін!» деп жазылған алғысхатта.

Әріптестерімізге шығармашылық өрлеу мен шұғылалы өмір шаттығын тілейміз! Журналистік жолда жетістік мол болғай!

«Орал  өңірі» газеті редакциясының  ұжымы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар