22.11.2019, 15:04
Қараулар: 228
Комиссия отырысына қатыстырмағаны үшін…

Комиссия отырысына қатыстырмағаны үшін…

Таяуда Әдеп  жөніндегі  облыстық  кеңестің  кезекті отырысы  өтті.  Бұл  жиында  Бәйтерек  аудандық  жер  қатынастары  бөлімінің  басшысы  Қайрат  Төлегеновке  қатысты  тәртіптік істі  қарады.

Жиынға Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері және арыз иесі Тілеген Мұхамбетов, жұбайы Мақпал мен қызы Роза қатысты. Департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Жақсат Мұратов хабарлағанындай, Бәйтерек ауданының тұрғыны Т. Мұхамбетов аудан әкімінің атына өзінің жер учаскесі мәселесіне қатысты жазған арызы қаралатын аудандық жер телімін беру жөніндегі комиссияның отырысына міндетті түрде қатыстыру жөнінде биылғы 24 шілдеде өтініш жолдаған. Ертесіне  аталған өтініш жер қатынастары бөліміне жіберілген. Т. Мұхамбетовтің жер учаскесіне қатысты мәселесі жер комиссиясының 26 шілдеде өткен отырысында қаралып, комиссия Т. Мұхамбетовке жер беруден бас тарту жөнінде қорытынды шығарған. Осы құжат негізінде негізінде Бәйтерек ауданы әкімдігінің 02.08.2019 жылғы №584 қаулысы қабылданған. Ал аудан тұрғыны Т. Мұхамбетовтің өтінішіне аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Төлегенов жер қатынастары бөлімі  мен аудан әкімдігі атынан «Жер учаскесін беру бойынша комиссия құру туралы» №870 қаулысында бекітілгендей, «Жер комиссиясы туралы» ережесіне сәйкес сізге жер комиссиясы отырысына қатысу мүмкін еместігін хабарлайды»  деген  жауабын  жолдайды.

– ҚР Жер кодексінің 43 пен 43-1 баптарына  және жер комиссиясының ережесіне сәйкес, жер комиссиясының отырысына жер алуға өтініш берген тұлғалардың қатыстырылуы қарастырылмаған.  Жер комиссиясының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында отырыс аудио және бейнежазбаға түсірілді, – деп түсіндірді Қ. Төлегенов.

Әдеп жөніндегі кеңес тексеру барысында жоғарыда аталған «Жер учаскесін беру бойынша комиссия құру туралы» №870 қаулысында арыз иесін жер комиссиясының отырысына қатыстыруға жол берілмейді деген талабы көзделмегендігін  анықтады. Яғни ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңының 14-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, өтініш берген жеке не заңды тұлғаның өзінің  өтінішін қарауға байланысты материалдармен танысуға, егер бұл басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын бұзбайтын болса, өтінішті қарауға қатысуға құқығы бар делінген. Сондай-ақ осы заңның 7-бабы 3-тармағына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастырудың, қабылдаудың, тіркеудің және есепке алудың жай-күйі үшін субъектілердің басшылары мен лауазымды тұлғалар дербес жауаптылықта болатындығы жазылған. Яғни ереже мен заң талаптарына сәйкес, Т. Мұхамбетовтің жер комиссиясының отырысына қатысуына кедергі болатын заңды негіздер көрсетілмеген. Аудандық жер қатынастары бөлімі тарапынан Т. Мұхамбетовке жер комиссиясы отырысына қатысу мүмкін еместігі жөнінде берілген жауабы жоғарыда аталған заң талаптарына қайшы келетіндігі белгілі болды.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен мемлекеттік  қызметшінің  абыройына нұқсан келтірген  әрекеті үшін Бәйтерек аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ. Төлегеновке  қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылып, қызметінен төмендету туралы ұсыныс  Бәйтерек ауданы әкімінің  атына жолданатын  болып  ұйғарылды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар