18.11.2019, 21:39
Қараулар: 175
104 169 адам жер кезегінде тұр

104 169 адам жер кезегінде тұр

Бұл  туралы  өңірлік коммуникациялар  қызметі алаңында  облыстық  жер қатынастары  басқармасы басшысының  орынбасары Жұматай  Ашықбаевтың қатысуымен  өткен  брифингте  айтылды.

Жер телімін алуға кезекке тұрған 104169 азаматтың 72133-і қала тұрғыны екен. Жұматай Иманғалиұлының айтуынша, биыл облыс бойынша 989 жер телімі берілген. Атап айтар болсақ, Ақжайық ауданы – 92, Бөкей ордасы ауданы – 39, Бөрлі ауданы – 166, Бәйтерек ауданы – 145, Жәнібек ауданы – 3, Қазталов  ауданы – 18, Қаратөбе ауданы – 2, Тасқала ауданы – 16, Теректі ауданы – 506, Шыңғырлау ауданында – 2 тұрғынға  жер телімі берілген. Сондай-ақ  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарында 1289 жер телімін беру  жоспарлануда.

2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Круглоозерное кентінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған 1141 жер теліміне жобалау жоспары дайындалып, бекітілген.  Бүгінгі таңда, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер теліміне  инженерлік жүйелер өткізуге қатысты Орал қалалық құрылыс бөлімі тарапынан тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған.

 – Өңірімізде  2012-2019 жылдар аралығында 1 млн 566 мың гектар пайдаланылмайтын жерлер анықталып, 1124 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал қайтарылған жерлердің ішінен ауыл шаруашылығы айналымына 730 мың гектар енгізілді. Жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көлемі 404 мың гектарды құрайтын жер телімінің пайдаланушылары жерлерін қайта игеруге кірісті.

Жергілікті атқарушы құрылымдармен жалпы ауданы 38 мың  гектар жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы облыстың 12 ауданында жалпы көлемі 356,8 мың гектар құрайтын  498 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін  табыстау бойынша 34 конкурс өткізілді.  Конкурс нәтижесінде көлемі 294,0 мың гектарды құрайтын 385 жер телімі тұтынушыларға табысталды. Сонымен қоса, ағымдағы жылы көлемі 7,19 гектар құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы алты жер теліміне  жалдау құқығын сату бойынша үш  аукцион өткізу жоспарлануда, – деді Жұматай  Иманғалиұлы.

Облыс бойынша «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы  шеңберінде 2018 жылдан бастап www.zem.kz электрондық порталы құрылып жұмыс істеуде. Порталда 12 аудан және Орал қаласы бойынша конкурс және аукцион арқылы жоспарланған жер телімдерінің схемалары, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекте  тұрғандар және ықылассыз жер пайдаланушылар ті-зімі ашық көрсетілген.

Аталған портал арқылы республика бойынша тек біздің облысымызда жер сауда-саттықтары (аукциондар) электронды форматта жүргізілуде екен.

2019 жылы Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Қазталов, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында электронды түрде аукциондар өткізілді.

Бүгінгі таңда 36 мыңнан астам өңір тұрғыны www.zem.kz электрондық порталға кіріп,  қажетті ақпараттар алған.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар