21.11.2019, 20:58
Қараулар: 182
…Ізін жасырмақ болған жүргізуші ұсталды

…Ізін жасырмақ болған жүргізуші ұсталды

Сәрсенбіде  Орал қаласының  Бәйтерек шағынауданы  Нұр  көшесі  5-үй  маңында  10  жасар  қызды  қағып, бой тасалаған  1986  жылғы  жүргізуші  ұсталды.

Өкінішке орай, жасөспірім жол апатының салдарынан алған дене жарақатынан тіл тартпай кетті. Қылмыстық оқиғаның ашылуына сол маңнан өтіп бара жатқан Бәйтерек ауданы Новенький ауылының тұрғыны М. есімді азамат көмектескен.

– Оқиға орнына БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимов барып, жедел тергеу тобын басқарды. Күдіктіні ұстауға жеке құрам жұмылдырылды. Көшелердегі қиылыстарға және  қаладан шығар жолдарға жасақтар қойылды. Оқиға орнын қарау кезінде аутокөліктің сол жақ айнасының, алдыңғы  бампер бөлігінің сынықтары табылды, сол бойынша көліктің түсі, маркасы анықталды. Облыс көлемінде сол белгілерге ұқсас келетін 698 бірлік жасыл түсті «Ауди» көлігінің бары белгілі болды. Барлық шағынаудан, жеке сектор аумақтарындағы мекенжайлары бойынша сондай көлік иелері тексерілді. Түнгі сағат екілер шамасында бір көлік иесі өзінің көлігін белгісіз біреулердің айдап кеткенін айтқан. Соған орай тексеру жүргізілді. Артынша тексеру барысында дәлелдемелер көрсетілгеннен  кейін, әлгі көлік иесі өзінің жол-көлік оқиғасына кінәлі екенін мойындап, өкінішін білдірді. Жұлдыз шағынауданы аумағындағы саяжайдан оның аутокөлігін таптық, дейді –  БҚО жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция  полковнигі  Манарбек  Нажиев.

Қазір күдікті уақытша оқшаулау изоляторына қамалған. ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі және 347-бабына сәйкес сотқа дейінгі  тергеу  амалдары   жүргізілуде.

Гүлсезім  ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар