18.11.2019, 21:40
Қараулар: 220
«Kundelik.kz» сайты уақытында ашылмайды

«Kundelik.kz» сайты уақытында ашылмайды

Облыс  әкімі  Ғали Есқалиев  өңірдегі  білім  беру саласының  өкілдерімен  кездесті.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде егемен еліміздің, қоғамымыздың әлеуметтік-саяси және басқа да салаларында түбегейлі өзгерістер болды. Соның бірі – білім беру саласы. Қай кезеңде болмасын,  жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қоғам алдындағы ең маңызды, жауапты іс болып қала береді. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Осы орайда білім беру саласының қызметкерлері мен ардагерлерінің басын қосып, өзекті мәселелерді талқылауды жөн көрдік. Облысымызда білім беру саласы бойынша толғандыратын мәселелер жоқ емес. Айта кетсек, үш ауысымды мектептер, мектептердегі бухгалтерлік есепті орталықтандыру, күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер бар. Колледж студенттеріне жатақхана салу мәселесі де өзекті. Болашақта  Орал қаласында 300 орындық жатақханалар бой көтеретін болады, – деді  облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанованың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру жүйесі 30 мың баланы қамтиды. Мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеуі Орал және Ақсай қалаларында байқалады. Облыста  379 мектеп,  500-ден астам мектепке дейінгі ұйым бар. 50 қосымша білім беру ұйымы тіркелген. Жалпы орта білім беретін мектептерде 13 347  ұстаз еңбек етеді.

Облыс бойынша 350 жалпы білім беретін мектеп кең жолақты интернетке, оның 243-і wi-fi сым-сыз интернет желісіне қосылған. Десе де, өңіріміздің шалғай жатқан аудан-ауыл мектептерінде жоғары жылдамдықты интернет ұстамайтыны  жасырын  емес.

– Облыс бойынша жалпы білім беретін мектептердің 92 пайызына кең жолақты интернет желісі тартылды. 159 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы спутниктік интернетке қосылғандықтан, интернет желісінің қуаты секундына 4 мегаватты құрайды. Сондықтан кей ауыл мектептеріндегі «Kundelik.kz» сайты уақытында ашылмайды. Сырым, Қаратөбе, Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарындағы мектептерде интернеттің жылдамдығы баяу. Бұл бағыт бойынша мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде,  – деді  облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы  басшысының орынбасары Нұрсұлтан Нұрлан.

Сондай-ақ жиында Орал қаласындағы апатты жағдайдағы №8 ЖОББМ-ның құрылысы төңірегінде, STEM зертханалары, мұғалімдер мен оқушыларға арналған мотивациялық гранттар, робототехника саласын қолдау қажеттігі, мектеп оқушыларын республикадағы  қасиетті мекендерге саяхатқа жіберу туралы ұсыныстар айтылды.

Басқосуды қорытындылаған өңір басшысы екі ай сайын ұстаздар қауымымен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерін тыңдайтынын  жеткізді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар