22.11.2019, 15:08
Қараулар: 160
Жол құрылысы сапасына жүрдім-бардым қарағандар жауапқа тартылады

Жол құрылысы сапасына жүрдім-бардым қарағандар жауапқа тартылады

Облыс  әкімінің  орынбасары  Тимуржан  Шәкімов  Қазталов  ауданына  жұмыс  сапарымен  келді.

Облыс әкімінің орынбасары Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық ауылындағы 60 орындық орта мектептің құрылысымен танысты. Биыл бұл мектептің  құрылысына қаражат бөлініп, мердігер мекеме болашақ мектептің іргетасын құйып үлгерген. Құрылыс басында Тимуржан Әдиетұлы  Қарасу ауылдық округінің Жұлдыз ауылындағы апатты жағдайдағы білім ошағының орнына салынатын 108 орындық орта мектептің де сызбасымен танысты. Сондай-ақ Т. Шәкімов Жалпақтал ауылына ат басын бұрып, ауылдағы қос қабатты, 12 пәтерлік үйдің құрылысын көрді. Биыл аудан орталығы Қазталов пен Жалпақталда тұрғын үй кезегін жою үшін 12 пәтерлік екі үйдің құрылысы  қазір аяқтала келді. Жақында кезегін күткен ауыл тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілті тапсырылады. Тұрғын үй құрылысын аралап көрген Тимуржан Әдиетұлы құрылыс сапасына назар аударуды тапсырып,  қоғамдық бақылау, тапсырыс беруші мекеме тарапынан мердігерге деген талапты күшейтіп, ауыл тұрғындарына сапалы нысандар тапсыру қажеттігін айтты.

Мұнан кейін облыс басшысының орынбасары Жалпақтал және Қараөзен ауылдарын ауыз сумен қамтып тұрған су тазалау стансасында болып, қайта жабдықтау арқылы атқарылған жұмыстардың барысын көрді. Сонымен бірге Жалпақтал колледжінің жатақханасы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Жалпақтал полиция бөлімінің ғимараты назардан  тыс  қалмады.

Облыс әкімінің орынбасары Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратында облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мамандарымен,  мердігер «Әлиясервис» ЖШС-ның өкілдерімен кездесті. Бүгінде аудан 41% газбен қамтылған, жыл аяғына дейін Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз және Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан, Қособа ауылдары көгілдір отын жүйесіне қосылмақ. Мердігер мекеме Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейстерек ауылдарына газ құбырын тарту  жұмыстарын бастаған. Алдағы жылдары бірқатар елді мекенге газ кіргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын. Тиісті қаражат бөлінсе, бұл жоспарлы жұмыстар да шешімін табатын болады.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Қазталов – Жәнібек – Бөкей ордасы бағытындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан республикалық жолдың сапасын көрді. Бұл маңызды жол Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес 2021 жылы толықтай аяқталуы тиіс. Осыған орай Қазталов ауылында аталмыш жолға қатысты жиын өтті. Жиынға мемлекет атынан тапсырыс беруші «Қазаутожол» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов, Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының басшылары, жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын ұтып алған мердігер компаниялардың  өкілдері, облыстық басқарма жетекшілері қатысты.

Жиында Тимуржан Шәкімов Қазталов – Жәнібек – Бөкей ордасы бағытындағы жол құрылысына қаржы-қаражат бөлінгенімен, жөндеу жұмыстары уақтылы жүрмеуіне байланысты құрылыстың уақтылы  бітпеу қаупі бар екенін жеткізді. Бүгінде «Юнисерв» ЖШС ғана бөлінген ақшаны игеріп, өздеріне белгіленген жол учаскесінде қара жамылғы төсеген. Ал қалған мердігерлер әзірге дайындық жұмыстарымен шектелген.  Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары мердігер компанияларға жол сапасына көңіл аудару қажеттігін ескертті.

– Сапалы жолдар халықтың игілігі үшін салынуда. Осы өңірдегі аудандардың тұрғындары жолды көптен күтіп жүр.  Сондықтан жол құрылысы сапалы әрі стандартқа сай жүруі керек. Егер жол сапасы сәйкесінше болмаса, жөндеу жұмыстары уақытында атқарылмаса, жауапты мердігер мекемені заңды түрде жауапқа тартамыз. Ал бұл жағдай қайталанатын болса, заңға сәйкес лицензиясынан айырып, мердігермен қош айтысамыз. Бұл республикалық жол қатаң қадағалауда болады, – деді Т. Шәкімов.

Өздеріне тиесілі жол учаскелерінің жөндеу жұмыстарын ұтып алған мердігер компаниялардың өкілдері әр түрлі сылтау айтса, Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев пен Бөкей ордасы әкімінің орынбасары Біржан Меңешев жолға қатысты аудан тұрғындарының сын-ескертпелерін жеткізді. Мұнымен қоса жиында Қазталов ауданының әкімі

Альберт Есалиев Чапаев – Жалпақтал – Қазталов күре жолының сапасы төмен екенін, жөндеу жұмыстары өткен жолдың кейбір учаскелері қайта жасалып жатқаны туралы хабарлап, Қазталов – Жәнібек – Бөкей ордасы бағытындағы жолды ұтып алған мердігерлер қыс мезгілінде осы жолды күтіп ұстаса деген ұсынысын білдірді.

Сапарының соңында облыс әкімінің орынбасары апатты жағдайда деп табылған А. Оразбаева атындағы білім ордасында болып, мектептің қазіргі жағдайымен танысты.

Қайрат  ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы