18.11.2019, 21:47
Қараулар: 209
«Батысқазақстандықтардың кәсіпкерлік белсенділігі төмен»

«Батысқазақстандықтардың кәсіпкерлік белсенділігі төмен»

Жақында «Атамекен» ҰКП БҚО кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің  отырысы өтіп, онда «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобаларының жүзеге асу барысы  талқыланды.

Аймақтық кеңес төрағасы Мұрат Жәкібаев жетекшілік еткен басқосуға  облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты. Отырысты жүргізген  Мұрат Орынбайұлы  таяуда  өткен  ҚР ҰКПның VІ сиезінде кәсіпкерлікке қатысты көп мәселе қозғалғанын атап өтті. Сиезде  «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобаларына қатысты нақты тапсырмалар берілген. Аталмыш жобалардың облыста жүзеге асырылуы жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасының  директоры  Бақдәулет Ибраимов баяндады.

Оның сөзінше, «Бастау Бизнес» жобасы 2017 жылы облысымыздың бес, яғни  Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Бәйтерек, Теректі аудандарында пилоттық режімде жүзеге асырыла бастаған. Ал былтыр бұл жоба өңірдегі барлық аудан мен Ақсай қаласында іске қосылды. Жоба бойынша 2141 адам оқып, 751 жоба 2,1 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Биыл «Бастау Бизнес» жобасы облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге аса бастады. Бүгінде жобаға тұрғындардың білім-білігін арттыру бағытында  13 бизнес-тренер, 13 үйлестіруші және  13 консультант-кеңесші тартылып отыр. Қазір 2391 адам бизнестің қыр-сырын меңгеріп шыққан болса, 789 тұрғын білім алуда. Ал Жастар жылы аясында  18-ден  29 жасқа дейінгілер арасында шілде айында  «Жас кәсіпкер» жобасы бастау алды. Екі лекпен оқыған жастардың 816-сы бизнес-жоспарларын қорғап шыққан екен. Оларға  оқу бітірген соң 16,5 мың теңге шәкіртақы төленіп, сертификат табыс етілген.

Отырыс  барысында  БҚО кәсіпкерлер палатасының Ақжайық, Бөкей ордасы және Қазталов аудандарындағы филиал директорлары  жобалар шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп  берді. Олар  жобаларды жүзеге асыру барысындағы жұмыстардың статистикалық мәліметтерімен қоса, кейбір мәселелерді де ортаға салды. Мәселен,  жобалар бойынша оқитындарды аудан орталығына жинауда  қиындық бар екен.  Себебі  шалғай ауылдарда тұратындар аудан орталықтарына  барып оқуға  қиналады. Осы тұрғыдан алғанда,  шәкіртақы мөлшерін көбейтсе деген де ұсыныс айтылды. Сонымен қатар несие алу үшін кепілге зат қоюда да қиындық бар.

Жиынды қорытындылаған  облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің сөзінше, республика бойынша біздің облыста кәсіпкерлікке деген белсенділік төмен. Сондықтан да  тұрғындардың бизнес бастаудағы білімбілігін жетілдіріп, кәсіп ашуға бағыттау үшін тың жобаларды, жаңа мүмкіндіктерді қарастыру  керек. Бұл істе әкімдер мен кәсіпкерлер палатасы  бірлесіп жұмыс істегені дұрыс.

— «Бастау Бизнес» бойынша тұрғындарды оқытамыз. Бірақ олардың көпшілігі  несие емес,  грант алуға өтініш білдіреді.  Яғни  тегін ақша алғысы келеді. Бұл да ойланатын мәселе. Қазір екінші деңгейлі банктермен жұмыстар жүргізілуде.  «Атамекен» ҰКП облыстық филиалының  базасында әр банктің өкілі отырып, кәсіпкерлерге кеңес беретін болады. Қаңтар айынан бастап «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы ғимаратының бірінші қабатында бизес дамыту орталығын ашу жоспарда тұр. Осы жерде кәсіпкерлерге, инвесторларға қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетпекші. Сонымен қатар жаңа қызметтің бір түрі  – аграрлық сала бойынша қызмет көрсетілмек. Қазіргі таңда облыс орталығында ауыл шаруашылығы құрылымдары әр жерде, яғни ветеринарлар бір шетте, ауыл шаруашылығы басқармасының өзі  басқа жақта орналасқан. Яғни ауылдан келген адамдар қажетті құжаттармен қаланы айналып жүріп, алтын уақыттарын жоғалтады. Агроорталық осындай қиындықтарды болдырмайды. Екінші қызмет көрсету түрі  экспорт «терезесі»  болмақ.  Онда экспортқа шығарылатын тілдерге қатысты  кеңес, тиісті құжаттарды толтыруда көмек беріледі. Бұл қызметтерді цифрландыру да ойда бар. Электронды құжат жүргізу пилоттық жоба негізінде қолға алынатын болады. Аталмыш бастамалар облыстағы кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне оң ықпал етеді деп білеміз. Бұл кәсіп ашуға ниетті жандардың да ынтасын арттырады, — деді Мұхтар Наурызбайұлы.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар