25.11.2019, 21:07
Қараулар: 103
Тілемісовтің турнирі

Тілемісовтің турнирі

Жуырда Орал шаһарында Халықаралық самбо күніне арналған Орал қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Тұрарбек Тілемісовтің жүлдесі үшін самбодан облыстық ашық турнир өтті.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған турнирге облыс орталығындағы спорт мектептері мен аудандардан 330 балғын білек балуан қатысты.

– Бүгінгі ашық турнир өздерің секілді жас өрендердің салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа баулу, сол арқылы көзі ашық, көкірегі ояу, еліміздің намысты азаматтарын тәрбиелеу бағытында өткізіліп отыр. Ақ Жайық атырабы өз батырларын мақтан етеді. Бәсі биік додаларда топ жарып, елдің мерейін асқақтатқан алдыңғы толқын ағалардың іздерін жалғаушысы сіздерсіздер. Ата-бабаларымыз «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым дейді» деп текке айтпаған. Бүгінгі спорт мерекесінің өтуіне ұйытқы болған Орал қалалық мәслихатының депутаты, өңіріміздің патриоты Тұрарбек Тілемісұлына барша оралдықтардың атынан алғыс айтамын. Бозкілемге шығатын барша жасөспірім балуандарға сәттілік тілеймін, – деді жарыстың ашылу салтанатында сөйлеген Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Жасөспірім самбошылар бозкілімге шығып, бақ сынаған дода өте тартысты өтті. 2006-2007 жылы туған палуандардың арасынан Имран Қапашев, Мәди Екпінов, Бекнұр Сәлімгерей, Батыр Ғалиев, Ернат Исанов, Қайсар Самиғолла, Нұрғали Жамалов, Алдияр Сайын есімді жас спортшылардың бағы жанып, жеңіс тұғырынан көрінді. 2004-2005 жылғылардың арасында өткен бәсекеде Асылхан Төреғалиев, Әділет Бұрхан, Нұрдәулет Кулов, Ерасыл Жүсіпқалиев, Дарын Идеят, Расул Жолдасов, Диас Қуанышкереев және Әли Ізбасаров бірінші орынға ие болды.

Әр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз-жүлдегерлер мен аталым иелеріне жарысты ұйымдастырушының атынан спорттық киімдер мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Тұрарбек  ТІЛЕМІСОВ,

Орал қалалық  мәслихатының  депутаты:

–  Өзім Жалпақталда туып-өсіп, бала кезімнен спортпен шұғылдандым. Соның арқасында еңбекке, тәртіпке үйрендік.  Жасөспірімдердің спортпен айналысып, салауатты өмір сүруге дағдыланғаны дұрыс деп санаймын. Уақытын компьютер мен смартфонға телміруге жұмсағанша, осындай жарыстарға қатысса екен деймін.

Біздің өңірден шыққан спорт саңлақтарына өте ризамын. Бұл жарысты дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бірлес  ЕСЕНҒАЛИЕВ,

самбодан  жастар мен  жасөспірімдер  арасындағы аға  жаттықтырушы:

– Бүгінгі ұйымдастырылған турнир жоғары дәрежеде өтті. Бірқатар аудандар мен қаладағы спорт мектептерінде жаттығатын самбошылар додаға жақсы дайындықпен келген. Мұндай жарыстарда балалар шыңдалып, бұдан да бәсі биік сайыстарға жолдама алады. Жас палуандар мен батысқазақстандық спортшылар атынан Тұрарбек Тілемісовке алғыс  айтамын.

Азат  ҚҰТТЫ,

жарысқа  қатысушы:

– Мен бес жасымнан бастап самбомен шұғылданып келемін. Көптеген облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атандым. Спортпен шұғылданғанымның арқасында Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтау секілді қалаларға бардым. Биылғы жылы Алматыда өткен халықаралық турнирде үшінші орын алдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Болашақта Ерболат, Нұрбол, Ерасыл ағаларым секілді әлем чемпионы боламын.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар