26.11.2019, 16:15
Қараулар: 133
Ұзартқың келсе ғұмырды, таста арақ, шылымды!

Ұзартқың келсе ғұмырды, таста арақ, шылымды!

Қараша айының үшінші бейсенбісі өкпенің созылмалы обструктивті ауруына қарсы дүниежүзілік күрес күні және Халықаралық шылым шегуден бас тарту күні. Соған орай облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында ақ халаттылардың қатысуымен жиын өтті.

– Никотинге тәуелділік қоғамда бар дерт. Әсіресе, мектептегі жасөспірімдер шылым шегуге үйір келеді. ҚР заңнамасында темекі өнімдерін жарнамалауға және оларға демеушілік етуге шектеулер енгізілді, кәмелетке толмағандарға темекі сатуға, жекелеген қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынды. Темекі өндірушілер сатып алушыларға өз өнімдерінің құрамында бар никотин мен қарамай заттарының көлемі туралы ақпарат беруі тиіс. Кейде саябақта бір қолымен қоларбаны итеріп, екінші қолымен шылым шегіп жүрген аналарды байқайсың. Бұл келешек ұрпағымыз үшін қауіпті қатер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне жүгінсек, жер шарындағы халықтың 18 пайызы, яғни  бір миллиард адам темекіге тәуелді. Ал жылына бес жарым миллионға жуық адам темекі зардабынан туындаған аурулардан өмірін қияды. Осы орайда мектеп оқушыларына шылым шегудің қауіп-қатер факторлары туралы түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізуіміз керек, – деді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Зияда Молдағалиева.

Облыстық онкологиялық диспансер директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Нұрлан Төлемісовтің айтуынша, өкпе қатерлі ісігінің пайда болуына шылым шегу, алкогольдік ішімдік ішу факторлары әсер етеді.

– Өңірімізде жылына 1300-1400 тұрғын қатерлі обыр дертіне шалдығуда. Сүт безі қатерлі ісігі мен өкпе қатерлі дерті дендеп барады. Сүт безі қатерлі ісігін скринингтік тексеріс кезінде ерте сатысында анықтауға болады. Алайда өкпе қатерлі дертінің алғашқы белгілері адам ағзасында жасырын өтеді. Яғни бастапқы, бірінші, екінші сатыларында науқас дерт белгілерін байқамайды. Пневмония, бронх демікпесі секілді созылмалы сырқат секілді жүреді. Клиникалық жағдайға жеткенде ғана  науқас ауруханаға келіп тексеріледі. Өкпе обыры көп жағдайда флюорографиядан анықтала бермейді. Сол үшін әр тұрғын денсаулығына мән беріп, салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн, – деді  ол.

Сондай-ақ жиында шылым шегудің зияны туралы  баяндамалар оқылды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар