26.11.2019, 15:31
Қараулар: 109
Орынсыз шектеу, шығынға батқан кәсіпкерлер

Орынсыз шектеу, шығынға батқан кәсіпкерлер

Оралдағы қағаз, картон қабылдайтын кәсіпорындар жабылудың аз-ақ алдында тұр. Тұрғындар мен мекеме-ұйымдардан жиналған мың тоннаға жуық макулатура аталған кәсіпорындардың ауласында тау болып үйіліп жатыр. Қағаз қалдықтарын отандық зауыттарға жеткізудің шығыны шаш етектен. Ал көршілес Ресей еліне шығаруға тыйым салынған.

Айта кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2019 жылғы 19 ақпандағы №89 «Қалпына келтірілген қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды, ірі қара малының өңделмеген терісін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, қалпына келтірілген қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды еліміздің аумағынан әкетуге 2 жыл мерзімге тыйым салу енгізілген болатын. Бұл ереже қағаз қалдықтарын шетел асырмай, отандық қағаз өңдеу зауыттарына жеткізуді мақсат еткені анық. Алайда жергілікті кәсіп иелерінің айтуынша,  егжей-тегжейі есептелмей һәм жан-жақты зерттелмей шығарылған бұйрық батысқазақстандық кәсіпкерлердің оң жамбасына келмей тұр.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Фариза Сұлташеваның айтуынша, біздің өңірде тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын 16 кәсіпорын болса, соның жетеуі макулатура алады екен. Қағаз қалдықтарын қабылдап, зауыттарға тасымалдайтын кәсіпорындардың қатарында «Куксов», «Борисов», «Глухов», «ВТС-Уральск», «Жайық Полимер», «Фостисс ХХІ» секілді жеке кәсіпкерлер бар. Ал «Үсенова» жеке кәсіпкерлігі ақ қағаз қалдықтарын қабылдап, өңдеп, одан түрлі майлықтар мен әжетхана қағаздарын шығарады.

– Қазақстанда қағаз өңдеумен айналысатын екі-ақ зауыт бар. Оның екеуі де Алматы қаласында орналасқан. Бірі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан қағаз зауыты» болса, екіншісі өткен жылы іске қосылған «Нұр қағаз» деп аталатын өндіріс орны. Осы отандық зауыттарға шикізат жетпей жатыр деген сылтаумен қағаз қалдықтарын шетелге шығаруға тыйым салынды. Бұл шектеуді шығармас бұрын өңірлердің ерекшеліктері ескерілуі керек еді. Мысалға, өңіріміз Ресейдің бес бірдей облысымен шекаралас орналасқан. Аталған бұйрық шықпастан бұрын біз жинаған шикізатымызды Самара, Қазан, Набережные Челны қалаларына опоңай шығарып, пайда тауып отырдық. Тіпті қайсысы жоғары баға берер екен деп таңдайтын едік. Қойылған шектеудің кесірінен кәсібіміз тұралап қалды. Өзіңіз ойлап көріңізші, еліміздегі ең ірі қағаз өңдеу орны саналатын «Қазақстан қағазы зауытына» айына тек 5000 тонна шикізат керек екен. Ал статистикалық деректер бойынша елімізде жылына 350-400 мың тонна қағаз қалдықтары жиналады екен. Жақында ғана сол зауытқа барып келдім. Бұрын шикізат жеткіліксіз деп дабыл қаққан кәсіпорын, енді өңірлерден келген макулатураны қабылдауға құлықсыз. Басты себеп – қажетті шикізаттың жетіп артылуы. Ал күні кеше іске қосылған екінші зауыттың қуаттылығы ауқымды. Бірақ ол күні бүгін толыққанды жұмысына кірісе қойған жоқ. Макулатураны бір жүк машинасына тиеп, Алматыға жеткізу үшін 400-500 мың теңге жұмсаймыз. Қыс мезгілінде жол шығыны тіптен қымбаттайды. Бұл біз үшін қып-қызыл шығын. Кезінде қағаз қалдықтарын Самара қаласына жеткізу үшін әрбір жүк көлігіне 70-80 мың теңге, алыстау облыстарға 100-150 мың теңге ғана төлеуші едік. Бүгінде кәсіпорынның Атырау мен Орал қалаларындағы бөлімшелерінде 700 тонна қағаз қалдықтары босқа тұр. Бұл шикізатты қабылдауға қанша қаржы жұмсадық? Атқарылған еңбектің де, кеткен қаржының да пайдасын көре алмай отырмыз. Дегенмен, тұрғындардан макулатураны әлі де қабылдаудамыз. Қалдықты жинайтын орындарымыз да тола келді. Бұлай жалғаса берсе, қабылдауды тоқтататын шығармыз. Қағаздан өзге қалдықтарды тапсырып, аз да болса кіріс кіргізіп, сол арқылы салық пен жұмысшылардың еңбекақысын төлеп отырмыз, – дейді «Жайық Полимер» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жеңіс Қошанов.

«Жайық Полимер» жеке кәсіп-керлігі бұл кәсіппен он жылдан астам уақыт шұғылданып келеді. Алғашында «Кушанов» ЖК болып құрылған шағын мекеме кейін қызмет көрсету ауқымын кеңей-тіп, атауын өзгерткен. Бүгінде бұл кәсіпорын тұрмыстық қалдықтардың барлық түрін қабылдайды. Орал қаласының бірқатар шағын аудандарында кәсіпорынның қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Атап айтқанда, картон, полиэтилен қалдықтары, пластикалық ыдыстар, көлік майынан босаған канистрлер, пластмасса тұрбаларының қалдықтары, жеміс-жидек жәшіктерін алады. Жеке кәсіпкер алдағы жылы сынған шыны ыдыстарды да қабылдауды жоспарлап қойыпты.

Облыс орталығындағы «Алтын алма» базарында орналасқан макулатура қабылдайтын «Куксов» жеке кәсіпкерлігінің де жұмысы маңдымай тұр. Бұл бағытпен он жылдан астам уақыттан бері шұғылданатын кәсіпорында да 200 тонна қағаз қалдығы үюлі тұр. Кәсіпорын қағаз қалдықтары мен картондарды қала тұрғындарынан және көтерме сауда орындарынан  қабылдайды  екен.

– Шикізатты Ресейге шығаруға тыйым салынғалы бері кәсібіміз тұралап қалды. Жаз айларында әупірімдеп арзандау бағаға жүк көлігін тауып, Алматыға тасымалдағанбыз. Қыс мезгілінде жалда-натын көлік бағасы шарықтап кетеді. Бұрын Самара қаласына апарып жүргенде макулатураның әр келісін 20 теңгеден қабылдаушы едік. Қазір бағаны 12 теңгеге түсірдік. Олай етпеске амал болмады. Тасымалдау шығыны өте қымбат. Жинаған макулатурамыз ашық алаңда, күннің көзі мен жауын-шашынның астында тұрып, сапасын жоғалтуда, – дейді «Куксов» жеке кәсіпкерлігінің цех басшысы  Алексей  Рыбцов.

Қалдық қабылдайтын «Борисов» жеке кәсіпкерлігінде де 120 тоннадай картон, қағаз жинаулы тұр.

– Қайда жіберетінімізді білмейміз. Алматы алыс. Басқа жерде өңдейтін орын жоқ. Тыйым салғаннан кейін, қалдық тапсырудан қиындық болмайды деп 20 шақты мекеменің телефонын берген еді. Бәрі де делдалдар болып шықты. Бұрын макулатураның келісін 20 теңгеден алдық. Енді 10 теңгеге  түсті. Ол бағаға ешкім әкелгісі келмейді, – дейді кәсіпорын басшысы  Дмитрий  Борисов.

Облыс әкімдігі орын алған түйткілді шешу мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне батыс өңірлер үшін шектеуді алып тастауды сұрап, хат жолдапты. Күні бүгін белгілісі, кәсіпкерлердің шағымына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Олар қағаз қалдықтарына қатысты батыста қалыптасқан жағдайды  зерттеп-зерделемек.

– Күні бүгін облыс бойынша 208 қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру орны бар. Оның екеуі Орал және Ақсай қалаларында болса, қалғандары өңірдің ауданауылдарында орналасқан. Аталған полигондарда күні бүгінге дейін 6,3 миллион тонна қалдық жиналған деп болжануда. Себебі күні кешеге дейін елімізде қалдықтарды сұрыптап, өңдеп, кәдеге жарату қолға алынбаған болатын. Аудан-ауылдардағы қүл-қоқыс орындарында орналасқан қалдықтардың басым бөлігі мал шаруашылығынан шыққан көңқоқыстар болып табылады. Олардан келер қауіп жоқ. Себебі, органикалық қалдықтар уақыты келгенде шіріп, өз қасиетін жоғалтып, қара топыраққа айналады. Бірақ көң қоқыстың арасында да целлофан, пластикалық ыдыстар мен әйнектер секілді қатты тұрмыстық қалдықтар көптеп кездесетіндіктен, оларды да есепке алуымызға тура келіп отыр. Өңірдегі қатты тұрмыстық қалдықтардың дені Орал және Ақсай қалалары маңындағы орындарға тиесілі. Еліміздегі «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесін 40%-ға, 2050 жылы 50%-ға жеткізу міндеті қойылған болатын. Осы мақсатта қалдықтарды сұрыптау, оларды өңдеп, кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар мықтап қолға алынуда. Осыдан екі жыл бұрын Орал қаласындағы полигон «ICM Recycling Creen Service Company» компания сына сенімгерлік басқаруға берілді. Аталған кәсіпорын өз қаражаттарына арнайы орнын салып, сұрыптау желісін іске қосқан болатын. Биылғы жылдың ақпан айында іске қосылған жүйе қаладан шыққан қалдықтардың 30%ын сұрыптауға қауқарлы. Шетелдік компания қолдарынан келгенше тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жұмыстарын жүргізуде. Сұрыпталған қатты тұрмыстық қалдықтар әзірге өзге қалалардағы өңдеу орындарына жөнелтілуде. Кәсіпорын болашақта қалдықтарды тек сұрыптап қана қоймай, кәдеге жарататын кешен салуды жоспарлап отыр. Бірақ аталған кәсіпорындарда барлық жағдай жасалғанымен, жұмыс істеуге жерлестеріміз құлықсыздық танытуда. 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге шектеу қойылды. Қалдықтар қабылдайтын орындар ашылғалы бері халық макулатураны жинап, кәсіпорындарға тапсырып, пайда табуға әжептәуір бейімделіп қалған болатын. Қағаз, картонды Ресейге шығаруға салынған тыйым кәсіпкерлерге қолбайлау болып тұр. Осы бағытпен шұғылданатын компаниялардың қоймалары толып қалды. Бұлай жалғаса берсе, олар макулатура қабылдауды тоқтатады. Бұл жағдай өңір экологиясына кері әсерін тигізері анық, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Фариза  Сұлташева.

Аталған басқарма кеңселердегі қағаз қалдықтарын кәдеге жарату мақсатында бірқатар мекеме-кәсіпорындарға 400-ден астам экобокс қойған. Қағаз салуға арналған жәшіктер толған жағдайда, жоғарыда айтылған «Үсенова» жеке кәсіпкерлігі арнайы көлікпен келіп, жинап кетеді. Мұнда жылына 10 тоннадай макулатура қайта өңделеді. Бірақ негізінен таза,  ақ  қағаздар  қабылданады.

– Біз түрлі сулықтар мен әжетхана қағазын шығарамыз. Ал картон қағаздарды өңдеу үшін арнайы құрылғы керек. Оның бағасы бір миллион доллардай тұратындықтан сатып алуға шамамыз жетпейді. Әрине, макулатураны шетелге шығаруға тыйым салынғалы шикізат көбейді. Соның арқасында өнім көлемі де артты. Бірақ мына қалдықтар мен картондарды да тиісті жеріне жеткізу керек деп ойлаймын. Макулатураны шетелге шығаруға салынған тыйым күшін жоймаса, оны қабылдаушы мекемелер тірлігін тоқтатуы ғажап емес, – дейді кәсіп иесі.

Тығырықтан шығар тағы бір жол – қағаз қалдықтарын өңірде өңдеу. Мамандардың айтуынша, қағаз өңдеу зауытын салуға ниетті кәсіпкерлер де бар. Алайда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу тұщы суды көп қажет етеді екен.

Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл түйткілдің төңірегінде тиісінше басқосулар мен жиналыстар өткізілген. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорын иелерінің басты талабы – қойылған шектеуге кейбір өңірлер үшін ішінара өзгертулер енгізсе немесе арнайы квота бөлінсе дейді. Олар Алматыдағы зауытқа қажетті шикізатты жеткізіп, артылғанын көршілес елге өткізер едік деп отыр.

Ең сорақысы, аталған кәсіпорындар қағаз қалдықтарын қабылдауды тоқтатса, елді мекендер мен қалалардың санитарлық жағдайы нашарлайтыны  ащы да болса шындық. Сондықтан қоршаған ортаны қағаз қалдықтары жайламасын десек, құзырлы құрылымдар бұл түйткілдің түйінін шешуге тезірек кірісу керек…

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар