22.11.2019, 15:11
Қараулар: 177
Әлем чемпиондары Оралға келді

Әлем чемпиондары Оралға келді

Жақында облыс әкімі Ғали Есқалиев аралас жекпе-жектен әлем чемпиондары Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов пен Дамир Исмағұловты қабылдады.

– Аралас жекпе-жек түрлері жылдан-жылға танымал болып келеді. Оған жастардың қызығушылығы артуда. Бұл спорт түрінде қатаң талап қойылады, бірақ қатыгездік жоқ. Жекпе-жектің бұлжымайтын ереже-қағидасын  сақтай отырып, қарсыласты құрметтей білумен ерекшеленесіздер.

Аралас жекпе-жек еңбекқорлық-ты, шыдамдылықты, қайсарлықты, табандылықты қажет етеді. Әлемдік турнирлерде мысы басым түсіп жүрген спортшылардың Ақ Жайық өңіріне келгеніне қуаныштымыз, –  деді  Ғали  Есқалиев.

Облыс әкімі спортшыларды жақында өткен Самбо күнімен құттықтады. Самбо – аралас жекпе-жектің негізін қалаған спорт түрінің бірі. Кездесу барысында самбоны олимпиадалық спорт түрі ретінде ресми мақұлдауға қатысты келіссөздер жүргізіліп жатқандығы  айтылды.

Әлем чемпиондары аралас жекпе-жек елімізде, оның ішінде біздің облыста кең таралып жатқан спорт түрі екенін атап өтті. Біздің облыста 1000-ға жуық жас  аралас жекпе-жек түрлерімен айналысады. Мәселен, 2018 жылы Бахрейнде өткен әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында екі спортшымыз – Әліби Теміртасов пен Нұржамал Садықова қола жүлдеге  ие  болды.

Әкім қабылдауына дейін атақты чемпиондар облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездескен еді. Жігіттер өздерінің жетістіктері туралы ғана емес, жеңіске жеткізетін жол жайында да баяндаған.

Олар жеңісті армандаған адам шыңды бағындыра алатынын айтты. Сондықтан тәртіпке бой ұсынып, спорт ережелерін сақтауға мұқият болу керек. Спортшы мығым ерік-жігері мен жеңіске деген құштарлығы арқасында табысқа  кенеле  алады.

– Сіздердің жеңістеріңіз жастарды шабыттандырады. Олардың көкірегіне сенім ұялатады. Қиындықты жеңуге және жоғары жетістікке жетуге серпін береді. Спортты және салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың мақсатын айқындай түсуге ықпал етеді, –  деді  облыс  әкімі.

Кездесу соңында Ғали Есқалиев әлем чемпиондарына зор денсаулық пен спорттық  табыс тіледі.

БҚО  әкімінің  жұртшылықпен  байланыс  жөніндегі  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар