22.11.2019, 15:06
Қараулар: 184
Нағыз көшбасшы әйел қандай болуы керек?

Нағыз көшбасшы әйел қандай болуы керек?

Орал  қаласындағы  Салтанат  сарайында «Әйелдер  көшбасшылығы:  жетістіктер  мен  мүмкіндіктер» атты  Батыс  Қазақстан  облысы  іскер  әйелдерінің  форумы  өтті.  Облыс  әкімдігінің  қолдауымен  «Жайық  дауысы»  қоғамдық  бірлестігі  ұйымдастырған  форумға  өңірде  кәсіпкерліктің  әр  саласында  жемісті  еңбек  етіп  жүрген  жүзге  жуық  қыз-келіншек  қатысты.

Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Әйел – отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамдағы тыныштықтың шырақшысы, береке-бірліктің тізгіншісі. Қазіргі әйелдер қауымы – мемлекет пен қоғамдық іске келгенде де, ер-азаматтардан кем тер төгіп жүрген жоқ. Әсіресе, бизнес саласында, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікте қыз-келіншектердің үлесі басым.

– Облыстық іскер әйелдер форумын Орал қаласында және аудан-ауылдарда ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен көшбасшы әйелдердің басын қосып, бизнесте табысқа жету жолдары мен мүмкіндіктерді талқылау мақсатында ұйымдастырдық. Бұл – әйелдердің іскерлік білімін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу, жаңа іскерлік байланыстар орнату үшін таптырмас алаң, – дейді «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Қадиша Мұқанова.

Болашақ туралы бүгіннен бастап ойлану әйелдерге тән қасиет емес пе? Келелі кеңесте сөз алған облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Ләззат Рысбекова,  БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина,  БҚО бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма бастығы Жанат Нұрмағамбетова, Сырым ауданы мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және өңірлік кәсіпкерлік палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Дина Галиметденова қыз-келіншектерді бизнеске көбірек тарту, олардың іскерлік қабілетін шыңдау, көшбасшы әйел бейнесі, іскер әйелдердің қоғамдағы рөлі тақырыбында ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

– Бүгінгі форумның аға буын өкілдеріне де, жастарға да берері мол. Жетістікке жетіп отырған іскер қыз-келіншектердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Алайда әйел үшін бәрінен де жоғары тұруы тиіс міндет – ана болу. Осыны естен шығармасақ екен. Отбасын айрандай ұйытып, саналы және білімді ұрпақ тәр-биелеп, оған қоса кәсібін де ұршықша үйіріп отырса, мен үшін нағыз көшбасшы әйел деген, міне, осы, – дейді БҚО ҚХА жанында-ғы аналар кеңесінің төрайымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина.

Қазталов ауданына қарасты Қараоба ауылынан форумға арнайы келген Елизавета Қайбушеваның бизнеске келгеніне жиырма жылдан асқан екен. «Жұбайым екеуміз Орал ауыл шаруашылығы институтын бірге тәмамдадық. Отбасын құрған соң алдымен мал шаруашылығымен, ұзақ жыл саудамен айналыстық. Бес жыл бұрын ауылда наубайхана аштық. Ауылды күнделікті ыстық нанмен, дәмді бөлке-күлшелермен қамтамасыз етеміз. Ауылдық мектеп интернатының ыстық тамағына көмектесеміз. Қазір мал басын асылдандыруға көңіл бөліп отырмыз. Қарамағымызда жиырмаға жуық адам жұмыс істейді, соның тең жартысы қыз-келіншектер.

Ұлымыз да ізімізді жалғап, кәсіпкерлікке бет бұрды, – дейді Елизавета  Халиоллақызы.

Қызығушылықтары ортақ, идеялары ұқсас, мүдделері өзектес  жандарды бір алаңда тоғыстыратын мұндай форумдардың маңызы зор.  Отбасы мен бизнесті қатар алып жүрген әр минуты алтынмен бағалы іскер әйелдер үшін аталмыш басқосу ұзақ мерзімді әріптестік пен жаңа мүмкіндіктердің бастауына айналды деген  сенім  мол.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар