26.11.2019, 16:12
Қараулар: 128
Қылмысты ашуда бейнекамераның пайдасы көп

Қылмысты ашуда бейнекамераның пайдасы көп

Облыс әкімдігінде құқықбұзушылық жасауға итермелейтін жағдайларға талдау жасау, оның себептері мен салдарын жою бойынша ұсыныстарды нақты іске асыру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Асылұлан  Досжанов төрағалық еткен жиында  сауда, ойын-сауық және қоғамдық  орындардағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында қолға алынатын іс-шаралар талқыланды. Алдымен сөз алған БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Марат Сүгіров сауда үйлеріндегі ұрлық жөнінде баяндады. Оның сөзінше, БҚО ПД-ның облыстағы криминогендік жағдайға талдау жүргізген. Өткен он ай ішінде орын алған қылмыстардың 57 пайызы өзгенің мүлкін ұрлау екенін көрсеткен. Баяндамашы айтып өткендей, қоғамдық орындарда жасалған мұндай қылмыстарды ашуға көбінесе жеке кәсіпкерлік субъектілері нысандарында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегі тиюде. Мәселен, Алматы қаласынан келген қалта тонайтын А. деген азаматшаны бейнекамера «ұстап берген». Ол бірнеше күн ішінде Орал қаласында бес рет қалтаға «қол сұққан».  Бұл ұрлықшыны «Азия мол» сауда үйіндегі бақылау камерасы жедел ұстауға жәрдемдескен.  Бүгінде сауда үйлерінде жасалатын қылмыс саны 20,2 пайызға артып, 226 қылмыс тіркелген екен. Ал өткен жылы  осындай 188 қылмыс орын алған. Әсіресе, «Ситицентр» сауда ойын-сауық кешенінде – 57, «Адал» СҮ-де – 20, «Атриум» СҮ мен «Орал» сауда ойын-сауық кешенінде  – 10, «Әлем Плаза» СҮ-де тоғыз және «Московский» СҮ-де – алты және басқа да бірнеше сауда үйлерінде бес қылмыстан орын алған. Ұрылар көбінесе тұрғындардың ұялы телефондары мен материалдық құнды заттарын «нысанаға» алып келеді.

– Сондықтан да тұрғындар арасында қылмыстың алдын алу шараларын арттыру керек. Солардың бірі облыс басшысы тарапынан ұсынылған әдіс болып отыр. Бұл – сауда үйлеріне  облыста  тіркелген қылмыстардың жалпы санының статистикасы жазылған және қала тұрғындарын, қонақтарын сауда үйлеріне кіргенде сақ болуға үндейтін  ақпараттық тақта орнату, –  деді  Марат  Сүгіров.

Баяндамашының  сөзін қостаған БҚО ПД бастығының  бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев  та  өңірде  негізінен ұрлық пен тонау жиі орын алатынын айтты. Ал ұрлықтың белең алуына негізінен тұрғындардың  салғырттығы себеп болуда.  Мысалы, олар аутокөлігін өздеріне ыңғайлы деп терезе түбіне қояды. Ол жерде жарық жоқ  әрі аутокөлікте  дабылқаққыш  та  болмайды. Бұл ұрлық жасайтындарға таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.

Ал жергілікті полиция қызметі  басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әлібек Құсайынов ойын-сауық мекемелеріндегі құқықбұзушылықтарға тоқталды. Оның сөзінше,   айрықша криминогенді ойын-сауық мекемелерінің қатарында «Барвиха»  және «Сиберия» түнгі клубтары, «Карина» кафесі жатады. Сонымен қатар  «Достар», «Али» және «Махаббат» кафелерінде құқықбұзушылықтар жиі орын алады. Баяндамашы бизнес өкілдерінің  қоғамдық орындардағы тәртіп пен қауіпсіздікті басты назарда ұстау қажеттігін  тапсырды.

Жиын барысында кәсіпкерлерге сауда орындарына екі-үш камера орнату жөнінде ұсыныстар айтылды. Бизнес өкілдері де өз ойларын ортаға салып, мүмкіндіктерінше бейнекамераны кө-бейтуге атсалысатындарын айтты.

Ясипа РАБАЕВА,

 «Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар