18.11.2019, 21:49
Қараулар: 129
«Теңге – тәуелсіздіктің, тұрақтылықтың белгісі»

«Теңге – тәуелсіздіктің, тұрақтылықтың белгісі»

15  қарашада  Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында  ұлттық валюта –  теңге  және  қаржыгерлер  күніне арналған  салтанатты  жиын  өтті. Облыс әкімі  Ғали  Есқалиев  өңір  тұрғындарын, қаржы  саласының  ардагерлері  мен  мамандарын  мерекемен  құттықтады.

Әрбір мемлекеттің экономикасының дамуы мен халқының әл-ауқатының артуы ұлттық валютасына байланысты екені белгілі.  Осыдан 26 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен  тарихымызда алғаш рет ұлттық теңгеміз айналымға енді. Бірінші ақшаны дизайнерлер екі ай ішінде жасақтап, оны елімізде техникалық жағынан шығару мүмкін болмағандықтан Ұлыбританияға жолдады. Ұлттық валюта айналымға шыққан соң екі жылдан кейін өз банкноттық фабрикамыз пайда болды. Теңге Ұлыбританияның  “Харрисон және оның ұлдары” деп аталатын банкнот фабрикасында басылды. Ақшаның бірінші партиясын сақтау үшін ерекше жер асты қоймалар салынды. Қазақстанға барлық теңге төрт «ИЛ-76» ұшағымен тасымалданды. Аптасына Лондонға 18 рейс жасалып, теңгенің бірінші партиясы алдымен Оралға жеткізілгенін біреу білер, біреу білмес.   Теңгені елімізге әкелгеннен кейін есепшілер үзілссіз жұмыс істеді. Теңге үлкен тарихи жолды бастан өткерді. Осы залдағы ардагерлеріміз бен орта буын өкілдері 90-жылдары еліміздің экономикасы қандай қалде болғанын жақсы біледі.  Сондай қиын кезеңдерден болашаққа айқын бағыт алған еліміздің экономикасы мен төл теңгеміз талай қиыншылықтарды бастан кешті. Бүгінгі теңгеміз тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, Халықаралық валюта ассоциациясы сынды беделді ұйымдардың «Жылдың үздік валютасы» жүлдесіне ие болды.  Ұлттық нақышта өрнектелген теңгеміз ең әдемі валюталар қатарында. Әрбір тәуелсіз елдің символдарына Ту, Елтаңбамен  бірге ұлттық валюта да жатады. Ұлттық валюта мемлекет ішіндегі тек айырбас құралы ғана емес, елдің экономикалық тәуелсіздігінің, тұрақтылығының белгісі болып табылады, – деді Ғали Есқалиев.

Одан әрі облыс басшысы қаржы саласы қызметкерлерінің ел экономикасын дамыту мен нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, сала үздіктеріне марапат табыс етті. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрайымының алғысхатымен  қаржы саласының ардагері Серік Тұрсынов, облыс әкімінің алғысхатымен БҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Әлібек Қадырбеков, қазынашылық департаментінің басшысы Дархан  Қуанышев,  экономикалық тергеу департаментінің басшысы Саян Жұмағұлов, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Бауыржан Қабдыраш, облыстық қаржы басқармасының басшысы  Дулат  Имашев,  экономика және бюджетті жоспарлау  басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов, мемлекеттік кірістер департаментінің басқармаларының бас мамандары Салтанат Жұматаева, Гүлнара Юсупова және өзге де қызметкерлер марапатталды.

Жиында қаржы саласының ардагерлері Рахметолла Сүйербаев, Серік Тұрсынов, Өтеғали Ахаев, Сергей Углов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдірді. «Бүгін ерекше күн. Қай мемлекетте болмасын қаржы мәселелерімен айналысатын өкілетті құрылым болады.  90-жылдары Қаржы министрлігі құрамында қызмет еттім. Ол кезде экономика тұралап қалған еді. Республикалар арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, одақтар таратылды. Міне, сол кезде жекешелендіру комитеті, одан кейін мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті құрылған болатын. Бұл Президенттің, Үкіметтің тарихи ше-шімдері болды. Өйткені өндіріс тоқтап қалды, ауыл шаруашылығы құлдырап кеткен кез еді. Жалақы берілмейтін, зейнетақы кешіктірілетін. Сондай қиын кезде, әр жылдары түрліше аталған мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің облыстық ұйымына басшы болу бақыты бұйырды. Енді бүгінде араға көп уақыт салып бүгінгі күннің биігінен өткенге түрлі баға береміз. Сондықтан сол құрылымдардың жұмысына сол қиыншылыққа толы кездің «көзімен» қарап баға беру керек деп білемін. Бүгінде қаржы саласындағы қызметкерлер үлкен мемлекеттік міндеттерді орындап жүр. Барлығыңызды мерекемен құттықтап, барлық жақсылықты тілеймін», – деді Р. Сүйербаев.

Жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар