18.11.2019, 21:46
Қараулар: 196
Мектеп директорларына айыппұл салынбады

Мектеп директорларына айыппұл салынбады

Жақында  Орал  қаласындағы  16  мектепте  бір  сыныпта  25-тен астам  бала  оқитыны  анықталды. «Nur  Otan» партиясының  Орал қалалық  филиалы  ұйымдастырған  брифингте  облыстық  тауарлар  және  көрсетілетін  қызметтердің  сапасы  мен  қауіпсіздігін  бақылау департаментінің  басшысы  Ринат  Құбатаев  санитарлық-экологиялық  талапқа  қайшы  болуына,  сыныптағы оқушылардың  көптігіне  байланысты  мектеп  директорларына  бұзушылықты  жою  жөніндегі  ұйғарым  жолданғанын  хабарлады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №611 бұйрығында сыныптарды толықтыру мөлшері анық көрсетілген. Білім мекемесі ғимаратының 2,5 шаршы метріне бір оқушыдан келуі тиіс. Бұйрықтың 70-тармағында бір сыныпта 25 оқушы ғана білім алатыны жөнінде жазылған. Сыныпта оқушы саны нормадан асып кетсе, балалар оқулықтағы тақырыпты толық  игере алмайды. Тірек-қимыл жүйесіне зақым келіп, жазу мәнері бұзылады, бала тез шаршап қалады.

Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Мектеп директорларына айыппұл салына ма?» деген талқылау қызу жүріп жатыр. Биылғы жылдың 10 айында 55 қалалық мектептің 38-і ерекше тәртіппен тексеріліп, 16 мектепте сыныптағы оқушылардың көптігі анықталды.  Бірақ бірде-бір мектеп директорына әкімшілік айыппұл салынған жоқ. Аталған фактілер бойынша бұзушылықтарды алты ай мерзімде жою туралы ұйғарымдар берілді. Берілген нұсқаулардың орындалуын бақылау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Ең бастысы, білім мекемелерінің басшыларымен санитарлық талаптардың сақталуы мен эпидемиологиялық қатердің алдын алуға қатысты шараларды бірлесе жүргізуді мақсат етіп отырмыз, – деді Ринат Құбатаев.

Брифингте «Nur  Otan» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенесары Нұршин аталған жайтты партия филиалы бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. «Қалада бөбектерге арналған шағын орталықтардың көбі мектептерде орналасқан. Жеке балабақшалар көптеп ашылуда. Шағын орталықтардағы бөбектер сол балабақшаларға баруда. Оқу сыныптарындағы оқушылардың көптігіне қатысты кей мәселе осылай шешімін табуда», – деді Кенесары Нұршин.

Департамент басшысы Ринат Құбатаевтың айтуынша, жыл басынан бері облыстағы 292 мектеп тексерілген. Тексеріс барысында санитарлық ереженің сақталмауы, ғимарат бөлмелеріне жарық беру, сумен қамту, желдеткіш мәселелеріне қатысты бұзушылықтар анықталды. 41 мектепте сыныптардағы балалар саны мөлшерден асып кеткені белгілі болды. Оларға берілген ұйғарым талаптары орындалмайтын болса, заңды тұлғаларға қатысты тексеріс қорытындылары әкімшілік  сотқа  жолданады.

Айта кетсек, санитарлықэпидемиологиялық талапқа қатысты нормативтікқұқықтық актілер мен гигиеналық нормативтерді  бұзғаны үшін, яғни жұрттың абайсыздан жаппай ауруы мен улануына жатпайтын бұзушылықтар жасағаны үшін жеке  адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (75 750 теңге), ал шағын кәсіпкерлік субъектісіне немесе жекеменшік емес ұйымға 200 АЕК (580 752) теңге көлемінде айыппұл салынады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар