26.11.2019, 16:10
Қараулар: 172
Облыс спортшылары 245 алтын медаль алды

Облыс спортшылары 245 алтын медаль алды

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі брифингі алаңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева хабарлады.

– Жергілікті университет мұғалімдер ғана дайындайды. Спорт түрлерінен жаттықтырушылар жеткіліксіз. Жеңіл атлетикадан бапкер жоқ. Шешілмей тұрған мәселенің бірі осы. Ақсай қаласында жаңа стадион салынды. Ондағы жүгіретін алаңға мамандар жақсы баға берді. Алматыда оқып жатқан түлектерді қызметке тарттық. Олардың келгісі жоқ. Мәселенің шешімін табу бағытында ізденіп жатырмыз. Бірқатар спорт федерациялары және жоғары оқу орындары басшылықтарымен сөйлесудеміз, – деді Әсия Рахимқызы.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс бойынша спорт ұйымдарында 569 жаттықтырушы бар.

Жалпы саны 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 12 490 жас спортшы шұғылданады. БЖСМларда 47 спорт түрі іске қосылған. Балғын спортшылардың тең жартысынан астамы ауылдық жерде. Сондықтан аталған басқарма спорт резервін дайындауда ауыл спортына көңіл бөлуде. Әсия Аманбаева жүйелі жүргізген жұмыс нәтижесінде спорттық разрядтардың берілуі артқанын айтты. Мысалы, Бөкей ордасы ауданы спортшыларына 2017 жылы 13 спорттық разряд беріліп, ең төмен нәтиже көрсеткен болса, былтыр 179 спорттық разряд беріліп, ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген.

Биыл өңірде спорттың 11 түрінен ел чемпионаты өтті. Мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында түрлі деңгейдегі жарыстар, бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс халқының 29,5%-ы немесе  193 270 адам дене шынықтырумен шұғылданады. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, спортқа құштарлар саны 0,3%-ға артқан. Басқарма есебінше, жыл соңына дейін спортпен шұғылданушылар 31%-ға дейін көбеймек. Биыл облыс бойынша 46 спорттық алаң ашылса, оның 13-і – street workout алаңдары. Орал қаласында 31 спорттық алаң күрделі жөнделген.

«ҚПО б.в.» компаниясымен келісімшартқа тұрған мердігерлер Жәнібек және Жаңақала аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын бастады. 2020-2021 жылдары Ақжайық, Тасқала,  Шыңғырлау, Қазталов аудандарының орталықтарында және Жалпақтал ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін са-лу жоспарланды. Сонымен қатар Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылына және Теректі ауданының Подстепный ауылына дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға байланысты ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң шешімі алынды. Бұл жобалар «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобалары тізбесіне енгізілді.

Қаңтар-қыркүйек айларында 137 836 адамның қатысуымен 3026 іс-шара өтті. Облыста спорттың 77 түрін дамыту қолға алынған. Оның 32-сі олимпиадалық спорт санатында. 31-і олимпиадалық емес, тоғызы – ұлттық спорт түрлері. Биыл ұлттық құрама сапына 433 спортшы енген. Олардың 350-і жазғы, 83-і қысқы спорт түрлерінен жарысқа қатысады. Биылғы жылдың он айында республикалық және халықаралық жарыстарға қатысқан облыс спортшылары барлығы 743, атап айтсақ, 245 алтын, 201 күміс, 297 қола медальға қол жеткізді.

– 2020 жылы Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы олимпиада ойындарына лицензия ұтып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда облысымызда олимпиада ойындарына бір жолдама алынды және тоғыз үміткер бар. Олар – байдарка және каноэ есу шеберлері Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев, академиялық есу спортының мық-тылары Евгений Тацей мен Даниил Савченко, садақ ататын мергендер Анастасия Баннова, Алина Ілиясова  және Әлихан Мұстафин. Олимпиада  ойындарының қола жүлдегері Екатерина Ларионова бағын сынағысы келеді. Жеңіл атлетіміз Полина Репинаның тағы да ел намысын қорғай алатын қауқары бар, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Бүгінге дейін ат спорты мектебі базасында тұрған есекке қатысты бірнеше мәрте мәселе көтеріліп, облыстық спорт басқармасына аз сын айтылмады. Басқарма басшысы «Есек дауына» қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, есектерді меценаттар сыйлаған.

– Бұған қатысты ақпарат біржақты берілумен келеді. Оралда ұлттық спорт түрлеріне баулитын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Жаңағы айтылған үш есектен басқа, басқарма қарауында 37 ат күтімге алынған. Есектерді меценаттар сыйлаған. Кейін есектер инвентаризациядан өтіп, жем-шөппен қамтамасыз етілген. Бапкерлер атқа мінуге сескенген балалардың еті үйренуі үшін есекке отырғызады. Ұлттық спорт түрлері, басқа аймақтарға қарағанда аса күшті дамуда дей алмаймын. Бірақ ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Біріншіден, жастар арасында аударыспақтан жерлесіміз Нармағамбет Иманғазыұлы алғаш рет Азия чемпионы атанды. Екіншіден, көкпар – өте қиын, күрделі, командалық  спорт түрі. Оған атты жақсылап баптау керек. Биыл Ақжайық ауданында ұйымдастырылған спорт фестивалі аясында өткен көкпар ойынына тұңғыш рет 11 аудан командасы қатысты. Бұл да жақсы көрсет-кіш. Шыны керек, легионерлер секілді басқа аймақтардан мықты көкпаршыларды облыстық құра-маға алып келіп, ойынға қосуға болады. Біз ол жолмен жүрмейміз. Есесіне жергілікті спортшылардың дайындығына көңіл бөлудеміз. Биыл ұлттық спорт түрлерінен жаңадан екі бапкер қызметке алынды. Ақтөбе қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен фес-ивальде облыс командасы жақсы қырынан көрінді. Қаңтар айында оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлаудамыз, – деді Әсия Аманбаева.

Айта кетейік, өңірімізде ұлттық спорттың алты түрін дамыту көзделген.  Оның ішінде бес спорт түрі ауыл-аймақта қолға алынған. Әсия Аманбаева аттармен бірге есектердің де есепте тұрғанын айтты. Қазан айында облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа спорт басқармасының есек бағып отырғаны туралы ақын Бауыржан Халиолла ашық айтып, наразылық білдірген болатын. Соған байланысты тексеріс жүргізуге кейін Үкімет тарапынан арнайы комиссия келген.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының биылғы бюджеті 3,352 миллиард теңге құраған. Басқарма басшысы аталған қаражат облыстағы спорт мекемелері мен клубтар жұмысын дамытуға бөлінгенін хабарлады.  «Жарыстарға қатысатын спортшылардың іссапар шығындарына жұмсалатын қаражат мөлшері алдын ала айқындалып отырады», – деді Әсия Аманбаева.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

 «Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар