26.11.2019, 16:04
Қараулар: 159
«Таң менен бесін арасындағы» тағылым

«Таң менен бесін арасындағы» тағылым

Өткен апта соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев танымал айтыс ақыны, журналист, Қазақстан Жазушылар және  Журналистер одағының  мүшесі Бауыржан Халиолланы қабылдады.

Өңір басшысы бүгінде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры қызметін атқарып жүрген Бауыржан Ергенұлының қырықтың қырқасына шыққан мерейлі жасымен құттықтады.

– Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Сіздің сөз өнеріндегі алатын орныңыз бен абырой-беделіңіз жоғары. Ақынның сөзі халық үшін, ел үшін әрдайым маңызды. Ақынға артылған жауапкершілік те зор. Елімізді өркендету – біздің ортақ мүддеміз. Сіздің еңбегіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілеймін, – деген облыс әкімі ақынға сый-сыяпат көрсетіп, құттықтаухат табыс  етті.

Өз кезегінде сөз алған Бауыржан Ергенұлы құрмет көрсеткен өңір басшысына  алғысын білдірді.

– 40 жас біреуге аз, біреуге көп болуы мүмкін. Өзім осы жасқа жеткенше талай айтыс-тартысты көрдім. Халық әлі де сенім артса, елдің сөзін сөйлеуге, сіздермен бірлесіп қызмет етуге  дайынмын, – деді ақын. Сонымен қатар ол облыс әкіміне өзінің кітабын тарту етті.

* * *

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері, халықаралық және республикалық айтыстардың жүлдегері, Сырым ауданының құрметті азаматы, ақын Бауыржан Халиолланың 40 жас мерейтойына орай ауданда өтетін мәдени шара қонақтарын Сырым шыққан төбедегі кесенеден аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қарсы алды.

Аудан аумағына табаны тиген қонақтардың ішінде облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов, Асанәлі Әшімов, Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев, Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақындар Мұхамеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Шалқарбай Ізбасаров, Жансая Мусина, Талғат  Мықи  болды.

Меймандар ақ пен бауырсақтан ауыз тиді. Жымпиты халық театры театрландырылған көрініс қойып, Сырым мен Қадырдың бейнесін сомдады. Шара қонақтары кесене алдында естелік суретке түсіп, мерейтой иесінің туған жері Қособаға жол тартты.

Қособаның қалың жұрты ауылдың мәдениет үйіне тайлы-тұяғы қалмай жиылыпты. Оған Бау-кеңнің туыстары, достары, шара қонақтары қосылып, мәдениет үйінде ине шаншар орын болмады. «Таң менен бесін арасы» деп аталатын шарада Бауыржан Халиолла туралы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Кездесуді Бауыржан Ергенұлының досы, ақын Ерікқали Ахметов жүргізді. Көптің қошеметімен кеш иесі сахнаға көтеріліп:

– Мен аузымнан тастамайтын, өзімнің мінезімдей айқыш-ұйқыш қырат-белі бар, жерұйық мекен Қособа осы. Алатау да, Қаратау да Қособадан биік емес. Америка да, Анталия да Қособадан сұлу емес. Адам осындай керемет жерде туу керек деп ойлаймын! – деп тебіренді Бауыржан ақын туған жерінде.

«Қыз Жібек»  фильмінде: «Мекенім – Қособа!» дейтін Бекежан – Асанәлі Әшімов те толқынысын жасырмады.

– Қособаны көп айтқаныммен, көрмеп едім. Бүгін көріп тұрмын. Менің аталарым бұрын осы жақтан кеткен. Елге, жерге бас иіп сәлем бердім, – деді Асанәлі ағамыз.

Айтыстың жанашыры, танымал ақын  Жүрсін  Ерман  ағамыз:

– Бауыржан Халиолла – менің ең жақсы көретін шәкіртім әрі  «бас ауруым». Бауыржанды өткір сөзі үшін, іскерлігі үшін, қайраткерлігі үшін, қаһармандығы үшін, бастысы, өлеңі үшін жақсы көремін, – деді. Ал танымал әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев  қара  домбырасымен  ән  шырқады.Ал кеш иесі Бауыржан Халиолла Асанәлі, Жүрсін, Алтынбектей ағаларына тұлпар мінгізіп, зерлі қамшыны сыйға тартты.

Мерейтойлық шаралар аудан орталығында жалғасты. Аудандық мәдениет үйі жанынан Жүрсін Ерман атындағы ақындар мектебі ашылды. Оның ашылу салтанатында ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырым ауданының құрметті азаматы Махмет Қажиахметов сөз сөйледі:

– Облыста айтыс өнерінің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Жаңыл Жұрмағамбетова, Нығмет Нағымов, Асқар Сұлтанов, Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Қатимолла Бердіғалиев, Мэлс Қосымбаев сынды ақындардың ізін жалғаған Бауыржан Халиолла да аз уақыттың ішінде айтыскер ақын ретінде танылды.

Осындай азамат туған жерде айтыс мектебі ашылып, оған айтыстың атасы, абызы Жүрсін Ерманның есімі берілуі елдің мерейін өсіреді, – деді ол.

Бауыржан Халиолланың кешінде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы мен «Сырым елі» аудандық газеті жариялаған жазушы, журналист Бақтығұл Ойшыбаевтың атындағы жас тілшілер байқауы және Жәрдем Тілеков атындағы жас ақындар байқауының жүлдегерлері марапатталды.

Жас тілшілер арасынан В. И. Шубин атындағы орта мектептің оқушысы Ділнәз Меңдігереева, жас ақындар арасынан Ж. Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің оқушысы Ақбота Ширмедин оза шауып, бәйге алды. Бас жүлдені жеңіп алған қос қыз баланы Асанәлі Әшімов пен Жүрсін Ерман марапаттап, бағалы  сыйлықтар  табыс  етті.

Сырымдағы мерейтойлық кеш аудандық мәдениет үйінде қорытындыланды. Кешті белгілі ақын, халықаралық, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Талант Арынғали жүргізді.

Кешке Жүрсін Ерманның телевизиялық айтысты қайта жандандырған кезінен басы-қасында жүрген Бауыржан Ергенұлының досы Құсайын Омаров, Алматы қалалық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай, дінтанушы Бауыржан Әлиұлы, Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қапешов, танымал заңгер Абзал Құспан, белгілі тележүргізуші Мәди Манатбек, ақын апаларымыз Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубаева, Қадыр Мырза Әли атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов және бір топ айтыскер ақындар қатысты.

Шарада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жыршы, Сыр сүлейлерінің сынығы Берік Жүсіпов, халықаралық, республикалық жыршы-термешілер байқауының лауреаты, жыршы, термеші Фархат Оразов, республикалық, халықаралық ән байқауларының лауреаты Қайрат Кәкімов өнер көрсетті. Ж. Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің оқушылары 40-тың қырқасына шыққан ақынның өлеңдерін оқыды.

– Кешті өткізудегі мақсатым – Асанәлі, Жүрсін, Алтынбек ағаларымыз бастаған аты әлемді мойындатқан, ат беріп, атанмен алдыра алмайтын белді азаматтарды елге әкеліп, өздеріңізбен жүздестіру еді, – деді Бауыржан Халиолла.

Ақын сөзінен кейін ұстаз тұтқан шәкірттері – айтыскерлер сахнаға шықты. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен сырымдық Бауыржан Ширмединұлы жұп болып, айтысқа сусап, асыға күткен халықты бір қиқулатып, думанға бөледі. Айтыс соңында Бауыржан Шалқарбайға шапанын жауып, ақын деген халықтың бір-біріне ыстық ықыласы қандай болатынын көрсетті. Атыраудан ат арылтып келген Шалқарбай Ізбасаров Бауыржан Халиоллаға бір топ атыраулық ақындар атынан шапан жауып, ат мінгізді. Содан кейін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен Түркістаннан келген Бекарыс Шойбеков те халыққа аға мен іні арасындағы зілсіз әзілі бар айтыс ұсынды.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сырымдықтар атынан келген қонақтарға алғысын білдірді. Содан соң аудан басшысы мерейгерге жерлестері атынан шапан жауып, тұлпар мінгізді.

* * *

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері, журналист,  ақын Бауыржан Халиолланың 40 жасқа толуына орай «Таң менен бесін арасы» атты шығармашылық кеш өтті.

Қос уыстай ғана Қособадан шығып, Алатауға барып ат жалын тартып, азамат болып, үлкен өмірге араласқан ақынды қамал алар жасымен құттықтап, алыстан ат арылтып келген қонақтар легі мол болды. Белгілі ақын, журналист, «Ана тілі» басылымының бас редакторы Жанарбек Әшімжан тізгінін қолға алған кеш барысында ақ тілектер ақтарылып, ән мен жыр құйылды.

Ақ Жайық төріне ақынның шашбауын көтеріп келген құрметті қонақтарға облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев «Қош келдіңіздер!» айтып, Бауыржан Ергенұлын облыс басшылығы атынан құттықтады.

Алаштың абыз ақсақалына айналған Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ кино және театр өнерінің тарланы Асанәлі Әшімов, – Басқаның тойы тойланбаса да, ақынның тойы тойлануы керек. Өйткені бір шумаққа ел мен жердің мұңын сыйғызатын жандар басқалардан бір саты жоғары.

Қазақтың ескі дәстүрі бойынша інісі ағасынан қалған киімді киген. Біз де әкеміз бен ағамыздың ескісін киіп өстік, –  деп өзінің киген шапанын кеш иесінің  иығына  жапты.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық айтыс ақындары  мен жыршы-термешілер одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын, журналист Жүрсін Ерман Бауыржан Халиолланың айтыс өнеріндегі орны мен жетістіктері жайында айтса, Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев әннен шашу шашты. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Құлкенов қалың қаламгердің ізгі тілегі мен ыстық сәлемін жеткізді. Ақынға ақ ниетін арнаушылар қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігіндегі баспасөз қызметінің басшысы Нұрбол Қапешов, Нұр-Сұлтан қалалық Жазушылар одағы филиалының басшысы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Шәпкенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, елордадағы орыс драма театрының директоры Айболат Сексентаев, Маңғыстаудың маңғаз ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанов, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші, жыршы Берік Жүсіп болды.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева Ақ Жайық жұрты атынан ізгі тілегін жолдап, аналық батасын арнады. «Бауыржанды «тентек ақын» дейді екен көпшілігі. Тентектік деген сөздің реті ғана. Шын мәнінде, ақынның бәрі еркіндікті аңсайды. Еркіндік аңсаған адамнан асаулық байқалатыны – табиғи заңдылық», –  деді.

Белгілі әнші-сазгер, бүгінде Бауыржан Ергенұлы басшылық ететін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының алғашқы директоры Донеділ Қажымов інісіне ағалық ақ тілегін арнап, Қадыр ақынның өз қолымен жазылған, бүгінге дейін ешкімнің қолы тимеген қолжазбасын сыйға тартты. Жігіттің үш жұртының бірі саналатын нағашы жұрты атынан Құсайын Бақтиярұлы кеш иесіне тұлпар мінгізді.

Бұл кеште Бауыржан Халиолланың азаматтық және ақындық тұлғасы, туған өлкесі мен мәдениет саласына қосқан үлесі жайлы ақтарыла айтылып, ақындығымен қатар сазгерлік қырын танытатын әсем әндер шырқалды.

Ясипа  РАБАЕВА,  Шынар  МОЛДАНИЯЗОВА,  Аяужан  КЕРЕЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар