18.11.2019, 21:48
Қараулар: 172
38 тұрғынды қабылдады

38 тұрғынды қабылдады

Сенбі  күні  облыс  әкімі, «Nur Otan»  партиясы  Батыс  Қазақстан  облыстық филиалының  төрағасы  Ғали  Есқалиев  азаматтарды  қабылдады.

Айта кетейік, партия филиалы төрағасының қабылдауы  бекітілген кестеге сәйкес айына бір рет  өтеді. Қабылдау жөнінде жыл басында партия филиалының ресми сайтында жарияланады. Ғали Есқалиев бұл күні 38 тұрғынды  қабылдады. Олардың 15-і әлеуметтік, 12-сі баспана мәселелерімен келген. Бес адам еңбек қатынасына қатысты жүгінген. Ал қалғандары денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы секілді басқа да мәселелерді алға тартты.

Тұрғындар арасында жеке мәселелермен қоса, қоғамдық маңызы бар проблемалар мен  ұсыныс-пікірлерін білдіргендер де болды.

– Алдымыздағы жылы Ұлы Жеңіске 75 жыл толмақ. Жәнібек пен Орда аудандары Сталинград  майданының  шебі болды. Сол  себепті  аталмыш  аудандардың тұрғындары  атынан қос ауданға «Қаһарман аудан» деген атақ берілсе деген  ұсынысымды айттым. Өйткені өскелең ұрпақ туған жерінің тарихын білуге міндетті. Соның ішінде соғыс жылдарындағы ауылдың тыныс-тіршілігінен хабардар болу керек. Бұл бағытта көп ізденіп жүрген Ахмедияр Батырханов пен тарихшы Ерлан Жиеналиевтің зерттеу жұмыстары бар. Облыс әкімі бұл мәселені қарастыратынын айтты, – дейді Қуаныш Қисметов.

Қабылдауға келген бір топ тұрғын Оралдағы ет комбинаты ауданында орналасқан М. Горький атындағы Орал қалалық кітапхананың  №6 филиалы жөнделсе деген тілектерін  жеткізді. Олардың айтуынша, жауынды-шашынды күндері ғимараттың  төбесінен су ағатындықтан, еденге  шелек, табақ қойып, амалдап отыр.  Ал кітапхананың жұмысы көңілдерінен шығатынын айтады. Өйткені онда мәдени-көпшілік шаралар жиі өтіп, жастар мен оқушылар белсенді атсалысады екен. Әсіресе, қариялардың уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Қабылдауға қатысқан қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкайдың сөзінше, бұл нысанды жөндеу үшін 53 млн. теңгеге жобалау-сметалық құжаттама жасалған. Алайда биыл қаражат тап-шылығына байланысты жөндеу жұмыстары басталмай тұр. «Біздің қолымызда кітапханалар ісін дамыту тұжырымдамасын өзгерту  бойынша жоспар бар. Соған сәйкес кітапхана заманауи үлгіге сай жабдықталып, қызмет көрсетуі керек», – деген облыс әкімі алдағы аптада осы кітапхананың жай-күйімен танысатынын айтты.

Партия филиалы төрағасы қабылдауға жазылған тұрғындардың шағым, ұсыныс-тілектерін тыңдап, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар берді.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар