18.11.2019, 21:45
Қараулар: 205
Бастауыш сыныптарда бала саны көбейіп келеді

Бастауыш сыныптарда бала саны көбейіп келеді

Орал қалалық  тауарлар  және  көрсетілетін  қызметтердің  сапасы  мен  қауіпсіздігін  бақылау  басқармасының  мамандары  жүргізген  тексеріс  нәтижесінде  қалалық  мектептерде бір  сыныпта  25-тен  астам  бала  оқитыны  мәлім  болды.

Осы  мәселені  шешу мақсатында қандай  жұмыстар  жүргізіліп  жатқаны  туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз  мәслихатына  келген   қала  әкімінің орынбасары  Бақытжан  Нарымбетов  пен қалалық  білім  бөлімі  басшысының  орынбасары  Батиха  Пайдина  айтып  берді.

– Орал қаласындағы 51  білім ошағында  54 мыңға жуық оқушы білім алуда.  Оның ішінде 7 мектеп бір ауысыммен,  5 мектеп үш ауысыммен, қалған мектептер екі ауысыммен жұмыс жасайды. Үш ауысымдағы мектептер тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатқан Зашаған кентінде орналасқан. Әр шағынауданда орналасқан білім ошақтарының сыйымдылығы әр түрлі. Мәселен, бір шағынауданда 1200 орындық мектеп болса, сол жердегі мектеп жасындағы бала саны 3000-ға  жетеді.  Ал мектеп барлық баланы  қабылдауға міндетті, – деді Батиха Пайдина.

Қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың айтуынша, қаламыздағы 16 мектепте осы мәселе туындағанымен, кей мектептерде бала тапшы, бос орындар бар. Келесі оқу жылынан бастап, ата-аналармен келісу негізінде оқуға келген балаларды бала тапшы мектептерге орналастыруды қолға алу бағытында жұмыстар жасалмақ.

– Зашаған кентіндегі тұрғындардың саны 50 мыңнан асты. Бүгінгі мәселе де кент аумағындағы мектептерге қатысты туындап тұр. Жыл сайын бастауыш сыныптарда оқитын бала саны көбейіп келеді. Бұл бізді қуантады. Биыл Зашағандағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы аумағынан 900 орындық №51 мектептің құрылысы басталды.  Одан бөлек, №30 мектептің аумағынан  №52 мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Қаржы бөлінген жағдайда, аталмыш білім ошағының құрылысы басталмақ, –  деді Бақытжан Қаберұлы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар