21.11.2019, 20:57
Қараулар: 179
Халық үніне құлақ түрген қабылдау

Халық үніне құлақ түрген қабылдау

Бейсенбіде  Орал  қаласындағы Х. Бөкеева  атындағы  облыстық қазақ  драма  театрында  Мемлекет  басшысының  «Халық  үніне құлақ  асатын  мемлекет»  тұжырымдамасында  белгіленген  міндеттерді  орындау  мақсатында «Бірыңғай  азаматтарды  қабылдау күні»  өтті.  Бұл  акция  жалпы республикалық  іс-шарасы  аясында  ұйымдастырылды.

Шара барысында облыс және қала басшылығы, облыстық басқармалар, коммуналдық мекемелер басшылары мен мамандары сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін және 14.00-ден 19.00-ге дейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдау күніне келген тұрғындар жеке мәселелері бойынша талон алып, қабылдаушы жауапты тұлғаларға кезекпен ың-шыңсыз барды. Солардың арасынан ғалым, атбегі Алтай Зинуллинді әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, Бөкей ордасында Мырзабай Боранбаев есімді азаматтың шаруашылығында көшім, жабы және мұғалжар тұқымды жылқыларын будандастырып, Ақжайық ауданындағы Жанғабыл Таспаевтың шаруашылығында жылқының асыл тұқымды жаңа екі түрін шығару бағытында жұмыстар жүргізілуде. «Іскер жандардың көмегімен жылқы және түйе шаруашылықтарындағы өнімдерімізді «халал» стандарттарына сай өндірістік бағытта жобаны іске асырудамыз. Жоба бойынша 14 ауданнан 150 жұмыс орнын ашуымыз керек. 170 жылқы және түйе шаруашылықтарына асыл тұқымды жылқылардың  170 есепшісі мен 170 зоотехник, ұлттық технологияға кәсіби шебер маман қажет.

Ғылымды дамытуға қаржылай қолдау жағы кемшін. Атакәсібімізді өркендететін жобамызбен жұмыстануға жер де керек. Бұдан да басқа мәселелерге облыс басшысының қолдауы қажет», — деді Алтай Зинуллин.

Қала тұрғыны болғанымен, Бәйтерек ауданында жұмыс істейтін отбасылық шаруашылығы бар Мақпал Мұқанбетова облыс әкімі Ғали Есқалиевтің жеке қабылдауында болғанына қуанып шықты. «Бау-бақшамен айналысамыз. Жерімізді 2013 жылдан бері жалға алып пайдаланып келеміз. Енді 49 жыл жалға алуға берген  арызымыз қанағаттандырылмады. Сотқа жүгініп, оң шешімге қол жеткіздік. Сөйтіп, әрең дегенде келісімшартты ұзарттық. Сот барысында белгілі болғандай, біздің жерді жалдау мерзімін ұзарту жөніндегі арызымыз аудандық әкімдік жанындағы жер комиссиясында мүлдем қаралмаған. Макаров ауылдық округінің әкімі «сіздер ауданда «пропискіде» жоқсыңдар» деп қабылдамай қойды. Осындай өз қызметтеріне жүрдім-бардым қарайтын мемлекеттік қызметшілерді және жер комиссиясының әділетсіз мүшелерін заңды жауапкершілікке тарту жөнінде шағым айттым», — деді зағип ана М. Мұқанбетова.

АҚШ-та екі жыл тұрған оралдық зейнеткер-ұстаз Нұрболат Қарақойшиев интернеттен Оралдағы «Омега» зауыты жағындағы зираттың өртенгені жайындағы ақпаратты оқыған. Содан елге келісімен марқұмдардың мекенін ретке келтіру мәселесін шешуге бел байлайды. «Оралға келген соң, алдымен сол кездегі облыс әкімі А. Көлгіновтің қабылдауында болдым, ол қолдайтынын білдірді. Бірақ әлі күнге мәселе шешілген жоқ. Зират атқора секілді күтілмейді, ішінде бес «КамАЗ»-ға жүк боларлық қоқыс бар, ашық-шашық. Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің қабылдауында болдым. Ол алдағы қаңтар айына дейін зиратты қоршап, қоқыстан тазалаймыз, күзетші болады дегенде көзіме жас үйірілді», – деді азаматтық ұстанымы нық Нұрболат Қарақойшиев.

Қала тұрғыны Вера Уланованың әкесі Григорий Недопекин Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 2003 жылы дүниеден өткен. Ал анасы Евдокия Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілген азаматтар санаты бойынша кезекпен Зашаған кентінен арнайы салынған көп қабатты үйден заң нормаларына сәйкес 2014 жылы бір бөлмелі пәтер алған. Алайда үйді орталықтан алыс әрі көлемі тар деп көңілі толмайтын В. Уланова оның орнына қаладан екі бөлмелі пәтер сұрайды. Бұл мәселеге қатысты қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев В. Уланованың анасына берілген үйді тегін жекешелендіргенін, үй қорынан тағы үй беріп, тұрғын үй жағдайын жақсартуға  заңда еш негіздеме жоқтығын  алға  тартты.

– Тұрғындардың көбісі мүгедектік тағайындау мәселесімен келді. Емханаларда олардың денсаулығын тексеріп, зерттеп, диагнозын қойып, жолдама береді. Мүгедектікті Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті-нің БҚО бойынша департаментіне қарасты медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімі тағайындайды.  Бірқатары дәрімен қамту мәселесі бойынша келді. Бірақ олардың сұрайтын дәрі-дәрмегі тегін берілетін дәрілер тізіміне кірмейді. Мысалға, тұмауға, жедел респираторлы жұқпалы инфекциялы ауруларына қарсы анафрон, бөтеке, простатит ауруларына қолданылатын витапростол сықылды шөп негізінде жасалған дәрілер.  Бір әйел адам  2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша сақтандырылған барша азамат бағасы қымбат диагностикалық процедураларды, соның ішінде әр түрлі жұқпалы және тұқым қуалайтын ауруларды анықтауға мүмкіндік беретін әдісі болып табылатын полимеразды тізбекті реакция (ПТР),  магнитті-резонанстық томография тегін болатынын естіп таңғалды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат  Беркінғали.

Қабылдау күніне 480 адам келді. Оның 200-ге жуығы облыс және қала әкімдеріне жеке мәселелерімен жүгінген. Тұрғындардың басым бөлігін тұрғын үй, жер, әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту мәселелері толғандырады. Сондай-ақ несие қарызы бойынша да көмек  сұраушылар  болды.

Айта кетейік, осындай іс-шара барлық аудан орталығында, ауылдық  округте,  кентте  жүргізілді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар