28.11.2019, 11:35
Қараулар: 114
Барлық жетістік Елбасымен байланысты

Барлық жетістік Елбасымен байланысты

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының  Тұңғыш  Президент күні

Биыл елімізде сегізінші мәрте, 1 желтоқсан күні Тұңғыш Президент күні мерекесі тойланады.

Бұл мереке – барша отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке бастайтын ерекше күн. Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың даңғыл жолымен келеді. Қазақта: «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі.

Қазақ тарихында Әз Жәнібек пен Керей, Қасым мен Абылай, Хақназар мен Кенесары сынды халқын ақылмен, парасатпен басқарған хандар болған. Солардың сара жолымен, сындарлы саясатымен егеменді елімізді басқарған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  орны ерекше.

Еліміз егемендік алып, дамудың жаңа жолын таңдады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы басшылығымен халқымыз Тәуелсіздік Туын биікке көтерді. Ата Заңымызды, мемлекеттік рәміздерімізді және рухани құндылықтарымызды қастерлей отырып, өміріміздің сан саласын дамыту, жас мемлекетіміздің абыройын асқақтату жолында тамаша бастамалар өмірге келді.

 Ұлт Көшбасшысының кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігері қиындықтарды жеңіп, елімізді экономикалық дамытудың келешектегі стратегиясын дайындап, қиын реформаларды іске асыра алды. Бүгінде бұл стратегияны бүкіл әлем жаңғыртудың қазақстандық үлгісі, дамудың қазақстандық жолы ретінде танып отыр.

Еңбек құндылығы мен жасампаздықты бекіте түсуге бағытталған маңызды бағдарламалық құжат ретінде Тұңғыш Президенттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын айтуға болады. Онда айтылған Ұлт Көшбасшысының  идеясы Отанымыздың байлығын адал еңбегімен еселеп жатқан металлургтерге, шахтерлерге, ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне, мұғалімдерге және барша еңбек адамдарының жанына жақын әрі түсінікті.

Сондай-ақ Тұңғыш Президентіміз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын ұсынды. Салмақты құжатта тәуелсіздік тәжірибесі бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді.

Біздің еліміздің Тұңғыш Президенті тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген табыстары, әлемдік масштабтағы сарабдал саясаткер ретінде, өзінің халқына және Отанына барлық өмірін арнаған адам ретінде тарихта қалатын болады.

Бүгінде Қазақстан өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында әлемдік бағытта келе жатыр. Қоғамдық-саяси өмірдегі біздің табыстарымыз бен жетістіктеріміз мемлекетімізді әлемдік қауымдастықтың мойындауына мүмкіндік туғызып, өзінің лайықты орнын алды.

Біздің еліміздің және Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың  халықаралық деңгейдегі беделі ретінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін, осы ұйымға қатысушылардың елордамызда өткен саммитін айтуға болады. Еліміздің және оның Тұңғыш Президентінің жетістігі бойынша Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі кеңесіне сайлануын да мысал ретінде айтуға болады. Ал 2017 жылы  елордада әлемдегі ең ірі «ЭКСПО – 2017» көрмесі өткізілді.

Тұңғыш  Президентіміздің елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Осы егемендігіміз арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Міне, халық сайлаған Елбасы әрқашан осындай жарқын істердің шыңынан табылып отырды.

Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялап, егемендік алғаннан бері де жиырма сегіз жылдан  асты. Осы уақыт аралығында Қазақстанды барша әлем таныды. Әлемдегі жоғары дамыған өркениетті мемлекеттермен тәуелсіз Қазақстан терезесі тең, беделі жоғары, болашағы зор мемлекет болып қалыптасты. Мәдениетіміз, өнеріміз, экономикамыз, білім мен ғылымымызбен өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылдық деп барша қазақстандықтар мақтанышпен айта алады.

Өз Отанымен бірге осы жылдар арасында еліміз егемендік алған күннен бастап алғаш құрылған ішкі әскер де дами бастады. 1992 жылдың 10 қаңтарында  Ішкі әскердің құрылуы туралы заңнама жасақталып, 1992 жылдың 23 маусымында «Қазақстан Республикасының Ішкі әскер туралы» заңына қол қойды.   Бұл Ішкі әскердің міндеттері мен қызметін анықтайтын бірінші құқықтық акт болды.

 Осынау 27 жылдың ішінде  әскеріміз   үшін жағдай барлық жағынан жақсарды. Бүгін біз қылмыс деңгейінің айқын төмендегенін көреміз. Бұл тек құқықтық тәртіп әскерінің емес, барлық қоғамның, соның ішінде  Ұлт Көшбасшысының, Үкіметтің  жемісті еңбегі.

Ал  2014 жылдың 21  сәуірінде  уақыттың талабы бойынша ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. Тұңғыш Президентініміз  мұны заң жүзінде бекітті.

Жыл сайын Қарулы Күштерде, соның ішінде ҚР-ның  Ұлттық ұланында Тұңғыш Президент күніне арналған әлеуметтік-мәдени шаралар қарқынды түрде ұйымдастырылады. Бұл шаралар Нұрсұлтан Назарбаевтың  Ұлт көшбасшысы, тәуелсіз қазақстан мемлекетінің негізін құрушы ретінде рөлін көрсетуге бағытталған.

 Жалпы алғанда, Елбасымыздың тікелей қолдауының арқасында Қазақстан экономикалық гүлденген, демократиялық және әлеуметтік мемлекет болып қалыптасты деп толық сеніммен айта аламыз. Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған әлеуметті елге айналдық. Еліміздің шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік.

Еліміздің осындай ерен табыстарына қуана отырып, біздер тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қол жеткізген жеңістері Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен атқарылғанын сезінеміз.

Осынау мерекелі күні барша қазақстандыққа мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке, ынтымақ пен мейірім тілеймін.

Еліміздің болашағы баянды, келешегі кемел, бірлігіміз берекелі, татулығымыз берік болсын. Бізді біріктіретін бір Отан, бір тағдыр және бір  Ұлт Көшбасшы! Көпұлтты және қуатты Қазақстанымыз гүлдене берсін!

Әлібек Серәлиев,

ҚР  Ұлттық ұлан  «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы,

генерал-майор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар