18.11.2019, 21:46
Қараулар: 209
Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ел-жұрттың талап-тілегін ескерусіз қалдырмаймыз»

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ел-жұрттың талап-тілегін ескерусіз қалдырмаймыз»

Өткен жылдың соңында газетімізде «Орыстар» аздай, енді «армяндар» шықты» деген материал жарық көргені белгілі. Ал биылғы жыл басында республикалық «Айқын» басылымында жарияланған «Шетелдік нөмір таққандар шектен шығып барады» деген мақала да көптеген отандасымыздың назарына ілікті. Осы мақалаларда көтерілген мәселелерге орай биылғы 1 ақпанда ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаты ҚР Премьер-министріне сауал жолдаған еді. Соған орай сенатор жерлесіміз Нариман Төреғалиевпен сұхбаттасқан едік.

— Нариман Төреғалиұлы, өзіңіз бастаған бір топ сенатор сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалыңызға алынған жауапқа қанағаттандыңыз ба?

— Көпшілікке түсінікті болуы үшін мәселені басынан бастап баяндайын. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден сатып әкелініп жатқан әбден тозығы жеткен ескі көліктердің жайы депутаттық сауалымызға себепші болды. Бір ғана Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес бірдей өңірімен шектеседі. Әуелден «ауылы аралас, қойы қоралас» екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас жыл өткен сайын қарқын алып келеді.

Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында шекаралардан әрлі-берлі өту біраз жеңілдегеннен кейін алыс-беріс те, барыс-келіс те жақсара түсті. Соның бір айғағы – соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында тіркелген көлік саны күрт өсуде. Бүгінде облыста 143 мыңнан астам көлік тіркелсе, оның 43 мыңы соңғы бес жылдың еншісінде. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Бірақ сол Ресейден сатып әкелініп жатқан ескі көліктер еш жерде тіркелмей, жол ережелерін бұзуға әбден әуестеніп кеткені халықты және құқық қорғау  құрылымдарын да әбігерге салуда. Бұған дәлел, өткен жылы облыс аумағында 3724 әр түрлі жол-көлік оқиғалары орын алған болса, оның ішінде 583 жол-көлік оқиғасы шетелдік көліктерді тізгіндегендердің үлесінде екен. Солардың 102-сі жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен көліктер болса, бір жағдай адам өліміне алып келді. Шетелден сатып әкелінген көліктердің қатысуымен болған жол ережелерін бұзушыларды анықтау өте қиынға соғуда. Яғни оларды тіркеу немесе бақылау мәселелері заңды түрде реттелмегендіктен, қашып кеткен көліктерді іздестіру оңайға соқпай отыр және әкімшілік шара қолдану мүмкіндігі де шектеулі. Себебі көліктің иесі шетелдік азамат, ал бізде ол машинаның иесі кім екені белгісіз. Осындай иесіз көліктер әр түрлі қылмысқа барушылар үшін де қолайлы екені даусыз.

БҚО ПД жергілікті полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында жүргізген іс-шаралар кезінде ресейлік нөмірлі көліктерді анықтап, есепке алу мақсатында Ресей Федерациясына 1074 көлікке қатысты жіберген сұранысқа 215 жеңіл көлікке қатысты жауап алынған. Оның 68-і бойынша сол елдегі көлік иелері салық төлемеу үшін тіркеуден шығарып тасталғаны, бұдан басқа төрт көлік халықаралық іздестіруде екені анықталған. Өкінішке орай, облыста тіркелмеген шетелдік нөмірмен жүрген көліктер жолаушылар тасумен қатар, жүк тасымалымен де айналысуда. Олар тіркелген жері бойынша техникалық байқаудан өтуге тиісті, ал іс жүзінде қолдарында тек талондары бар. Бұл көліктердің нақты техникалық байқаудан өткен-өтпегендігін анықтау мүмкін емес.

Осы аталған жағдай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен шекаралас Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Өскемен, Қостанай, Петропавл, Павлодар қалаларында және елордада да орын алып отыр.

Соңғы кездері Армения мен Қырғызстаннан ескі жеңіл көліктер өте көп сатылып әкелінуде.

Шет мемлекеттерден Қазақстанға әкелінген көліктерді тіркеуге алу қолданыстағы заңмен белгіленбегендіктен, осы екі елден келген  көліктер санын анықтауға мүмкіндік болмай отыр. Бұл аз болғандай, заңсыз көліктер Монғолиядан да келуде.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміз бойынша өткен жылдың 1 желтоқсанына тіркелген жеңіл көліктердің саны 4 млн. 48 мың бірлікке жеткен. Соның 63,5 %-ы  пайдалану мерзімі он жылдан асқан көліктер. Демек, еліміздегі аутомобиль паркінің ескіруі экологиялық мәселелерді ушықтырумен қатар, экономикалық шығындарды да еселей түсуде. Мемлекет тарапынан осы мәселені шешуге қатысты ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес ескі көліктерді жою ережелері қабылданғаны белгілі. Алайда шетелде немесе біздің елде тіркеуде жоқ ескі көліктерді жоюдың өзі екіталай.

Осы жайттың бәрін баяндай келіп, республикамызда адамның өмірі мен оның қауіпсіздігі ең басты құндылық екенін атап көрсетіп, Үкімет басшысынан осы мәселелерді реттеуге қатысты қандай шаралар қабылданып жатқаны және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Үкіметтің ұстанымы туралы ақпарат беруді сұрадық.

Бір айдан соң, яғни 1 наурызда ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің қолы қойылған жауап хат келді. Онда ЕАЭО шеңберінде көліктер Ресей мен Белоруссиядан еліміздің аумағына шектеусіз әкелінуі және пайдаланылуы мүмкін екендігі баяндалған. «Қырғызстан мен Армениядан әкелінетін аутомобильдерге қатысты аталмыш мемлекеттердің ЕАЭО-ға қосылуы туралы келісімшарттарға сәйкес бірқатар шектеулер бар. Атап айтқанда, Қырғызстанда 2014 жылғы 1 қаңтар – 2020 жылғы 1 қаңтар аралығында жеңілдік режімінде кедендік тазартудан өткен көліктер шетелдік аутомобильдер болып танылады. Оларды елімізге Қырғызстан мен Армения аумағында тұрақты тұратын адамдар ғана әкеле алады. Аталмыш көліктерді өзге адамдардың әкелуіне және пайдалануына, сондай-ақ иелену құқығынан айыруға оларды кедендік декларацияланғанда, кедендік баж салығы және өзге де салықтарды төлеген жағдайда ғана жол беріледі. Сонымен қатар республикамызға уақытша әкелінетін көлік құралдарын пайдалануды бақылауды жүзеге асыру мақсатында Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда. Онда елімізге 10 тәуліктен астам мерзімге әкелінген көлік құралдары мен оларды басқаратын адамдарды жол жүру қауіпсіздігі жөніндегі уәкілетті құрылымда міндетті уақытша тіркеуді көздейтін түзетулер бар. Бұл ретте уақытша әкелінетін көлік құралдары уәкілетті құрылымда тіркеуден өтпеген жағдайда оларды республика аумағында пайдалануға тыйым салынатын болады. Осы шаралар республикамызға уақытша әкелінетін көлік құралдарын пайдалануды бақылауды тиімді жүзеге асыруды, олардың техникалық жай-күйін тексеруге және оларды басқаратын адамдарды аутоматты режімде техникалық құралдармен тіркелген жол жүру кезіндегі құқықбұзушылықтары үшін жауапкершіліккке тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ оларды пайдаланып, қылмыс жасаған адамдарды жедел анықтауға және іздестіруге ықпал етеді» деп жазылған.

— Өңірлерге жасаған сапарларыңыз барысында тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің ішінде бүгінгі таңдағы ең өзектісі, қоғам үшін ең маңыздысы қайсысы деп ойлайсыз?

— Өңір тұрғындары, әсіресе, ауылдағы ағайын тарапынан көтерілетін мәселелердің көбі өзекті. Олардың бәрін назарымызға алып, соның негізінде Үкіметке, құзырлы құрылымдарға депутаттық сауалдар жолдап, мәселенің оң шешімін табуына ұйытқы болып келеміз. Өңірлерге жасаған сапарларымыз кезінде көтерілген мәселелерге байланысты жүргізілген талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, қазіргі таңда мүгедектік алу немесе оны қайта куәландыруға қатысты жайттар өзекті болып тұр. Жалпы, бұл мәселе БАҚ-та да жиі айтылып, жазылып жүр ғой. Ашығын айтсақ, бүгінгі таңда аталмыш мәселеге орай мүмкіндігі шектеулі жандар мен құзырлы мемлекеттік құрылымдармен арасындағы байланыс өз деңгейінде емес. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі инстанцияларға баруға мәжбүр. Жүргізілген мониторинг мәліметіне қарағанда, 2017-2018 жылдар аралығында елімізде медициналық-әлеуметтік сараптамаға қатысты сотқа 83 талап-арыз беріліп, қаралыпты. Оның 67-сі мүгедектік топтан шығаруға келіспейтіндігі жөнінде. Тұрғындардың сот құрылымдарына жүгінуінің аздығы бірінші кезекте олардың денсаулығының төмендігіне байланысты болса, екіншіден адвокаттық қызметке ақы төлеуге мүмкіндіктің жоқтығынан.

Қазір мүгедектік тағайындау қиындап кетті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көптеген құжат жинауға тура келеді. Бұл, әсіресе, ауылдағы ағайынға ауыртпалық салуда. Олар міндетті түрде тұрғылықты жерінде орналасқан (тіркелген) медициналық мекемеге барулары керек. Яғни ауыл тұрғыны аудан орталығына барып, диагнозын анықтатуы, сауықтыру бағдарламасын жасатуы және төрт ай бойы дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Содан кейін барып оны облыстағы медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдайды. Ал оған баруы үшін 18 түрлі құжат жинауы қажет. Мүгедек адамға бұл материалдық (жол шығыны мен қалада тұруын есептегенде) әрі физикалық тұрғыдан да оңай емес. Міне, осының бәрін есепке ала отырып санасақ, мүгедектік алу екі айдан бір жылға дейін созылады екен. Мәселен, Ақтөбедегі бір тұрғын бір жылдан астам уақыт бойы мүгедектікті ресімдей алмай жүрген. 2017 жылдың қазанында аяғын ампутациялаған ол 2018 жылдың желтоқсанында барып І топ мүгедегі атанған. Өкінішке орай, 1,5 айдан кейін ол көз жұмды. Мұндай мысал өте көп.

Одан бөлек қазіргі механизмдер бойынша мүгедектікті тануда жемқорлық тәуекелдері бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың сөзіне қарағанда, қайта куәландыру деген сау ақылға сыймайды. Сол себепті көпшілік тарапынан бұл мәселемен айналысатын құзырлы мемлекеттік құрылымдар мен мамандарға реніш туындауда. Оған негіз де жоқ емес. Мысалы үшін «бүйрегі немесе аяғы жоқ адам қайта куәландырудан өтуі керек» деген не сөз?! Ал бекітілген ереже бойынша қайта қалпына келтіру мүмкін емес анатомиялық кемтарлығы бар жандарға мүгедектік қайта куәландырусыз берілуі керек. Ал онкологиялық дертке шалдыққандарға І топ мүгедегі 2 жылға, ІІ және ІІІ топтар мүгедектігі 1 жылға тағайындалады. Германияда қатерлі ісік алынғаннан кейінгі сауықтыру кезеңінің өзі 5 жылды құрайды.

Ресейде балалар мүгедектігі бастапқыда 14 жасқа дейін және қайта куәландырудан өткен соң кәмелет жасқа толғанға дейін тағайындалады. Ал бізде мұндай жандарға мүгедектік комиссия қарауы бойынша 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе 16 жасқа толғанға дейін тағайындалады.

Статистикалық мәліметтер көрсетіп отырғандай, орта есеппен әлем елдері тұрғындарының 15 пайызы мүгедектіктен зардап шегеді екен. Тұрғындар санына шаққанда Еуропа елдерінде, соның ішінде: Финляндияда 32,2, Ұлыбританияда 27,2, Францияда 24,6, Ресейде 9,3 пайыз мүгедек бар. Біздің республикамызда ресми мәлімет бойынша 680 мың мүгедек тіркелген. Бұл қазақстандықтардың 4 пайызын құрайды. Осы төмен көрсеткішке қарап-ақ, республикамызда мүгедектікті тағайындаудың күрделігіне байланысты мүгедек атанып отырғандар аз-ау деген ой келеді. Біз мүгедектер санының көбейгенін қаламаймыз. Тек мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектік алуы мен қайта куәландыру тәртіптерінің оңтайланып, бұл процедуралардың ашық та айқын болса екен бағыттағы ой-пікір, сын-ескертпемізді Үкіметке жолдадық.

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал  өңірі”

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар