25.11.2019, 20:47
Қараулар: 100
Инвестициялық салым – 500 миллиард теңге

Инвестициялық салым – 500 миллиард теңге

Қарашаның  22-сі  күні  облыстық  мәслихаттың  кезекті  ХХХІ сессиясы  өтті.  Сессия  отырысында  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев мәслихат  депутаттарына  есеп  берді.  Әкімнің  баяндауынша,

2019  жылдың  І  жартыжылдығында облыс  экономикасының 49%-ын  құрайтын  тау-кен  өнеркәсібі  көрсеткіштерінің  9,2%-ға төмендеуіне  байланысты  жалпы  өңірлік өнімнің  нақты  көлем индексі  орындалмаған.  Дегенмен  жалпы  өңірлік  өнім  1  трлн. 400 млрд.  теңгені  құрап,  өткен  жылмен  салыстырғанда  145  млн.  теңгеге  өсті.

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индексінің 7,6%-ға төмендеуі байқалады.Бұл көрсеткіштің төмендеу себебі Қарашығанақ кен орнының жер қыртысындағы су мөлшерінің жоғары болуы және зауыттың бір айға жоспарлық жөндеуге тоқтауында. Басқа мақсатты көрсеткіштер бойынша нәтиже бар. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар 53%-ға, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 27%-ға, өндеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 11%-ға, көлік қызметінің көлемі 5%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,5%-ға, ішкі сауда (бөлшек және көтерме) 3%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көрсеткіші 3%-ға артты. Қаңтарқазан айларындағы негізгі капиталға инвестициялық салым 1,5 есе ұлғайып, 500 миллиард теңгені құрады. Олардың 91%-ы – жеке инвестициялар, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Оралда  10  мың бөбек  кезекте  тұр

Өңір басшысы білім саласындағы атқарылған жұмысты баяндады. Қазіргі уақытта 3 пен 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамтылған. Облыста 271 мектепке дейінгі мекеме мен 265 мектеп кезекке тіркеудің автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Бірақ 1 мен 3 жас аралығындағы бөбектердің кезек мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Орал қаласының өзінде 10 мың бөбек кезек есебінде тұр. Бұл мәселені жаңа үйлер жобасында бөбекжайлар мен балабақшалар  құрылысын қоса қарастыру және жеке балабақшаларды көбейту арқылы шешу көзделген.

– Облыста апатты жағдайда тұрған 8 мектеп және үш ауысымды 6 мектеп бар. Үш ауысымды мектептердің өзінде 9486 бала оқиды. Мұндай білім ошақтарын азайту үшін Орал қаласы мен Ақжайық ауданында жаңа мектеп құрылысы басталды. Келесі жылы тағы төрт мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Оның ішінде МЖӘ ауқымында жеке мектептер салынады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Тасқала ауданында С. Жақсығұлов атындағы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін Қ. Сәтбаев атындағы мектепті жөндеу жұмысы аяқталады. Ақжайық ауданының Чапаев ауылындағы №1 мектеп ғимаратын жөндеу аяқталу қарсаңында, – деді  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев.

Әкімнің айтуынша, облыста тұрмыс жағдайы төмен отбасы санатына жататын 15 мыңнан астам бала және 1-4-сыныптарда оқитын 42 мың бала тегін тамақпен қамтылған. Облыс басшысы бала тамағы сапасына байланысты ата-аналар шағым түсіріп жатқанын айтты. Соған байланысты биыл Орал қаласындағы кейбір мектеп асханасында электронды үлгіде қызмет ету және есеп беру тетігі  іске  қосылды. Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балалардың 85%-ы білім бағдарламаларымен қамтылған.

Медициналық  көмекке – 42,1  миллиард  теңге

Сессия отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиев денсаулық саласы көрсеткіштері бойынша оң нәтиже барын айтты. Облыста жалпы адам өлімі 5,4%-ға, сәбилердің шетінеуі 20%-ға азайған.  Нәресте өлімінің алдын алу үшін 17 УЗИ-құрылғы сатып алынды, ерте толғақ кезінде көмектесетін 38 маман оқудан өтті. Облыс басшысы жуырда Ақжайық ауданы ауруханасының базасында екінші деңгейлі инсульттық орталық іске қосылатынын хабарлады. Инсульттық орталық Ақжайық, Жәнібек, Жаңақала, Қазталов аудандарында тұратын 110 мың адамға медициналық көмек ұсынады.

Денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 32 санитарлық аутокөлік, 65 медициналық құрылғы сатып алынған. Биыл Ақжайық, Жаңақала, Қазталов аудандарындағы бес дәрігерлік амбулатория және Ақжайық, Жаңақала, Қазталов аудандарындағы жеті медициналық пункт күрделі жөнделді. «Туған жер» жобасы ауқымында меценаттар қолдауымен Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында фельдшерлік-акушерлік ғимарат, Теректі ауданы Донецк ауылындағы медициналық пункт салынды.

Есептік мерзімде облыста дәрігерлер 21757 хирургиялық операция жасалған. Оның ішінде 12 681 ота шұғыл жағдайда жасалған. Бір ғана облыстық клиникалық ауруханада 6 мың ота тіркелген. Дәрігерлер адам жанын ажалдан арашалауға барын салуда. Орал қалалық көпбейінді ауруханада дүниеге келгеніне бес күн болған нәрестеге мұрнының туабітті ақауына байланысты жүргізілген ауыр ота сәтті аяқталды. Нәрестеге қойылған танаутесігінің бітеулігі 20 жылда екінші мәрте кездесіп тұрған сирек патологиялық ауру екен.

– Келесі жылы жаңа тегін медициналық көмек жүйесі қосылады. 17 мың жұмыс беруші қызметкерлеріне жарна салған. Бірақ 35 мың адам әлі сақтандырылмаған. Түсіндіру жұмысын ауқымды жүргізу керек. Кейбір азаматтар қандай медициналық қызмет қолжетімді болатынын білмейді. Сақтандыру жарнасын төлемеген адамға әлеуметтік пакет қарастырылмаған. Қазіргі уақытта 1406 сall-орталық жұртшылық сауалына жауап беріп, телефон шалғандарға жедел кеңес бере алады.

Биыл медициналық көмекті қаржыландыруға 34,8 миллиард теңге бөлінді. 2020 жылы медициналық  салаға бөлінетін қаржыны 42,1 миллиард теңгеге ұлғайтамыз, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Жиында мәлім болғандай, биыл облыстық аурухананың №5 корпусын күрделі жөндеу аяқталмақ. Соған байланысты облыстық диагностикалық орталық аталған ғимаратқа көшіріледі. Ал облыстық СПИД орталығы мен тері аурулары диспансері диагностикалық орталықтың ғимаратына орналасады.

26 ауыл  таза  ауыз  сумен қамтылады

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, осы жылдың екінші тоқсанындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құраған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін 22 колледжде 790 адам 13 мамандық бойынша білім алуда. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 1773 адам жолданды. Оның 997-сі оқуын аяқтап, 665 түлек жұмысқа орналасқан.

«Еңбек» бағдарламасының 2-бағытына сәйкес мыңнан астам адам 4 млрд. 300 млн. теңгеге жуық несие алды. Оның 90%-ы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3,5 мың адам оқып, соның 424-і шағын несиеге қол жеткізген.  Жаңа бизнес-идеялары үшін 1056 адамға грант берілді.

Бағдарламаның 3-бағыты бойынша 917 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1644 адам «Жастар тәжірибесіне», 5 мыңға жуық адам қоғамдық жұмысқа жолданды.

Сәуір айынан бастап берілген жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмекпен  65,2 мың  адам  қамтылды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында облыста 16 млрд. теңгеге 3 мың пәтер құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жыл соңына дейін 1080 баспана пайдалануға беріледі. Биыл әлеуметтік тұрғыда жағдайы төмен 394 отбасыға пәтер кілті берілді.

«Нұрлы жол» ауқымында 364 шақырым жол жөнделеді. Биыл 4,3 млрд. теңгеге 40 ауылдық елді мекендегі 29 сумен қамту ны-санының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін 35 мың тұрғыны бар 26 ауыл таза ауыз сумен қамтылмақ. Теректі мен Қазталов аудандарындағы 16 ауылды газбен қамту жұмысы жүргізілуде. Биыл көгілдір отын игілігін көріп отырған облыс халқының үлесі 96,1%-ға жетпек.

Қой  еті  экспортынан бірінші  орындамыз

Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,5%-ға өсіп, 140 млрд. теңгені құрады. Өсімдік шаруашылығының өнімі 5,7%-ға, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2%-ға көбейген. Облыста ірі қара саны өткен жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артып, 604 мың басты құрады. Ал жылқы 193 мың басқа  жетіп,  4,7%  өсімді  көрсетті.

– Биыл Қазталов ауданында 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Теректі және Тасқала аудандарында бордақылау алаңдары ашылады. Нәтижесінде облыс бойынша бордақылау алаңдарының жалпы қуаттылығы екі есе артады. 2019 жылға 3,8 мың тонна ірі қара және қой етін экспортқа шығару жоспарланды. Бүгінге дейін 4,6 мың тонна экспортталды, яғни бұл көрсеткіш артығымен орындалды. Республика деңгейінде сиыр еті экспорты бойынша облысымыз екінші орында, ал қой еті экспорты бойынша бірінші орында, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылының егіс алқабы 516,3 мың гектар құрады. Облысымыз тәуекелді егін шаруашылығы аймағы болғандықтан, егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында егіс алқаптарын майлы және мал азықтық дақылдарға айналдыру тенденциясы бар. Биыл диқандар үшін ауа райы қолайлы болып, 243 мың гектардан 249 мың тонна өнім алынды. Өткен жылмен салыстырғанда, өнім көлемі 78 мың тоннаға көп. Орташа өнімділік гектарына 7 центнерден 10,3 центнерге көбейді.

Өңірде көкөніс өнімін дамыту үшін жылыжайлар құрылысы жүруде. Жуырда 6 гектарға жуық жерді құрайтын заманауи жылыжай іске қосылатын болады және тағы да 12 га құрайтын жылыжай құрылысы басталмақ. Сонымен қатар Орал қаласында ірі қара және ұсақ малдардың терілерін қайта өңдейтін және қуаттылығы ауысымына 600 дана құрайтын  цех  ашылады.

Шаһар  басшысына   сөгіс  жарияланды

Қарашаның 20-сы күні кешкі іңірде Орал қаласындағы Бәйтерек шағынауданында 10 жастағы оқушыны аутокөлік қағып кетті. Ауыр жарақат салдарынан «Жедел жәрдем» көлігі келгенше, қаршадай қыз қаза тапты. Оқиға орнынан бірден бой тасалаған жүргізуші көп ұзамай ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІ сессиясында облыс әкімі Ғали Есқалиев шулы шаһарда жол-көлік оқиғалары салдарынан адам өлімі көбеюіне байланысты Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке сөгіс жариялағанын  хабарлады.

– Облыс аумағындағы аутожолдарда жазатайым оқиғалар көбейіп кетті. Күні кеше болған қайғылы оқиға баршаның қабырғасын қайыстырды. Жол-көлік оқиғаларына адам факторлары әсер етуде. Машинаға отырған адам «Қасақана қылмыс жасаймын» деп ойламайды. Бірақ көлік қозғалысының ережелеріне салғырт қарайтындар азаймай тұр. Облыс орталығында жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны 41 пайызға көбейді. Жақында болған қайғылы оқиғадан жауапты құрылымдар сабақ алуы тиіс. Осыған байланысты Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке сөгіс бердім. Облыс орталығындағы аутожолдарды жөндеу, қалаішілік жолдар бойына жарық беретін шамдар орналастыру, мектептер орналасқан тұстарда жол қауіпсіздігін нығайту бағытында жұмысты күшейтуді тапсырдым. Аутожолдардың жобалық құжаттамаларының сапалы жасалуына көңіл бөлінбейді. Оқушы қыз жол бойында жарықтың болмауы салдарынан көз жұмды. Қаланың көп бөлігінде адамдар жолды қиып өтетін тұстар күңгірт. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жиынға қатысып отыр. Аталған мәселені қатаң назарда ұстап, профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев.

Айта кетейік, шаһар басшысы сөгіс алғаннан кейін көп ұзамай қала әкімдігінің үш бөлім басшысы қызметінен босады. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері облыста 276 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 90 адам қаза болған. Жаяуларға арналған жолақ бойында 32 тұрғын көз жұмған. Биыл облыс аумағындағы 364 шақырым аутожол жөнделуде. 5,1 миллиард теңгеге Орал қаласындағы 37 көшенің аутожолына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жаңғыртылып жатқан қалаішілік аутожолардардың жалпы ұзындығы – 30 шақырым. Өңір басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауқымында жергілікті маңыздағы аутожолдар жөнделіп жатқанын баяндады. Облыс басшысының баяндамасына депутаттар  оң  баға  берді.

Қаланың  даму стратегиясы  қабылданды

Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІ сессиясында Орал қаласының  әкімі Абат Шыныбеков шаһардың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын депутаттарға таныстырды. Құжатты жасақтарда ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген республикалық және облыстық маңызы бар қалаларды дамыту стратегиясын әзірлеу әдістемесі негізге алынған және қала тұрғындарының болжамды саны ескерілген. Табиғи сипаттамалар, шаһар тарихы, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайының талдауы, ең бастысы, қаланың болашақ дамуына деген көзқарас  секілді  барлық қажетті көрсеткіш пен бағыт есепке алынды.

– Стратегияны әзірлеу кезінде Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының бағыттары мен басымдықтары, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа да маңызды құжатта-ры ескерілді. Сонымен қатар Орал қаласының ұзақ мерзімді стратегиясын жасақтау кезінде дамыған және дамушы елдер қалаларының озық халықаралық тәжірибесі қолданылды. Стратегияның негізгі басымдықтарымен дамудың бес бағыты анықталды. Олар дамыған экономика, адами капиталды дамыту, жасыл экономика, цифрландыру, қалалық жоспарлау, – деді  Абат  Шыныбеков.

Әкімнің айтуынша, 2019 жылдың басында Орал қаласының экономикалық белсенді халқының саны 146,4 мың адам деп есептелінген. Бұл – жалпы тұрғындар санының 47%-ы. Соңғы жылдары жылдық өсім шамамен 3-4%-ды құрады. 2050 жылға қарай оралдықтар саны 68%-ға көбейеді, яғни 313 мыңнан 525 мыңға жетеді  деп  күтілуде.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде және «Ақжайық» жаңа шағынауданында үйлер құрылысын жүргізу жоспарлануда. Аталған шағынаудандарда 97 мың адам қоныс тебеді. 2050 жылға қарай қала көшелері мен жолдарының жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан аспақ.

Оның ішінде магистральды көшелердің жалпы ұзындығы 400 шақырым  болады.

– Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы стратегия жобасын талқылағанда, депутаттар ұсыныстары негізінде 2050 жылға халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру индикаторын қайта қарастырып, 90%-ға дейін көтердік.Стратегияны іске асыру мерзімі 2050 жылға дейін белгіленген. Қажет болған жағдайда стратегияны іске асыру және мониторинг тетігіне сәйкес құжатқа бес жылда бір рет түзету, 10 жылда бір рет стратегияны жаңарту жүргізіледі, – деді Орал қаласы әкімі.

Сессия отырысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов 2019-2020 жылдарға арналған облыстық  бюджеттің нақтылануы мен 2016-2020 жылдарға арналған БҚО-ның аймақтық даму бағдарламасына енгізілетін өзгерістер туралы хабарлады. Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқановтың аталған ауданның кейбір елді мекендерінің әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу туралы, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның облыстағы кейбір елді мекендерді қайта атау туралы ұсыныстарын депутаттар бірауыздан  қабылдады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар