21.11.2019, 21:00
Қараулар: 164
Медсақтандыру – денсаулық кепілі

Медсақтандыру – денсаулық кепілі

2020 жылдың 1 қаңтарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Соған байланысты Орал қалалық көпбейінді қалалық ауруханада өткен жиында облысымыздағы медициналық ұйымдардың дайындық мәселесі талқыланды. Оған қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына МӘМС-тың жаңа моделі жайында түсіндіру жұмысын ширатуды тапсырды.

– Медициналық сақтандырудың тиімділігі жайында әр тұрғынға түсіндіруге тиіспіз. Мемлекеттік тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі арқасында қымбатқа бағаланатын медициналық қызметтер мен тексерулер қолжетімді болады. Денсаулық сақтау саласының мамандары мен мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың дайындығы маңызды рөл атқарады. Президент тапсырмасына сәйкес халыққа түсіндіру жұмысын ширату керек, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали салаға қатысты бірқатар мәселені тарқатып айтты. Өңірімізде 1701 дәрігер, 6308 орта медициналық қызметкер бар. Биылғы он айда облысқа 105 жас маман келген. Оның ішінде 53 маман ауылдардағы медициналық ұйымдарға қызметке тұрған.

Қазіргі уақытта жалпы тәжірибедегі дәрігер, хирург, акушер-гинеколог, анестезиолог, кардиолог, невропатолог мамандықтары бойынша жоғары білімді 284 маман жетіспейді.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында облыстағы 51 медициналық ұйыммен медициналық сақтандыру қоры 34,8 млрд. теңгеге келісімшарт жасасқан. МӘМС-ты жүзеге асыруда медициналық ақпараттандыру жүйесін дамыту басты назарға алынған. Қазіргі уақытта 36 мемлекеттік медициналық  ұйым «KazMed» жүйесіне, облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы «АДИС» бағдарламалық кешеніне қосылған.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен жұмыстану үшін кең жолақты интернет желісі қажет. Облыстағы 386 медициналық ұйымның 120-сы интернет желісіне қосылмаған. 62 мекеме Beeline модемін, 61 мекеме 4G жиіліктегі ALTEL желісін пайдалануда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында компаниялар спутникалық антенна мен сымсыз интернет құрылғысын пайдалануды ұсынды. Бірақ бұл мәселе қаржыға келіп тіреледі. Ал ауылдарда интернет болмауына байланысты мамандарымыздың аудан орталықтарына сабылуына тура келеді, – деді Нұрданат Беркінғали.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлова нормативтік-құқықтық база әзірлеу, тарифтік саясат, медициналық қызметті сатып алу, мамандар даярлау, ақпараттық жүйелерді дамыту қарқынды жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, облыстағы 670 мыңнан астам тұрғынның 255 мыңы жеңілдік жасалатын 15 санатқа кіреді. Олар үшін қаржыны мемлекет аударады. 17 мың жұмыс беруші және 42 мың жеке кәсіпкерлік  пен шаруа қожалық иелері 286 мыңға жуық қызметкерге медсақтандыру жарнасын төлеген. Қыркүйек айында белгілі болғандай, 35 мыңдай адамның әлеуметтік мәртебесі анықталуы қажет. Нұржамал Жұмағұлова атқарушы құрылымдармен бірлесе жұмыс жүргізіп, жыл соңына дейін оларды да қамтып үлгеретінін айтып сендірді. Мамандардың сөзінше, арнайы санатқа кіргендер үшін жарнаны мемлекет төлейді. Ал мүлдем жұмыс істеуге құлқы жоқ адамдар ай сайын медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақының 5 пайызын – 2125 теңгені төлесе, әлеуметтік пакет көмегін пайдалана алады. МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға медициналық қызметтердің жаңа түрлері ұсынылады. Қымбат зертханалық тексерулер мен кеңейтілген амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту, ересектерді профилактикалық қарау қолжетімді болады. Медициналық көмек көлемі сақтандырылған адамның табысы мен жарнасына байланысты болмайды.

– Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, медициналық сақтандыру жарнасын төлеу қажеттігін кеңінен түсіндіру қажет. Оның ішінде жұмыс берушілермен түсінік жұмысы жүргізілуі тиіс. Олар жұмысшылар есебіне жарнаны уақтылы аударып отырсын. Кез келген тұрғын тікелей байланыс телефоны мен  сайттар және басқа да интернет-ресурстар арқылы МӘМС артықшылығы мен әлеуметтік пакет туралы дер кезінде ақпарат ала білуі керек. Интернетсіз отырған ауыл тұрғындары медицина саласындағы мемлекеттік кепілдендірілген көмек жайында құлағдар болуына жағдай жасаңдар, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар