25.11.2019, 21:31
Қараулар: 103
«ХҚКО ғимараттары стандартқа сай келмейді»

«ХҚКО ғимараттары стандартқа сай келмейді»

Облыстық мәслихатта өңірлік қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Аталған басқосудың күн тәртібінде ұйымдастыру мәселелерімен қатар бірқатар қордаланған түйткілдер талқыға салынды.

Кеңес отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау бағыты бойынша атқарылған жұмысы турасында баяндама жасалды.

Аталмыш департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаевтың мәлімдеуінше, облыста жыл басынан бері 372 қызмет түрі бойынша 3 484 814 мемлекеттік қызмет ұсынылған. Ол қызметтердің 68%-ы электронды түрде, 17%-ы қағаз түрінде, қалғаны ХҚКО арқылы көрсетілген. Департаменттің бастамасымен адамдар көп шоғырланатын мекемелерде («Орал таза сервис» ЖШС, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалы) өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары, Орал қаласының барлық университетінде студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылған.

Электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтер үлесі 68%-ды құрап (2 244 675), өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 23,5%-ға өскен. Биылғы жылдың қыркүйек айында департаменттің бастамасымен БҚО білім  басқармасы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» БҚО бойынша филиалының басшылары «Электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға үйрету бойынша ынтымақтастық және өзара іс-әрекет жөніндегі үш жақты меморандумға қол қойған. Сонымен қатар биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша департамент мемлекеттік қызметтер туралы заңнама талаптарының сақталуына 28 тексеріс жүргізіп, 197 бұзушылық дерегін анықтаған. Олардың 64%-ы жер қатынастарында, 18%-ы білім саласында орын алған. Бұл олқылықтарды жою және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы 20 ұйғарым енгізіліп, 10 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ жыл басынан бері департамент ӘҚБтК-ның 465-бабы бойынша тоғыз әкімшілік хаттама толтырып, төрт лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 227 250 теңге айыппұл салыныпты.

– Қызмет алушылардың көп шоғырланған жерлерінің бірі халыққа қызмет көрсету орталықтары болып табылады. Осы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Орал қаласындағы бөлімдерінің мемлекеттік қызмет көрсетудегі мәселелеріне аса назар аудару қажет. Ұзын-сонар кезек, қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндіктерінің жоқтығы тұрғындар арасында түрлі мәселе туғызады. Әсіресе, аптаның алғашқы күндерінде орталықтардағы қызмет алушылардың саны көбейіп кетуі байқалады. Кезек туындауына әкеп соғатын себептердің бірден-бірі – орталықтардың орналасқан ғимараттарының көлемі стандарттарға сәйкес келмеуі. Мысалы, Орал қаласының №1 бөлімі алып отырған бөлмелердің көлемі 1451,1  шаршы метрді құрайды, оның ішінде 310,1 шаршы метрі әділет департаментіне  қарасты. Ғимараттағы техникалық бөлмелерді есепке алғанда негізгі бөлімнің алып отырған орнын кеңейту қажеттілігі бар. Себебі жоғарыда айтқандай, қызмет алушылардың саны жыл санап өсіп келеді. Биылғы тоғыз айда аталған орталық 500 872 қызмет көрсетіп, өзіне-өзі қызмет көрсету секторына 260 337 қызмет алушы жүгінді. Ай сайын келушілерден ғимарат ішіндегі ауаның жоқтығына, бөлмелердің тарлығына қатысты бірнеше шағым түседі. Филиалдың барлық фронт-офистегі орындарын бірінші қабатқа орналастыруға мүмкіндік болмай тұр. Аталған орталықтың көлемі нормативтен екі еседен аса кіші ғимаратта отыруы тиісті деңгейде сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік бермейтіндігі анық. Мәселенің шешімі ғимараттың көлемін кеңейту немесе жаңа халыққа қызмет көрсету орталығын ашуды қарастыру қажет, – деді Ғалым Сұлтанұлы.

Сондай-ақ кеңес отырысында сөз алған БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов облыстық мәслихаттың «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу турасында баяндады.

Спикер келтірген деректерге сүйенсек, кейбір салалар мен өңірде басталған жобаларды аяқтауға 1,4 млрд. теңге қаражат жұмсалады деп жоспарлануда.  Олардың қатарында Орал қаласында дарынды балаларға арналған интернаты бар спорт кешені ғимаратының құрылысын аяқтауға 176,4 млн. теңге, сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде облысқа ангиографиялық қондырғы мен компьютерлік томографты лизингке алу үшін 124,9 млн. теңге  бағыттау жоспарлануда.

Бұдан басқа  ауыл шаруашылығы саласына 266,8 млн. теңге қарастырылуы тиіс. Аталған қаражаттың 140,5 млн. теңге шамасындағы сомасы аудандардағы эпизоотияға қарсы іс-шараларға, Бөрлі ауданындағы бөгеттердің күрделі жөндеуін аяқтауға және Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық округіндегі Жәнібек суландыру каналдарының қайта құруын аяқтауға  111 млн. теңге трансферт есебінде бағытталады деп жоспарланған.

Кеңесте алдағы қыс мезгілінде аутомобиль жолдарындағы көлік-тердің қауіпсіз және кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету жайы да талқыланды.

БҚО жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Айтмағамбетовтің мәлімдеуінше, 1 724 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдарды қысқы уақытта күтіп ұстау жұмыстарын 10 мердігер компания  жүргізбек.

– Аталған кәсіпорындардың иелігінде 83 бірлік қар тазалау техникасы бар. Сонымен қатар қосымша күш қажет болған жағдайда, «Uniserv» ЖШС тоғыз бірлік, «АБС» ЖШС жеті бірлік, «Ануш Құрылыс» ЖШС бес бірлік арнайы техника шығаратын болады. Қыс мезгілінде жолдарда орын алатын көктайғақты жоюға арналған 1670 тонна материал алынып, 120 тонна дизельдік отын дайындалды, – деді Бауыржан Есқайырұлы.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар