18.11.2019, 21:43
Қараулар: 204
Жазушы Жәрдем Тілековпен де мақтанайық!

Жазушы Жәрдем Тілековпен де мақтанайық!

Жазушы Жәрдем Тілековтің  сырымдық екенін, оның ішінде өзіміздің Аралтөбе ауылының тумасы екендігін кейінгі жас ұрпақ  біле  бермеуі  мүмкін. Сондықтан  осы  кезге  дейін орын  алып  келген  олқылықтың  орнын толтыратын  кез  келген сияқты.

 «Жәрдем  Тілеков 1911 жылдың  23 қарашасында бұрынғы Орал облысының Жымпиты ауданына қарасты Аралтөбе aуылында дүниеге келген. Жазушы. 1932-37 ж. Орал облысы “Екпінді құрылыс” газетінде бөлім меңгерушісі, 19371941, 1946-1957 жылдары сол кездегі Орал, Атырау, Семей облыстары бойынша Қазақстан Жазушылар одағының жауапты хатшысы, 1952-1973 ж. ж. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет (қазіргі “Жазушы”) баспасында бөлім меңгерушісі, “Жұлдыз” журналында бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Тұңғыш поэмасы “Атырау толқыны” 1940 жылы жарық көрген. Алғашқы өлеңдер жинағы – “Ақсұр ат” 1948 жылы шыққан. “Жаңа жүк” (1953 ж.), “Қайнар” (1953 ж.), “Хинган асуынан асқанда” (1971 ж.), “Сақ солдат” (1975 ж.), “Жорық жылында”, “Қайнар” (1958 ж.) әңгімелер мен повестері, “Темір Масин” (1966 ж.) очерктер жинағы, “Жоңғар даласында” (1959 ж.), “От кешу” (1967 ж.) романдарының авторы. Бірқатар шығармалары шет тілдеріне аударылған. Орыс жазушылары А. Чеховтың, М. Соколовтың, М. Шолоховтың, А. Тихоновтың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.  1980 жылы мамыр айының 3-і күні Алматы қаласында дүние салды» — дейді  бізге  жеткен ресми құжат.

Өз тілімізге салып айтсақ, Жәрдем Тілеков – қазақ әдебиетінің тарихындағы аты дардай, атағы таудай қаламгерлердің бірі. Ол әлі сол биігінде. Егер Жәрдемді танымасақ, оның кім екенін білмесек, оған Жәрдем Тілеков кінәлі емес. Оның шығармаларын оқымаған, кітабының бетін ашпаған біздер өзіміз кінәліміз.

Басқаларды қойыңыз, өзіміздің өңірде, мына тұрған Аралтөбеде туып, қазақ әдебиетінің бір тұтқасын ұстаған қаламгерге айналған Жәрдемді туған елі, ауылы біледі ме? Бұл сұрақ көбімізді мүдіртіп  тастауы  мүмкін.

Жазушының жерлесіміз екенін айтып, есімін  бүгінгі  ұрпаққа пысықтауды көптен бері ойлап жүрген едік. Бірақ оның өмірбаянын қайталап жазғаннан бәрі түсінікті бола қояр ма екен? Осылай тоқсан толғанып жүргенде Жымпитының байырғы тумасы, зейнеткер Сағынғали Айтановтың (суретте) жазушы Жәрдем Тілековтің  аталас туысқаны екенін естіп, қуандық кездесуге  асықтық.

Ұзақ жыл кеңшарда шопыр, механизатор болып еңбек еткен С. Айтанов әдебиетке жақын кісі екен. Әрі көптеген ақын-жазушылармен дастарқандас болыпты. Әлқисса, сонымен Ж. Тілеков жөніндегі әңгіменің байыбына барар болсақ, ауданның Аралтөбе ауылында дүниеге келген Жәрдем мен Сағынғалидың  әкелері ағайынды жандар болып шықты.

– Жәрдем Тілековті 1965 жылдан есейген кезімнен өте жақсы білемін, дастарқандас болдым. Әкесі ерте қайтыс болды, анасы Зейнелғырап өте әңгімешіл, мейірімді жан еді. Жәрдем ағамды осы алғаш рет көрген жылы оның қасында белгілі қаламгерлер Ғабит Мүсірепов, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев және Хамат Ерғалиев болды.

Әлі күнге есімде, Жәрдем аға осы сапарында әкем Нұрғали, анам Ұлжанға арнайы сәлем бергелі келіп, ауруханадағы әйелімнің жеңілгендігі жөніндегі сүйінші хабарды  жеңгемнен естіген Жәрдем аға «Нұрағаның тұңғыш немересінің бауы  берік болсын!» деп сүйінші хабарды  жеткізген жеңгейге ақша бергендігі, немереңіздің  есімі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамарсұлу» романындағы кейіпкерге  бағыштап Қамарсұлу  болсын деп атағандығы жадымда, — дейді Сағынғали аға.

Сәкең жазушы Ж. Тілековті одан соң 1973, 1974 жылдары көріпті.

Жазушымен бауыр болу бақыты бұйырған Сағынғали аға  жазушының алғашқы әйелі Майрадан Роза атты қыз қалғандығын, Розаның бүгінде 80 жасқа толып, Орал қаласында тұратындығын, екінші қосағы, башқұрт қызы Тайрадан ұрпақ болмағандығын айтты.

С. Айтановтың жерлес  жазушы  Ж. Тілеков жөнінде айтар әңгімесі мен бөлісер құнды деректері әлі баршылық.

 –  Ең соңғы рет жазушы  Жәрдем Тілеков 1974 жылы туған ауыл-аймағы Аралтөбеге келді. Келді де жерді құшақтап жылады. Көзі жасқа толып, егілген кезі, анасын Жымпитыдағы  қорымға қойған сәттері әлі көз алдымда. Жымпитылық азаматтар Раян Жаужиев, Макеш Қожабеков, Дәуіт Сармұқанов, Мағал Үмбетияров, Сайжан Ақтановтың шаңырағында шуақты сәттерді, шай құятын келіндері Алмаш, Күлән, Роза, Нағимаға ағалық ризалық сезімін айтқан тағылымды сөздері, ғибратты батасы ұмытылар емес, — дейді С. Айтанов.

Иә, елуінші жылдардың басынан бастап түгелдей прозаға ауысқан қарымды қаламгердің соңында екі романы, очерктері мен әңгімелері қалды. Жуырда Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің мәжіліс залында М. Есламғалиұлы атындағы орталық кітапхана қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, сұрапыл соғыс жылдарында қаламын қолынан тастамаған  жерлесіміз Жәрдем Тілековтің шығармашылығына  арналған  «Ел жадында сақталар жарқын бейне» атты тағылымды шара өтетінін естіп, сол шараға шақырту алдық. Қуана-қуана бардық!

Жазушы жайлы кешке аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов,  арнайы  шақырылған  қонақтар, оқырмандар, мектеп оқушылары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары сөзінде  жазушы Ж. Тілековтің жан-жақты дарын иесі болғанын айтты.

Елбасының 2019 жылды Жастар жылы ретінде жариялауына орай

мектеп оқушылары арасында  Жәрдем Тілековтің «Сырым батыр»  дастанын жатқа оқудан тұңғыш рет аудандық жыр байқауы өткізілгендігін, алда Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, жазушы Ж. Тілековтің туғанына 110 жыл толуына орай  қаламгердің рухын ұлықтау мақсатындағы ауқымды шаралардың қолға алынатынын, жоспардың дайын тұрғанын айтып, көңілді тағы бір серпілтті.

Жазушыға арналған «Ел жадында сақталар жарқын бейне» атты шарада мәдениет қызметкерлері ән де айтты, оқырмандар пікірлерін ортаға салды, жазушы өмірі жөнінде бейнежазба  көрсетіліп,  «Қарымды қалам иесі» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

Осы көктемде Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева Жәрдем Тілековтің «Сырым батыр» туралы дастанын баспа бетінде жаңғырту туралы ұсыныс жасады. Өйткені «Сырым елі» газеті музейдің ұсынысын қуана қабылдап, жырды газеттің 4 санына басты. Сөйтіп, өзімізді тарихтың тірілуіне, жазушының мұрасының жаңғыруына аз да болса үлес қостық деп санадық.

Аудан орталығы Жымпитыдан жазушы Жәрдем Тілековтің атына бір көше беретін уақыт баяғыда  болған сияқты. Аралтөбедегі кітапхананың атын да Жәрдем ағаның  атымен аталса, қандай жарасымды болар еді… Сол ауылдағы мектептің музейіне қабырғалы қаламгерге қатысты жәдігерлер жинақталса, ауылдағы саябаққа жазушы ағаның бюсі қойылса, қандай жақсы? Бізге, жерлестеріне Жәрдемтанумен айналыспаса болмайды. Тілеков тарих пен әдебиет алдындағы парызын адал  атқарды, оны таныту, еңбегін жинау – бізге, қазіргі тол-қын мен  кейінгі ұрпаққа міндет.

Орталықтағы көшеге жазушы есімін беру жөніндегі әңгімені  кешегі шара кезінде зейнеткерлер С. Айтанов, ақын Е. Баймұханбетов тағы қозғап, біздің ойымызды дөп басты.

Аудан әкімінің орынбасары А. Сарқұлов С. Айтановпен бірге жазушының анасының басына барып дұға етті. Алдағы уақытта ауданнан Алматыға экспедиция ұйымдастырылса, жазушы Жәрдемнің басына барып та дұға етер едік, оның ізі қалған жерлерді көріп, ағамызды білген-көрген жандармен жүздессек, соның бәрін қағазға түсіріп алсақ деген ой маза бермейді.

Біз былайғы жұртқа «Біздің ауданда Сырым батыр туған! Қадыр ақын туған!» деп мақтанамыз ғой. Бұдан былай, «Жазушы Жәрдем туған елміз!» деп те мақтанып жүрейік, әлеумет!

Мүсірбек  АЙТАШЕВ,

журналист, Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар