21.11.2019, 21:02
Қараулар: 156
Қазақ сарбаздарының ерлігіне тағзым

Қазақ сарбаздарының ерлігіне тағзым

Сәрсенбіде  «Орал» сауда  ойын-сауық кешеніндегі  кинотеатрда  шынайы  оқиғалар желісімен  түсірілген «Қазбат»  көркем  фильмінің тұсаукесері  болды.

Бұл фильм 1995 жылы 7 сәуірде  тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыста бітімгерлік миссиясын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Қазақстан ішкі әскерінің 17 жауынгеріне, түрлі жарақат алған отыздан астам сарбазға және олардың қаруластарына арналған  ескерткіш іспетті.

Қанды қырғын болатын күні ерлік көрсетіп, қайтпас қайсарлық танытқан ҚР Ішкі әскерінің 7-жиынтық ротасы Пшихавр шатқалында тосқауылға тап болып, күші басым содырлармен шайқасқан еді. Сол кескілескен ұрыстағы сарбаздардың арасында жерлесіміз, шыңғырлаулық Радик Қаймулдиев те болды. Ауғанстан жақтан шабуыл жасаған Тәжікстандағы заңсыз оппозицияның содырлары бір сағат ішінде Тәжікстан аумағына  кіруді ойлаған. Бірақ күшті қарсылыққа тап болып, бес сағатқа созылған ауыр ұрыстан соң бүлікшілер  шегінуге мәжбүр болды.

Осындай тарихы терең  оқиғаға негізделген көркем фильм басты кейіпкер – Азамат  Ахметовтің әскери  борышын өтеуге  барар жолда  болашақ  қарулас  жолдастарымен таныстығынан бастау алады. Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа өз еріктерімен  барған   олар   командир айтқан  «Біріміз бәріміз, бәріміз біріміз үшін» деген ұранды ту етіп ұстайды. Кинода жауынгерлердің  бір-біріне деген құрмет-сенімі, адалдығы, отаншылдық рухы шынайы суреттеледі. Туған жерге, анаға, сүйген жарға деген мөлдір сезім от пен өрттің арасында да үстемдік алып, сарбаздардың айбынын асқақтатып, жігерлендіре түседі. Туындының сәтті шыққандығының бір дәлелі сол, жас сарбаздардың жанқиярлық ерлігі суреттелген фильмді жайбарақат қарау мүмкін емес…

ҚР Президентінің Жарлығымен қаза тапқан 17 жауынгердің бесеуі ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен, он екісі “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен наградталғаны белгілі.

Сондай-ақ олардың барлығы Ресейдің І дәрежелі “За отличие в службе” медалімен марапатталған. Жерлесіміз Радик Қаймулдиев те қаза тапқан соң ІІ дәрежелі “Айбын”  орденімен марапатталған болатын.

Тәжік халқына көмек көрсеткені үшін қазақстандық жауынгерлерге алғыс ретінде Душанбе қаласында үлкен монумент тұрғызылған. Ал ел астанасындағы «Отан-Ана» монументінің қасында Ішкі әскердің 17 жауынгеріне естелік аллеясы мен ескерткіш ашылды.

Батырларға арналған ескерткіштер Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда бар. Ал  Шыңғырлау ауданында Р. Қаймулдиев тұрған көше жауынгердің есімімен аталады және ол оқыған мектепте даңқ бұрышы жасақталған.

–  «Қазбат» көркем фильмі Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің ерлігі мен жанқиярлығын суреттейді. ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының тәжік-ауған учаскесіндегі сыртқы шекарасын қорғауды күшейту туралы» қаулысына сәйкес, жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның әскери қызметшілері туралы сөз тербеу бүгінгі жас ұрпақ үшін де, ертеңгі Отан қорғаушылар үшін де қажет. Еліміздің Ұлттық ұланы Тәжікстандағы таулы Бадахшан жеріндегі өздеріне тапсырылған шекара бөлігін күзету міндетін абыроймен атқара білді. Біз олардың  жанқиярлық  ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, –  деді көрсетілім алдында  сөз сөйлеген ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, подполковник Бақыт Алазов. Сондайақ “Батыс” өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Сералиевтің атынан жерлес жауынгер Радик Қаймулдиевтің туыстары мен қарулас жауынгерлер Абат Дүйсембиев пен Сайлаубек Дүйсеновке естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кету керек, көркем фильм 21 қарашадан  бастап еліміздегі барлық кинотеатрда көрсетіле бастады. Ал телевизиялық нұсқасы алдағы жылдың 7 сәуір күні тәжік-ауған шекарасында болған оқиғаның 25 жылдығына орай «Qazaqstan» телеарнасында көрсетіледі.

Равиль  МАРДЫНОВ,

Радик  Қаймулдиевтің  нағашысы:

–  Оқиға желісінде  жиенімнің жауынгерлік  жолы бейнеленген. Киноны қарап отырғанда Радиктің балалық шағы, оны әскерге шығарып салған сәттеріміз еске түсті. Отанға адал, антына берік, ержүрек азаматтар ешқашан ұмытылмайтынын көргендей болдық.

Сайлаубек  ДҮЙСЕНОВ,

Атырау  қаласының тұрғыны:

– «Қазбат» фильмі 1995 жылғы Тәжікстанда қаза тапқан жауынгерлер жөнінде ауыр естеліктерді есіме түсіреді. Киноны көріп отырып, көзіме еріксіз жас келді. Өйткені мен де қаза тапқан 17 жауынгермен бірге соғысқан едім. Қасымдағы қарулас жолдастарымнан қас қағымда айырылу өте ауыр, үлкен қайғы. Олардың әрқайсысының есімі менің жүрегімде мәңгі жатталды. Енді мұндай соғыс ешқашан болмасын деп тілеймін. Көркем фильм ұнады. Жауынгерлердің ерлігі мен Ұлттық ұланның әскери қызметі шынайы бейнеленген.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар