18.11.2019, 21:37
Қараулар: 215
Шынайы патриотизм үлгісін көрсеткендер

Шынайы патриотизм үлгісін көрсеткендер

Бүгінде  жомарттықты  жолдас,  мәрттікті  жанына  серік  ете  білген  азаматтар  қоғамда  аз  емес. Өткен  апта соңында  Х. Бөкеева атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында  жүректері  туған  жерге  деген  махаббат пен  сүйіспеншілікке  толы  мейірімді  жандарды  ұлықтауға  арналған  «Жомарт   жүрек – 2019»  меценаттар  форумы  өтті.

«Жылдың үздік ұйымы», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерлігі үшін», «Жыл меценаты». Бұл – туған өлкенің дамуына үлес қосып, ізгілікті істен қалыс қалмай, қолында бар мүмкіндікпен бөлісіп жүрген жандарға берілген аталымдар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімізде үшінші мәрте ұйымдастырылған меценаттар форумында оларға құрмет көрсетіліп, «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталды. Шараға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев аталым иелерін құттықтап, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тіледі.

– Ақ Жайық – ата дәстүрінен айнымаған, салтына берік, ұлттық құндылықтарды қадір тұтатын қасиетті өңір. Облысымызда ел мүддесін өзінен биік қоятын, атамекеннің абыройын асырып жүрген азаматтар аз емес. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп атап өткен болатын. Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, Ақ Жайық өңірінде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жеткілікті. Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, ұлттық қасиетіміздің айқын белгісі. Ағайынға болысу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдау – адамзатқа тән мейірімділік пен кеңдіктің көрінісі. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты қағидаға негізделген 13 арнайы жоба арқылы жүзеге асырылуда. Аз ғана уақыттың ішінде үлкен жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбеюде. Жалпы, облыс бойынша биылғы жылы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде 136 меценаттың қатысуымен 183 жоба мен түрлі деңгейде шаралар өткізілді. Әсіресе, өңір меценаттары спорт, денсаулық, білім салаларына көбірек көңіл аударып келеді. Биылғы жылы жомарт жанды азаматтардың демеушілігімен Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пен Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылында  жаяу жүргінші көпірі салынды.

Сондай-ақ Орал қаласы кәсіпкерлерінің көмегімен мұқтаж отбасыларға пәтерлер сыйға тартылып, басқа да көптеген игі іс атқарылуда. Бұдан бөлек, Орал қаласында көпірден секірген қыз баланы құтқарып, өзінің ерен ерлігімен көзге түскен полиция капитаны Еркебұлан Сапановты  ерекше атап өту қажет деп санаймын. Осының барлығы жерлестеріміздің мәрттігі мен жомарттығының, батылдығының айқын дәлелі. Біз өз тарапымыздан осындай жерлестерімізді ерекше мақтан тұтып, оларға әрдайым алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі «Жомарт жүрек» меценаттар форумы аясында туған өлке мен елдің дамуына үлес қосқан, әлеуметтік маңызды, қайырымдылық шараларды жүзеге асыруға белсенді атсалысқан азаматтар мен ұйым жетекшілерін көргеніме қуаныштымын, — деді облыс әкімі.

Мұнан соң өңір басшысы бір топ жеке кәсіп иелерін өзінің алғысхатымен марапаттады. Олардың қатарында Ақжайық ауданынан Қоспаевтар әулеті, Бәйтерек ауданынан Жаслан Көбеев, Бөкей ордасы ауданынан Ермек Момынов, Бөрлі ауданынан Нвер Мсрян, жаңақалалық Салауат Қабошев, Жәнібек ауданынан Бақытжан Исқақов, Қазталов ауданының Жалпақтал ауылынан Әлібек Сартаев, қаратөбелік Досжан Ізімов, Тасқала ауданынан Асқар Ликеров, теректілік Сағидолла Еркебаев, Шыңғырлау ауданынан Мәди Исқаиров сынды  кәсіпкерлер бар.

Шара барысында Тілек Шектібаев пен Тимур Аминге «Жыл меценаты», Анвар Агаевқа «Жыл тұлғасы», «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігіне «Жылдың үздік ұйымы», Еркебұлан Сапановқа «Ерлігі үшін» аталымдарын облыс әкімі Ғали  Есқалиев  табыс  етті.

Сахна төріне көтерілген «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, профессор Ақсерік Әйтімов Арман Қошанов пен Нұргүл Ашықованы «Жыл тұлғасы», Есенаман Жарылғасовты «Туған өлке» аталымымен марапаттады.

Сонымен қатар Бейбіт Асанов, Самат Хасанов, Айбек Өтеғалиев, Мерболат Жанғалиев сынды жомарт жүректі өңір кәсіпкерлері, Сырым ауданындағы Қадыр Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 1998, 1999 жылғы түлектері «Туған өлке» аталымына ие болды. Бұл азаматтарға бұйырған аталымды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат  Мұқаев  табыстады.

Шара барысында өңіріміздің өнер майталмандары мерейлері үстем болып, марапат алған жандарға арнап әсем әндер шырқады.

Анвар  АГАЕВ,

«Ақсай  Бизнес  Строй»  ЖШС  директоры, «Жыл  тұлғасы»  аталымының  иегері:

– Бүгінде елімізде мемлекет тарапынан біз секілді кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдай жасалуда. Соның қайтарымы ретінде әрбір кәсіп иесі қолынан келгенше туған жері үшін игі іс жасау керек деп есептеймін. Біздер қала мектептерінде білім алатын, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларының балаларына қолдау көрсетіп келеміз. Себебі олар да басқа қатарластары секілді жақсы өмір сүруге құқылы. Оқыстан апатқа тап болған Арыс қаласына да бір миллион теңге қаржылай қолдау көрсеттік. Әр оқу жылы алдында Бөрлі ауданынындағы бірқатар мектептерге де көмектесеміз. Аталған ауданға өз қаражатымыздың есебінен балалар алаңын салып бердік. Келер жылы Орал қаласы, Зашаған кенті Әзірбайжан көшесі бойынан аумағы 2000 шаршы метрді құрайтын  тынымбақ салмақпыз. Біз жерлестеріміз бен балаларымыздың бақытты  өмір сүруі  үшін  қолдан  келген  жақсылығымызды  аямаймыз.

Біржан  ҚОЖАҚОВ,

«Демеу»  мүгедектерді  қолдау  қоғамы» қоғамдық  бірлестігінің  жетекшісі, «Жылдың  үздік  ұйымы» аталымының иегері:

– Біздің еңбегімізді елеп, осындай аталыммен марапаттаған облыс басшылығына зор алғыс айтамын. Өкінішке орай, елімізде сал ауруына шалдыққандар өте көп. Олардың саны жыл санап өсіп келетіндігі, оларға арналған қозғалтқыш аппараттың біздің елімізде шығарылмайтындығы өкінішті. Біздің басты мақсатымыз – сал ауруымен ауыратын балаларға арналған арнайы құрылғыларды көптеп жасау. Қолымыздан келетін аппаратты құрастырып, оларды мұқтаж жандарға тарту ету біз үшін үлкен мәртебе. Төрт жылдың ішінде жалпы құны 24 миллион теңге шамасындағы 200-ден астам аппарат тегін таратылды. Тек сал ауруымен ауыратындар үшін емес, аутизм, дауна синдромына шалдыққан балаларды да қажетті құрылғылармен қамту жоспарымызда бар. Өңіріміздің әрбір кәсіпкері де қамкөңіл жандарға қолдарынан келгенше  көмектессе  екен  деймін.

Батырбек-Әлия САПАНОВТАР,

«Ерлігі үшін» аталымының иегері Еркебұлан Сапановтың ата-анасы:

– Бүгін біздің ұлымыздың аз ғана ерлігі бағаланып, осындай марапатқа ие болып отыр. Өзі жұмыс бабына орай марапаттау рәсіміне келе алмады.

Еркебұлан бала кезінен ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп, жұртқа көмек қолын созуға дайын тұратын, елгезек болып ер жетті. Басқа мамандыққа да бармай, осы әскери саланы таңдады. Бұл бағытта қызмет атқарғанына да он жылдам астам уақыт өтті. Бұған дейін Жайық өзеніне суға кетіп бара жатқан екі қабат әйелдің өміріне араша түскен болатын. Сонымен қатар патрульдік қызметте жүргенде түн қараңғысында бес жігіттің қолына түсіп, көмекке шақырған қыз баланы құтқарып қалды. Сол оқиғада санынан пышақ жарақатын да алды. Ұлымыз қоғамдық тәртіпті сақтауды  өзінің  азаматтық міндеті  деп санайды. Барлық  тума-туысы, өз  отбасымыз бен  мен ұл-қыздары  Еркебұланды  мақтан  тұтамыз.

Нұрбек    ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар