21.11.2019, 21:01
Қараулар: 193
Шындық пен әділдіктен тайсалмаған қайраткер

Шындық пен әділдіктен тайсалмаған қайраткер

Қазақстан халқы биыл ел тәуелсіздігінің 28 жылдығын атап өтеді. Бұл ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан арманы еді. Осы арманға жету жолында, тәуелсіздігіміздің көк туын желбіретіп, оның тұғырын нығайту жолында қаншама қан төгілді десеңізші! Осы арман аспаннан салбырап түспей, оны орнату жолында қаншама жан мерт болғанын ешуақытта ұмыту мүмкін емес. Бұл қасиетті құндылығымызды қастерлеп, ол үшін аянбай күрескен ерлерімізді есте сақтау ләзім. Сондықтан да өткен тарихымыздың ақтаңдақтарын толық және шынайы тұрғыдан қалпына келтіру – бүгінгі таңдағы тарих ғылымының негізгі міндеттерінің бірі. Еліміздің ерекше атауға тұратын мемлекет және қоғам қайраткерлерінің  қатарында Ораз Исаев та бар.

Ораз Исаев 1899 жылдың 24 қарашасында Батыс Қазақстан облысы, Ілбішін ауданына қарасты Ораз ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Исаевтар отбасының өмірі революцияға дейінгі барлық ауыл кедейінің өмірі сияқты ауыр жағдайда өтті. Бұл жылдарды еске ала отырып Ораз Исаев кейінірек өзінің өмірбаянында былай деп жазды: «Менің әкем батырақ отбасынан шыққан, өзі де ұзақ жылдар бойы батырақ болды. 24 жасқа дейін ол өзінің әкесімен Орынбор облысындағы Краснохолм ауданында тұрып, орыс-казактарда малай болды. Ол жақтан өз туыстарына қайтып оралғанда Ілбішіннен 7 шақырым жерде тұрды, сонда да батырақ болды. Кейінірек Ілбішіндегі кірпіш заводында ұзақ уақыт жұмыс жасай жүріп, жұмысшы-тас қалаушы болды».

Жаз мезгілдерінде көрші байлардың мардымсыз ақысына қозы, бұзау бағып, т.б. өзінің шамасы келетін жұмыста істеді. 6 жасынан мешіт жанындағы мектепке бара бастады. 1908 жылы 9 жасқа толған Оразды Өріктікөл – Жұбаныш көлдегі бір кластық орыс–қырғыз (қазақ) интернат училищесіне береді. 1912 жылы осы училищенің 4 бөлімін бітіріп, сол жылы басқа – Қарасу-Шалқар  екі кластық орыс-қырғыз училищесіне түседі. Алайда Ораз Исаев бұл мектепті оқып бітіре алмай, 1913 жылы әкесінің қайтыс болуына байланысты жанұядағы балалардың үлкені болғандықтан отбасын асырау үшін еңбекке араласады. Жас Ораздың зеректігін және оқудағы аса үздік үлгерімін ескере отырып, 1915 жылы бітіріп шығуына мүмкіндік береді. Батырақ баласының оқуға деген ынтасы мол болғанымен, одан әрі қарай білім алуы отбасындағы жағдайға және қаржының тапшылығына байланысты қиынға түсті. Ораз бұдан кейін 3-4 айдай ауыл старшынының хатшысы ретінде қызмет жасап, айына 12 сом 50 тиыннан жалақы алады. Петроградтағы Ақпан буржуазиялық революциясының жеңісі жөніндегі хабар Орал өлкесіне жеткенде, Ораз Исаев 17 жастағы бозбала болатын. Ол кезде Ораз ерекше көзге көрінетіндей саяси қызметтер атқарған жоқ. Оның бір себебі сол кездегі болып жатқан уақиғалардың саяси мәнін жас Ораз айқын түсінбеді. Оның көзі жетіп, көкейіне түйгені сол барлық жасалынып жатқан өзгеріс байларға қарсы жүргізіледі.

Ораз Исаев ешбір саяси жұмыстарға араласпай, бұрынғысынша болыстық земстволық басқармада хатшы болып жасап, отбасын асырады. Өзінен кейінгі екі інісі бақташылық құрды.

О. Исаев елде болып жатқан өзгерістерге зер сала қарап, саяси күреске араласып, қызметке кірісуі 1919 жылдан басталды. Бұл кезеңді Ораз Исаев өзінің өмірбаянында былай деп баяндайды: «1919 жылдың басында Қызыл Армия Совет үкіметіне қарсы күресуші Орал казактары мен Алашордашылар одағының орталығы болған Орал қаласын алды. Большевиктер аэропланның көмегімен листовкалар тарата бастады. Дәл осы кезде мен кейбір жайларды шын мәнінде түсіне бастадым. Бұл листовкалар буржуазия мен байлар, олардың кедейлер мен батырақтардың езгісі жөнінде айтып, ақпан революциясының езілуші бұқара халыққа ешқандай жеңілдік бермегендігін дәлелдеді. Осы насихаттың ықпалымен Қызыл Армия бөлімдерінің алдыңғы қатары Ілбішін қаласына енгенде (наурыз, 1919 жыл) барлық совет мекемелерінің таратылғанына дейін уездік – қалалық советтік милицияда жұмыс жасадым».

Азамат соғысының тарихынан белгілі жағдайларды еске алсақ, 1919 жылдың сәуір айының ортасында Каспий теңізі және Гурьев арқылы шетел импералистерінен қару-жарақ алған Орал ақ казактары шабуылға шығып, Ілбішінді алып, Орал қаласына таяу келген болатын. Сәуір айының аяқ кезінен бастап тарихта елеулі із қалдырған, биылғы жылы 70 жылдығын атап өткен Оралды ерлікпен қорғау басталды. 1919 жылдың шілдесіне Орал қоршауы талқандалып, қала азат етілді. Қашқан жауды өкшелеп қуа отырып, Қызыл Армия (25-атқыштар дивизиясы) 6 тамызда Бударинді, 9 тамызда Ілбішінді азат етті. Қалада совет құрылысы, мекемелердің жұмысы жандандырылды. Бұл кезде Ораз Исаев революциялық комитеттердің уездік советін ұйымдастыру жөніндегі инспекторы болып жұмыс жасады. Ревком төрағасы кейініректе атақты 25-Чапаев дивизиясының комиссары болған Крайнюков, оның орынбасары Әйтиев болған.

Ілбішін қаласының азат етіліп, сонда совет құрылысының жандануы Орал ақ казактарының талқанданғанын білдірмейтін. Орал ақ казактары Деникин армиясымен өзара байланыс жасай отырып, жаңа шабуылға әзірленді. Алайда олар бетпе-бет ашық шайқасқа бата алмады. 5 қыркүйекте осындай күтпеген тұтқиылдан жасалған шабуылдың нәтижесінде Ілбішін полковник Бородиннің тобының қолына көшті. Шайқас нәтижесінде азамат соғысының батыры В. Чапаев, дивизия военкомы П. Батурин, саяси бөлім бастығы Т. Суворов және т.б. штаб қызметкерлері қайтыс болды.

Қазақ ауылдарына советтер ұйымдастыру және ревкомның мұқтаждарына қажетті аттар сатып алу жұмыстарымен іссапарда болған Ораз Исаев басқа жолдастарымен бірге тірі қалды. Сүзек ауруымен ауырып, ауылда жасырынып жүрген Ораз Исаев казактардың тылында қалып қойды. Алайда бұл жағдай ұзаққа созылған жоқ.

Совет әскерлері ақ казактардың табанды қарсылықтарын жеңе отырып, 20 қарашада Ілбішінді қайта азат етті, ал 5 қаңтарда Орал майданы өзінің алдындағы міндетін толық аяқтауына байланысты жойылды.

Ауруынан толық айыға қоймаған Исаев Шалқар болысында Советтерді ұйымдастыруға қатысып, оның хатшысы, ал одан кейін болыстың атқару комитетінің төрағасы болады. 1920 жылы 25 қарашада Жымпитыда партияға кандидаттыққа, ал 1921 жылғы 1 маусымда толық мүшелікке қабылданды. Осы кезеңде (1920) комсомол және кәсіподақ ұйымдарын құруға атсалысты.

1921 жылдың басында Орал губерниясында Серов, Архенюк, Митрясов және басқа да бандылардың күшеюіне байланысты Ораз Исаев уездік және губерниялық төтенше комиссияға жұмыс істеуге жіберілді. О. Исаев басшылық жасаған барлау жасақтары жедел тапсырмаларды орындап, түсінік жұмыстарын жүргізеді.

1922 жылы О. Исаев партия жұмысына ауысады. Әуелі ол Орал  губерниялық партия комитетінің жауапты нұсқаушысы болып істейді, содан кейін Жымпитыда уездік партия комитетінің хатшысы, ал IV өлкелік партия конференциясынан соң Өлкелік бақылау комиссиясының төрағасының орынбасары болып сайланды және жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары болып қызмет атқарды (1923-24 ж. ж.).

1925 жылдың күзінде Исаев өлкелік партия комитетінде әуелі ұйымдастыру бөлімінде, содан кейін Қазақстан өлкелік комитетінің екінші хатшысы болып сайланды.

О. Исаев 1929 жылдан 1938 жылға дейінгі аралықта Қазақ ССР Халық комиссарлары Советінің төрағасы болып сайланды. Оның ХКС төрағасы қызметіне келуі Бүкілресейлік ОАК және СССР ОАҚ-ға сайлануына жол ашты. Ол Қазақстан өлкелік комитетінің мүшелігіне бірнеше рет сайланды. БКП(б) XVI және XVII сиездеріне партияның Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат, ал 1937 жылғы Орталық Комитетінің Пленумында кандидаттар қатарынан БКП(б) Орталық Комитетінің мүшелігіне өткізілді.

Ораз Исаев қазақ халқының қалың ортасынан шықты. Ол совет өкіметі тұсында өсті. Республикамыздың ірі мемлекеттік қайраткері болды. Республика өкіметінің басында тұрған кезінде ол республикадағы өнеркәсіптің, колхоздар мен совхоздардың одан әрі нығайып өсе түсуі, қазақ халқының ұлттық мәдениетін көрсету, Қазақстанды гүлденген республикаға айналдыру үшін белсенді түрде күресті. Халық алдында сіңірген еңбегі үшін О. Исаев 1935 жылы Ленин орденімен марапатталды.

О. Исаев Қазақстан ХКС төрағасы қызметінде жүргенде жергілікті басшылардың басым көпшілігімен бірге ұжымдастырудың сталиндік жолын жақтаған және тіпті жедел отырықшылыққа көшудің, ауылдың әл-ауқатын түзеудің бірден-бір жолы деп есептеген қателіктері болды. Ол өз сөзімен айтқанда, өлкелік комитеттің бірқатар қате шешімдерінің орындаушысы ғана емес, сондай-ақ инициаторы да болды. Мұнда партияның басты бағытына деген шүбәсіз сенуі де, Голощекин  ықпалына бас шұлғуы да белгілі рөлін атқарды. Оған қоса Сталиннің жеке басқа табынудың орын алуы жағдайында «халық көсеміне» қарсы пікір айту деген мүмкін емес-ті.

Дегенмен құжаттар айғақтап отырғандай, осы кезеңнің жауаптылығына қарамастан өз пікірін бүкпесіз айтқандардың бірі Ораз Исаев болды. Мәселен, ол 1930 жылы (наурыз айында) ХКС-де «Қазақстанның өзінің және одақтың мүдделері өкімет пен өлкелік комитеттің алдына союға әзірленетін малдың саны туралы мәселе қоюды» табандылықпен талап ететінін айтқан. Ол «Әзірге біз барлық нұсқауларды орындап келеміз, бірақ мал басы азайғанына және мал союды жалғастыра берсек, табынның негізгі қорын әлсірететінімізге көзіміз жете тұра біз үнсіз-түнсіз қала алмаймыз» деген Исаевтың астық дайындау жоспарларымен келіспеген аудандық басшыларға қарсы репрессияны қолдамайтынын сездіруі де осының дәлелі деп айта аламыз.

Бұл жерде айта кететін бір жайт – Қазақстандағы ауыл шаруашылығының, соның ішінде мал шаруашылығының және қазақ шаруаларының зардап шегуіне кері әсерін тигізген Қазақстан партия ұйымын басқарған Ф. Голощекин (1925 ж. қыркүйек – 21 қаңтар 1933 ж.) болды.

Оның «қазақ ауылында шын мәніндегі совет өкіметі жоқ, байлардың, рулардың үстемдігі бар» тұжырымы, жергілікті жағдайларды ескермей ұжымдастыру, оның қарқынын орталық аудандармен теңестіруге жасаған әрекеттері колхоз құрылысында кері әсерін тигізді. Сөзімізді дәлелдей түсу үшін мынандай сандарды келтіре кетейік: Қазақстанда шаруалар шаруашылығы 1929 жылы 1233 мың болса, 1936 жылы 565 мыңға азайды. 1929 ірі қара малдың саны 7442 мың болса, 1933 жылы 1600 мың, қойдың саны осы екі аралықта 21 943 мыңнан 1727 мыңға төмендеді.

БКП(б) ОҚ 1929 жылғы қараша Пленумы қазақ көшпенділерінің кәмпескеленген жерлерін алып, астық шаруашылығын құруды көрсеткен болатын. 1932 жылы бұл астық алқаптарынан 1,6 млн. тонна астық алу көздеді. Алайда бұл жерлер астық өндіруге жарамсыз болғандықтан, мұндай идея күйреу тапты.

О. Исаевтың шындықты, әділдікті тайсалмай көрсетуге тырысқанын мынандай фактілерді салыстырудан да көз жеткізуге болады.

Өзінің БҚП(б)-ның XVI съезінде (1930 ж.) сөйлеген сөзінде: «Қазақстанның жергілікті халықтарының 80-85%-ы ұдайы мал шаруашылығымен айналысады. Олар өз керектерін, оның ішінде астықты бұрын базардан сатып алатын-ды. Соңғы екі жыл ішінде астық дайындау жоспарын орындау үшін базар айырбасы тоқтатылған. Сондықтан қазақтар бұл күнде нан орнына ет жеп күнелтіп отыр. Бұрын бұлай мал өсіріп отырғандарға мақта егетіндер сияқты, өкімет тарапынан нан беру керек деген ұсыныс жасалған болатын. Бірақ бұл ұсынысты Сталин де, Голощекин де ескерусіз қалдырып, ет дайындау жоспарын күшейте түсті, әкімшілік жолмен шаруадан қалған малды ортаға алдырды. Осының салдарынан қазақ шаруалары миллиондап аштан өлді. 1932 ж. ақпанына қарай Қазақстан колхоздарының 87%-ға жуығы және жеке шаруашылықтардың 51,5%-ы малсыз қалды. Әдейі жасалынған апатты мына сандар толықтыра түседі: егер 1926 жылы Қазақстанның 80%-ы мал шаруашылығымен айналысқан болса, 1930 ж. жазына қарай оның үлесі 27,4% төмендеп кетті” [1, 165-170-б.].

1930 жылдың шілде айында өткен партияның XVI сиезінде Қазақстан сияқты ұлт аймақтарына колхоздардың орнына ТОЗ-дар құру ұсынылған еді. Алайда науқаншылдықтың салдарынан бұл мәселе басқаша бет алды. Ауыл тұрғындарының көрші болыстарға жаппай көшуі басталды. 1930 жылдың қаңтар айынан 1931 жылдың маусым айының аралығында республикадан өзінің байырғы жерлеріне 281 230 шаруашылық көшіп кетті. Егер орташа шаруашылықтардағы жанұя 6 адамнан тұрды деп есептейтін болсақ, көшушілердің саны 1 млн. 700 мың адамды құрады. Оның 500 мыңдайы Қытай және басқа көрші елдерге көшіп кетті. Еліміздегі қасіреттің басы осылай басталып еді. Дәл осы кезде республикадағы 45 млн. бас  малдың 33 млн.-ға жуығы қырылды. О. Исаевтың Одақтық үкіметтің төрағасы В. Молотовқа жазған хаты жауапсыз болды. Осымен бір мезгілде елде қуаңшылық орын алды. Төзімі таусылған О. Исаев өзінің әріптесі, республикадағы қаржы наркомы М. Орынбаев екеуі Кремльге В. Молотовқа, Одақтың қаржы наркомы Г. Гринько және РСФСР қаржы наркомы В. Яковлеваға хат жолдайды. Онда төл алу қиындықтары Қазақстанның едәуір бөлігін, әсіресе, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарын жайлағанын, оған қоса егін егуге тұқымның жетіспеуі де айтарлықтай қиындық туғызып отырғаны көрсетілді. Хатта көші-қон, мал басының азаюы және егістік көлемінің жағдайы толық баяндалды. Оған қоса халықтың төлемдік жағдайының төмендігін ескере отырып, Қазақ АССР-ның ХКК мына мәселелерді шешуге қолдау жасауға ұсыныс жасайды:

  1. 1932 жылға жұмылдырылатын қаржының бақылау санын төмендегідей төлемдер бойынша бекіту: ауылшаруашылық салығы, өзара салық, қауіпсіздендіру төлемдері, мәдени жиын, займдар, трактор орталығы кооперациясының тұтыну акцияларын іске асыру, колхозшылардың арнайы төлемдері мен ұзақ мерзімді несие қоры.
  2. 1933 жылдың өнімін алғанға дейін 1931 жылдың қалған қарыздарын қайтару мерзімін шегеру (саудаларды қайтару, дебиторлық қарыз, контракциялық аванс пен колхоздардың МТС-терге жерді өңдегені үшін төлейтін қарыздары).
  3. Қайтадан шаруашылықтарға оралып жатқан шаруашылықтарды барлық қарыздарынан босату.
  4. Біздің екінші тоқсандағы жинақтар мен төлемдер бойынша өтінішімізді толықтай қанағаттандыру [2, 125-128-б.].

Алайда бұл хатқа да О. Исаев жауап ала алмады. Бұл арада Т. Рысқұловтың көмегін ерекше атау қажет. Ол И. Сталиннің Сочиде демалыста жүргенін пайдаланып, В. Куйбышевтың қолдауымен ОК секретариатында Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуы мәселесіндегі Орталық пен Алматының саясатына (Голощекиннің – Т. Р.) өзгерістер енгізу жөніндегі құжаттар дайындау жөніндегі пікірді ұсынды.

1932 жылы 17 қыркүйекте ОК «Ауыл шаруашылығы, соның ішінде Қазақстандағы мал шарушылығы жөнінде» қаулысын қабылдады. Жоғарыда аталған екі қайраткерді соққыға душар етпеу мақсатында О. Исаев И. Сталиннің өзіне тікелей хат жазады.

Хатта елдегі орын алып отырған қиын жағдай мен жіберіліп отырған қателіктерді толық көрсете отырып, мынандай ұсыныстарды айтады:

  1. Алдын ала тексере отырып ОК-ке Қазөлкелік комитеттің баяндамасын тыңдап, кеңейтілген шешім қабылдау;
  2. ОК-тің шешіміндегі басты мәселе мал шаруашылығы болуға тиісті;
  3. Кедейленген малшыларға өнеркәсіп тауарлық және астық қорынан көмек көрсету;
  4. Бір жылға тұқымдық және азық-түлік (Қазақстан бойынша 10 млн.) қарызын қайтару мерзімін ұзарту және орталықтанған астық дайындау жоспарын 3 млн. пұтқа қысқарту. Бұл аз астық себуші мал шаруашылық аудандарының есебінен азайтылып, жоспардан алынуға тиісті. (Павлодар, Ақтөбе, жарым-жартылай Қостанай және Ақмола).
  5. Әрине, біздің кемшіліктеріміздің барлық кінәсін бір адамға артуға болмайды. Бүтіндей Өлкелік бюро мүшелері кінәлі. Белгілі бір жауапкершілікті мен аламын. Алайда жұмысты түбірлі қайта құру басшылықты арттыру үшін Өлкелік комитеттің басшылығын жаңарту қажет. Бірінші хатшының рөлі жалпыға белгілі” (Бұл хаттың толық мәтіні “Голод в Казахской степи (письма тревоги и боли)” — Алматы 1991-140-151 атты кітапта берілген).

Бұл жағдай О. Исаевтың батылдығын сипаттайды ғой деп ойлаймыз. Қысқаша айтатын болсақ, бұл хаттың ерекшелігі мынада: мұнда осындай дәрежедегі Қазақстан басшысы алғаш рет өлкелік комитеттің қателіктерін ешбір бұлталақсыз және өзара сын тұрғысында ашып көрсетті, ауылдың ауыр халін бейнелеп, БКП(б) Орталық Комитетінің қыркүйекте қабылданған арнайы қаулысының шеңберінен әлдеқайда шығып жатқан құтқару шараларын ұсынды. Бұл хатқа қосымша осы жағдайларды баяндайтын РСФСР ХКС төрағасының орынбасары Т. Рысқұловтың хаты да Сталинге тікелей жолданды. Сталин бұл мәліметтерге сенбей, бірнеше комиссия жіберіп, тек 4 ай өткен соң ғана (21 қаңтар 1933 ж.) Голощекинді Қазақстандағы жұмысынан босатып, Л. Мирзоянды тағайындады.

1933 жылы шілдеде БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетінің VI Пленумы Исаевтың «Ауылдағы жұмыс және мал шаруашылығын дамыту туралы»  баяндамасын талқылап, Қазақстандағы «өрескел саяси қателіктер мен бұрмалауларға» қатал баға берілді. Исаев көшіп кеткендерді отырықшыландыру және оларға шаруашылық жағдай жасау жөніндегі республикалық комиссияны басқарды. Бұл саладағы жағдай 1933-1935 жылдары түзетілді.

Әрине, авторитарлық басқару және жеке басқа табыну жағдайында бұл батылдықтар жауапсыз қала беруі мүмкін емес еді. Голощекинді орнынан алғаннан кейін Сталин Мирзоянмен әңгімесінде Ораз Исаевқа шын ниетпен баға бермегендігін «көсемнің» кейінгі қимыл-әрекеті дәлелдейтін сияқты. Сталин: «Исаев жергілікті халықтан шыққан, Қазақстанды барлық жағынан білетін кісі. Ол – іскер адам, Голощекинмен бірге асыра сілтеуге қатысса, енді сенімен бірге жіберген қателерді түзетуге қатыссын» деген пікір айтқан-ды.

Алайда 1938 жылы 31 мамырда О. Исаев Москваға шұғыл шақырылып, поезд үстінде тұтқындалды да, 1938 жылы 29 тамызда әскери коллегияның қаулысымен атылды. О. Исаевтың Жоғарғы Кеңестің мүшесі, БКП(б) XVII сиезінде сайланған Орталық комитетінің мүшесі екеніне қарамастан, Сталин оны тұтқындауға рұқсат берді. Исаев 1956 жылы СССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен қылмысы болмағандықтан толық ақталды.

Қазіргі жасампаз істер уақыты зерттеушілерді күллі тарихымыздың қалтарыстарын қамтитын байыпты тұжырымдар жасауға шақырады. Ал қазіргі таңда белгілісі – осы уақыт Ораз Исаев пен оның замандастарының есімі жабылған жала мен жағылған күйеден тазартылғанмен, олардың өмір жолы мен қызметін зерттеу енді ғана қолға алынды. О. Исаевтың қысқа, бірақ адамгершілік тазалығы мен шындық үшін күресе алатын, оны соңына дейін қорғай алатын принциптерге толы өмірі Максим Горькийдің айтқанындай, «Олардың рухани табандылығы мен рухани сұлулығына қуанышты сүйсінушілік» шақырады. Сондықтан да халқымыздың адал ұлы О. Исаевтың рухын ардақтай білу кейінгі ұрпақ мерейін арттыра берері сөзсіз.

Тұяқбай  РЫСБЕКОВ,             

тарих  ғылымдарының докторы,  профессор,

ҚР ҰҒА  құрметті  академигі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар