18.11.2019, 21:38
Қараулар: 183
Тұрғын үй сертификаты кімге беріледі?

Тұрғын үй сертификаты кімге беріледі?

Кеше  облыстық  мәслихаттың  кезектен  тыс  ХХХ  сессиясы өтті.  Оның  жұмысына  облыс  әкімінің  орынбасары  Тимуржан  Шәкімов  қатысты.

Сессияда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің өткен жылғы 20 маусымдағы №417 бұйрығымен бекітілген тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары негізінде «Батыс Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» облыстық мәслихат шешімінің  жобасы қаралды. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Рүстем Закариннің баяндамасына сүйенсек, ұсынылатын тұрғын үй сертификаттарының мөлшері бастапқы жарна шамасының 50%-ын құрайды, әрбір алушы үшін  1 млн. теңгеден аспайды. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаты тізбесіне мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғандар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы және толық емес отбасылар жатады. Сонымен қатар ҚР Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және ҚР Үкіметі бекіткен Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және агрономия салаларындағы қызмет ететін мамандарға беріледі. Бұл шешім жобасы қоғамдық бірлестіктердің сараптамалық қорытындысын алған, БҚО қоғамдық кеңесінің отырысында қаралып, мақұлданған.

Халық қалаулылары аталмыш жобаны мақұлдады. Облыста тұрғын үй сертификаты 2020 жылдан бастап беріледі. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тұрғын үй сертификаттарын беру жұмыстары басталған.

Сессияда БҚО бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары мәселесі қаралып, бекітілді. Бұрын мұндай қағида болмағандықтан, марқұмдардың мәңгілік мекені қараусыз қалатын әрі мазар тұрғызу бәсекеге айналып кеткен-ді. Баяндамашы Р. Закариннің айтуынша, осы қағида бойынша қайтыс болған адамның басына тұрғызылатын үйі мен қоршауы 6 шаршы метрлік қабірге берілген жердің аумағынан аспауы тиіс. Сондай-ақ зираттарды қарап-күту зират әкімшілігіне немесе жергілікті ат-қарушы құрылымдарға жүктеледі.

Бұдан басқа сессияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аймақтық комиссияның құрамы  бекітіліп, облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 8 сәуірдегі №3-3 «Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Сессия күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім  қабылдады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар