25.11.2019, 21:21
Қараулар: 130
«Ауыл шаруашылығынсыз өмірді елестету қиын»

«Ауыл шаруашылығынсыз өмірді елестету қиын»

Ауыл  шаруашылығы,  тамақ  және  өңдеу  өнеркәсібі  қызметкерлері күніне  арналған  мерекелік  жиын  Оралдағы  Жәңгір  хан атындағы аграрлық-техникалық  университеттің  базасында өтті.  Басқосуға  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  қатысып,  сала  мамандарын  және  ардагерлерді  кәсіби  мерекемен  құттықтады.

Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктердің, асыл тұқымды мал мен техниканың, облыстың қайта өңдеу кәсіпорындары өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер жергілікті шаруалардың қолындағы 30 шақты озық технологияның жайын, 12 шаруашылықтың асыл тұқымды ірі қара, жылқы, қой малының күйін көрді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың өнімдері көпшілікке дәм татуға ұсынылды. Олардың ішінде сапалы өнімдерімен танылған «Жайық Ет», «Береке», «Белес», «Каверина С.В.», «Кублей», «Золотой улей» сықылды өңдеушілер бар. «Колбасы Приуралья» ЖШС екі жылдан бері өңір нарығына жоғары сапалы шұжық өнімдерін ұсынуда. Бәйтеректік «Сары бел», оралдық «Высший сорт» ЖШС-лардың және өзге де кәсіпкерлік нысандарының тамақ өнімдері түрлерінің дәмін татқан келушілер қайдан сатып алуға болатынын сұрап жатты.

Салтанатты шарада облыстағы ауыл шаруашылығы саласының даму жетістіктерін баяндайтын бейнефильм көрсетілді. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі және көрсетілген қызметтер 140 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі 3,5% болды. Осы көрсеткіш бойынша БҚО республикада Жамбыл облысынан кейін 2-орында. Тек биылғы 10 айдың қорытындысында саладағы негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 7,2 млрд. теңгеге жетті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында осы саладағы еңбек өнімділігі 331,8 мың  теңгені  құрап,  5,6% -ға  өсті.

Мал шаруашылығы өнімінің өндірісі тұрақты өсуде. Он айдың  қорытындысында тірі салмақта 73,3 мың тонна мал мен құс еті, 214,5 мың тонна сүт, жұмыртқа 154,6 млн. дана өндірілді. Бүгінде мал шаруашылығы саласындағы басты міндеттердің  бірі – ет экспортын арттыру. Биылғы 15 қарашадағы жағдай бойынша «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы бойынша облыста 3665 тонна сиыр еті мен ет өнімдері және 1263 тонна қой еті экспортталды, жылдық жоспар сәйкесінше 122,1%-ға және 157,9%-ға мерзімінен бұрын орындалды. Осы көрсеткіштер бойынша облыс республикадағы ірі қара мал етінің экспорты көлемі бойынша Түркістан облысынан кейін 2-орында, қой етін экспорттау көлемі жағынан 1-орында. Ал егін шаруашылығына келсек, биыл барлық дақыл бойынша егіс көлемі 516,3 мың гектарды құрады. Орташа өнімділік әр гектарынан 10,3 центнерден болып, 249 мың тонна дәнді дақылдар жиналды, бұл өткен жылғыдан 45,3%-ға артық. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарының жалпы өнімі 151,3 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3%-ға көп.

Майлы дақылдардың орташа өнімі әр гектардан 10,6 центнерді құрап, 84 мың тонна алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда  екі  есе  жоғары.

Соңғы үш жылда бюджеттен және қаржы институттарынан несие ресурстарын беру үшін ауыл шаруашылығы саласын қолдауға мемлекеттен 55 миллиард теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны 63%-ға артып, бүгінде 8265 ауыл шаруашылығы кәсіпорнында 68 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

– Бүгінгі мереке «Ас – адамның арқауы» деген қазақтың әдемі мақалын есімізге түсіреді. Күнделікті тірлікте қарапайым мәселелерді байқай бермейміз. Мысалға, дастарқанымыз нанға, асқа толса, қуанамыз. Ал сол нан қандай маңдай термен үстелімізге келді деген сұрақ көпшіліктің ойына келе бермейді. Осы ретте ауыл шаруашылығы қызметкерлері еңбегін атап өткеніміз жөн. Әсіресе, мол өнім алу үшін аптап ыстықта күнге күйіп жұмыс жасайтын жерлестеріміздің еңбегі еселі. Қандай заман тумасын, ауыл шаруашылығынсыз өмірді елестету қиын. Бүгінде Үкі-мет тарапынан агроөнеркәсіп кешені саласына баса назар аударып, саланы қолдау мақсатында жаңа бағдарламалар жасалуда. Ауыл шаруашылығында  адами ресурстардың деңгейі өсіп, жаңа технологиялар өндіріске белсенді түрде енгізіліп келеді. Облыста атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді жаңа көрсетілген бейнефильмнен көрдіңіздер. Осы жерде өңір тұрғындарының әл-ауқатының өсуі мен облыстың экономикасының дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен ардагерлерінің есімдерін атап өткенді жөн деп санаймын.  Осы залда өңірдің ауыл шаруашылығы саласына сөзбен емес, іспен үлес қосқан нағыз еңбек адамдарын көріп отырмын. Атакәсібіміз мәнін жоғалтпай, барлық қыр-сырымен бізге жетуі осы адамдардың арқасы деп түсіну қажет, – деген Ғали Есқалиев кәсіби мереке иелерін  құттықтап, марапат табыс етті.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Бөкей ордасы ауданындағы «Нұрбек» шаруа қожалығының жетекшісі Мақсот Ражманов марапатталды. Ол 2004 жылы шаруашылығын құрып, бастапқы 20-30 ірі қараны өз төлінен өсіріп, 450 басқа жеткізген. Ауылда өтетін мерекелік, қайырымдылық акцияларына атсалысып отырады. Сырымдық «Құспанкөл» шаруа қожалығының басшысы Ғайнолла Сүлейменов те министрліктің марапатын алды. Шаруашылық егін және мал өсірумен айналысады. Қазіргі уақытта шаруа қожалығының меншігінде 94 ірі қара малы, 75 қой, 18 жылқы бар. Тағы бір марапат иесі Жәнібек ауданындағы ауыл шаруашылығы  ардагерлері кеңесінің мүшесі Нұрман Түменов ұзақ жыл бойы жер қатынастары саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Бәйтерек ауданындағы «Асан-Аул» ЖШС-ның бригадирі, шынжыр табанды, басқа да дөңгелекті тракторларды айдап, орақ науқанында комбайнның да штурвалына иелік ететін Әбелжан Хасанов та төсіне медаль тақты. Соңғы он жылдай  зейнетте болса да, әлі күнге дейін өзіне жүктелген бригадир міндетіне қоса, шөп жинау науқанына қатысады.

ҚР АШМ-ның «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен қазталовтық «Қайнар» ШҚ-ның жетекшісі Махамбет Бермағамбетов,  теректілік  «Шалқар» ШҚ-ның басшысы Роберт Ирменов, Ақжайық ауданындағы «Нығмет» шаруа қожалығының басшысы Зайдок Өтеғалиев, Бөкей ордасы ауданындағы «М. Боранбаев» шаруа қожалығының жетекшісі  Теңізбай Боранбаев,  бәйтеректік «Мар-Эль» шаруа қожалығының басшысы Марат Асанов, Жәнібек аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Еділхан Жүкеев, «Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің ұсынуымен бөкейордалық «Заман» шаруа қожалығының басшысы Сағындық Сәрсенов, оралдық  ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесінің мүшелері Роберт Сүйербаев,  Ермек Усиев  марапатталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын бәйтеректік «Дүйсен» шаруа қожалығының жетекшісі Тілек Залмұқанов, ақжайықтық «Балауса» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Жұмашев, жаңақалалық шаруагер Жұмагерей Базекешов,

Бөрлі ауданындағы «Мырзағалиев Е.С.» шаруа қожалығының жетекшісі Едіге Мырзағалиев, теректілік «Жайна» ЖШС-ның директоры Нұрлан Нұрбаев алды.

Сонымен қатар мұндай марапатқа қаратөбелік «Жолбарыс» ШҚ-ның басшысы Батырбек Жұмағалиев, Бәйтерек ауданындағы «Асан-Аул» ЖШС-ның көлік жүргізушісі Ақылбек Төлегенов, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары  Асқар Әбуғалиев,  «Каверина» ЖК-ның өкілі Светлана Каверина,  Бөкей ордасы ауданындағы Ұялы ауылдық  округі әкімі Бақытжан Оразғұлов, Жаңақала аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Марат Нұрғалиев,  «Асан-Аул» ЖШС-ның комбайнері Болат Биғалиев ие болды.

Облыс әкімінің алғысхатымен түрлі аталым бойынша бір топ еңбеккер марапатталды. Олардың ішінде он жылдан астам уақыт бойы жеке тұрғындардың малын бағып келе жатқан шыңғырлаулық Есқайыр Мұхамбетқалиев «Үздік бақташы» аталымын иеленді. «Ернұр Ж» шаруа қожалығының жылқышысы Ақылбек Сариев 1113 бас асыл тұқымды жабы жылқысын бағуда. 2018 жылы 100 биеден 90  құлын алған ол «Үздік жылқышы» атанды. БҚАТУ-дың бас агрономы Нұрберген Ақкереев  –  «Үздік агроном»,  «Нұрлы Жол Қазақстан» ЖШС механизаторы Михаил Сарапулов –  «Үздік механизатор», Ақжайық аудандық ветеринариялық станциясының Ақсуат ауылдық округінің телім меңгерушісі Гүлбаршын Досымова – «Үздік ветеринар», «Достық» шаруа қожалығының комбайншысы Сергей Коннов –  «Үздік комбайншы», «Әлем» ШҚ-ның зоотехник-селекционері Айман Филатова – «Үздік зоотехник», «С. И. Исаев атындағы халықаралық тәжірибелік коллекциялық тәлімбақ» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Қайрат Кәрімов – «Үздік бағбан», «Нарын-Прогресс» ЖШС директоры Саян Баетов – «Цифрландыру әдісін үздік меңгерген үздік шаруашылық», «Мясная индустрия» ЖШС-ның басшысы  Қайыржан Наурызғалиев және «Болашақ» ШҚ-ның басшысы Нұртай Жұмашев –  «Ауыл шаруашылығы саласының үздік инвесторы», облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Дияр Сұлтанғалиев  «Жер қатынастары саласының үздігі» аталымдарын иеленді.

Жиында елорданың туған күнін мерекелеу аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыруға атсалысқан кәсіпорын басшылары Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың ішінде Темірғали Ескендіров («Жайық-Ет» ЖШС),  Эдуард Федорченко («Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ),  Рустам Ахметов («Нұржанар» ЖШС), Мұрат Жәкібаев («Белес Агро» ЖШС), Жасұлан Әсетов («KazKon» КФ), Әлібек Сартаев («Сартаев» ЖК), Сергей Каверин («Каверина» ЖК) бар. Сондай-ақ  облыстың ауыл шаруашылығы саласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Ізтілеуов кәсіп иелерін мерекемен құттықтап, бірқатар азаматқа «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісі мен куәлігін Есентай Жамансариевке, Рафаэль Каймулдиновке, Ерболат Байрамовқа табыс  етті.

Мерекелік салтанатты кеш соңы Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония артистерінің арнайы дайындаған концерттік  бағдарламасына  ұласты.

Денис  КИРИЛЛОВ,

Орал  қаласындағы  «Высший  сорт»  ЖШС-ның  жетекшісі:

–  Бұрын Ресейде ет комбинатында жұмыс істедім. Қазіргі уақытта Қазақстан-Ресей біріккен кәсіпорнын құрып, мал етін өңдеумен айналысудамыз. Өңір нарығына өнімдерімізді шығаруды екі ай бұрын бастадық. Әзірге шұжық өнімдерінің 10 шақты түрі «Высший сорт» тауар белгісімен тұтынушыларға ұсынылуда. Өнімдеріміздің барлығы «ҚМДБ халал» сертификатына  ие. Қазір комбинат тәулігіне 5 тонна ет өңдейді. Қазақстан бойынша БҚО-ның мал еті дәмі, сапасы жағынан жақсы бағаланады. Сондықтан осы өңірдегі шаруашылықтардан малды тірі салмақта сатып аламыз.  Қазақстанда өнімді өткізу орындары жеткілікті, салыққа келсек, Ресейде қосымша құн салығы 20%,  ал мында 12%, сондықтан  кәсіпкерлікпен айналысу жеңілдеу. Облыста ет өңдеуші ірі, шағын кәсіпорындар баршылық. Олардың арасынан орын алу қиынға соғады. Бірақ біз қиындықтан қорықпаймыз. Жергілікті нарықтан өнімнің жоғары сапасы арқасында  өз  орнымызды  ойып  алмақпыз.

Тойдық  ШАПАНОВА,

Сырым ауданындағы «Жайлау» шаруа қожалығының өкілі:

– Жұбайым Отарғали Досжанов бұл қожалықты 2012 жылы құрды. Бүгінде аппаратпен 20 бие сауамыз. Жазда 100 литрдей, қазіргі уақытта 50 литрдей қымыз сауылады. Бал татыған қымызды қаладағы «Әнуар», «Алтындар» супермаркеттеріне, 20 шақты шағын дүкендерге саттыққа шығарамыз. Литрі бір мың теңгеден, өтімі жақсы. Саумалды тұтынушыларға үйден ұсынамыз. Биелер мамыр айынан бастап ақпанға дейін сауылады.

Асхат ҚҰЛАҚОВ,

Бәйтерек ауданындағы «Сары бел» ЖШС-ның директоры:

– 2015 жылы серіктестік құрылып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі арқылы 8 млн. теңге несие алынды. Сол қаржыға қажетті жабдықтарды сатып алдық. Содан бері Чеботарев ауылында «Даринка» шағын сүт зауытында сүт өнімдерін шығарудамыз. Шикізатты  ауыл тұрғындарынан сатып алудамыз. Айран, май, қаймақ, ірімшік түрлері, қайнатылған құрт  және басқасы тұтынушылардың сұранысына ие. Өнімдерімізді Орал мен Атырау қалаларына, Ресейдің Са-мара қаласына шығарудамыз. Тәулігіне 2 тонна сүт өңдейміз. Қыста шикізаттан тапшылық болғанымен, жазға салым арқамыз кеңиді. Кәсіпорында бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша  он  шақты  адамға  жұмыс  береміз.

Алмагүл  ҚАМИЕВА,

«Ғылым-білім компаниясы» ЖШС-ның  жетекшісі:

– «Ғасыр Аспан Сервис» ЖШС-мен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Яғни батысқазақстандық өндірісшілердің консорциумының тапсырыстары бойынша ұшқышсыз ұшақ аппаратының БАК-МТ-601-М шағын роторлық түрінің бағдарламаларын жасаймыз, техникалық жағынан түсіндіреміз, мамандарды оқытамыз. Мұндай аппаратты мұнайгаз саласында көлік жүйесін, апатты учаскелердегі жұмыстарды бақылауға, агроөнеркәсіп кешенінде егістік алқабының жай-күйіне сараптама жасауға, ортофотожоспар жасауға, егістік аумағын есептеу жұмыстарына «пайдаланады». Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде залал келген аумақтың көлемін анықтау, арнайы техниканың жүрісін бағдарлау, қауіпті учаскелерді көрсету үшін де қолданылады. Экологиялық қызметте, сонымен қатар жеке шаруашылықтарда өздерінің жұмыстарына көмекші ретінде алуларына  болады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар