22.11.2019, 14:58
Қараулар: 184
Инвестициялық картаның тұсауы кесілді

Инвестициялық картаның тұсауы кесілді

Сәрсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев  жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болды. Мұхтар Наурызбайұлы алдымен аудан әкімдігінде кәсіпкерлермен кездесіп, жиын өткізді.

Басқосуда аудан әкімі Алдияр Халелов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасап, кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылған істерге кеңінен тоқталып өтті. Бүгінде бұл ауданда шағын және орта бизнестің 972 өкілі тіркелген. Аталған кәсіп иелері өндірген өнім көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 127,8 %-ға ұлғайған.

– Еліміздегі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде ауданға бөлінген несиелік қаржы шеңберінде 51 адам 205 миллион теңге несие алды. Соның ішінде 45 адам 169 миллион теңгені мал және құс шаруашылығын дамытуға, 6 адам 36 миллион теңгені техникалар мен басқа да құрал-жабдық алуға жұмсаған, – деді аудан әкімі.

Жиында сөз алған Мұхтар Манкеев еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың біразы бизнесті өркендетіп, өңір экономикасын көтеруге бағытталғандығын айтып, олардың шарттары жайында ақпаратты әр тұлғаға дұрыс жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

– Облыс орталығындағы «Алгоритм» технопаркі ғимаратының бірінші қабатын жаңа үлгіге сай өзгертіп, бизнесті дамытуға арналған орталық ретінде жасақтап жатырмыз. Ол жерде кәсіпкерлерге 20-дан астам қызмет түрі тегін болады. Өздерінің тың жобаларын жүзеге асырғысы келген  жандарға орталық қызметкерлері бизнес жоспарын жасауға көмек береді. Сонымен қатар кәсібін жаңа бастаған адамның бизнесі аяғынан тұрып кеткенше, өз ісін жете меңгерген заңгерлер мен есепшілер тегін жәрдемдеспек, – деді Мұхтар Манкеев.

Жиында Мұхтар Наурызбайұлы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді атап өтті. Сондай-ақ «Даму» АҚ-ның және қаржылық институттардың өкілдері мемлекеттік қолдаудың тетіктері туралы жиналғандарға кеңінен түсіндірді. Кездесуде «taskala.smartmap.kz» интерактивті инвестициялық картаның тұсауы кесілді. Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған жобада Тасқала ауданының инвестициялық әлеуеті көрініс тапқан. Инвестициялық карта жеке интернет-ресурс ретінде жұмыс істейтін болады. Яғни кез келген әлеуетті инвестор өзге әкімшілік аумақта, сондай-ақ басқа елде тұрса да, ғаламтор арқылы аудан аумағындағы бос жерлер мен инвестициялық жобалар туралы мәліметтерді электронды картадан көре алады.

Жиын соңында Мұхтар Наурызбайұлы кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы иелерін жеке қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Шаруалар жайылым жер тарлық етіп отырғанын айтты. Қабылдаудан соң өңір басшысының бірінші орынбасары аудан орталығында жуырда ашылған «Әлем» супермаркеті мен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «BKO Taskala Et» ЖШС-ның мал бордақылау алаңында, «Арғымақ» шаруа қожалығында болып, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.

Болатбек САПАРҒАЛИЕВ,

Тасқала ауданы