25.11.2019, 20:58
Қараулар: 161
Жертөледе жаттығатын чемпиондарға спорттық кешен керек, яғни 3 млн. теңге желге ұшпаса екен!..

Жертөледе жаттығатын чемпиондарға спорттық кешен керек, яғни 3 млн. теңге желге ұшпаса екен!..

545 түтіні, 3000 тұрғыны бар Бұлдырты ауылдық округінің жастары спортқұмар. Олар, әсіресе, еркін күрес және қол күресімен зор ынта-ықыласпен айналысады. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей, бұлдыртылық жастардың алды бүгіндері ел біріншілігіне қоса, Азия құрлығы мен дүниежүзілік додалардан да олжалы оралып жүр.

Мәселен, еркін күрестен елімізге еңбегі сіңген спорт шебері, Азия және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов — бүгіндері туған ауыл-аймағына қоса, Сырым ауданы мен біздің облыстың ортақ мақтанышы. Енді біразырақ күннен кейін еркін күрестен Қазақстан Республикасының биылғы чемпионаты өтеді. Міне, осы байрақты бәсекеде 74 келі салмақ дәрежесі бойынша  Бахыттың Нұрланы ел чемпионы атанса, келер жылы Жапонияның астанасы Токиода өтетін жазғы олимпиадаға қатысуы бек мүмкін. Өйткені бұл салмақ бойынша осыдан бірер ай бұрын Астанада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы олимпиадалық лицензияға қол жеткізді. Кезінде Нұрландай дарынды шәкіртін күрес әлеміне жетелеген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Асқар Сәукелиннің Бұлдыртыдағы іргелі ісін бүгіндері Нұрланның туған ағасы Руслан Бекжанов (оң жақтағы жоғары суретте) жалғастыруда. Ол Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Бұлдырты филиалының бапкері ретінде бүгіндері 60 өренді еркін күрестің қыр-сырына баулып жүр.

Ауыл бапкерінің үш шәкірті бүгіндері Нұр-Сұлтан қаласындағы Қажымұқан атындағы спорттық колледжде әрі оқып, әрі спорттық шеберліктерін шыңдауда. Ең бастысы, Руслан Бахытұлының біраз шәкірті қазірдің өзінде айта жүрерліктей нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Мәселен, Нұржан Исағалиев еркін күрестен еліміздің 2018, 2019 жылдардағы екі дүркін чемпионы болса, Назерке Оңдағанова кадеттер арасынан Қазақстанның чемпионы, Гүлдерайым Тыныбекова ҚР  чемпионатының жастар арасынан үш мәрте қола жүлдегері,  ал  Қазбек Бахытов – республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Міне, осындай қырандарды қанаттандырып, биіктерге самғатып жүрген бапкер жылына он шақты спорт шеберлігіне үміткерді даярлайды екен. Жақында Бұлдыртыдан шыққан чемпиондар темірқанаттанып ұшатын ұяны, яғни спортзалды барып көріп, жағамызды ұстадық.  Бұлдырты жалпы орта білім беретін мектебіне қарасты интернаттың жертөлесін спорттық зал деу қиын, тап-тар әрі ауасы да тымырсық.

— Біздің ауылда салынуы тиіс дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің 3 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаты жасалғанының өзіне екі жылдан асып барады. Мұндай құжат тек үш жыл ғана жарамды екен. Демек, келер жылы кешен салынбаса, 3 миллион теңге текке күйіп кетеді, — деп уайымдайды Руслан Бекжанов.  Бұл мәселеге қол күресінің бапкері Төлеген Құрашев та өз пікірін қосты.

— Екі жылдан бері қол күресі үйірмесін жүргіземін. Спорттың бұл түріне ұл балалардың да, қыз балалардың да құлшынысы күшті. Биылғы оқу жылында қол күресі үйірмесіне 32 оқушы жүйелі қатысып жүр. Екі жылдың ішінде 13 спорт шеберлігіне үміткерді даярладым. Егер жағдай болса, осы көрсеткіштің өзін көш ілгерілетуге болады. Бірақ ол үшін заман талабына лайық спорттық кешен керек. Әзірше ұл-қыздарымыз өзі тап-тар әрі аласа жертөленің қуықтай бөлмесінде жаттығуға мәжбүр. Соның өзінде шәкірттерім тым жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

Мысалы, Қазақстан Республикасының биылғы чемпионатында Ерсұлтан Талғатов деген шәкіртім қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Ділнәз Әбунағымова мен Ұлпан Ихсанова осыдан бір ай бұрын Алматыда өткен ашық Азия кубогына қатысып, екеуі де қола жүлдегер атанды, — деді ол бізбен әңгімесінде.

— Бұл мәселе бапкерлер мен балаларға қоса, ата-аналарды да толғандырады. Ауылдық жердегі спорттық кешенге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік формуласы бойынша инвестор табу қиын болып тұр, – дейді Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев. Ендеше, Бұлдырты ауылының үлкен-кішісін бірдей мазалайтын шаруа аудан, облыс басшылығы тарапынан түсіністік тауып, оңтайлы шешілер деген үміттеміз. Әйтеуір, болашақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалық-сметалық құжатын жасақтауға кеткен 3 млн. теңге желге ұшпаса екен!..

Бауыржан САЛЫҚҰЛЫ,

“Орал өңірі”,

Бұлдырты ауылы,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар