14.11.2019, 20:57
Қараулар: 204
«Басқармалардың бюджеттерін қоғаммен бірге талдай бастадық»

«Басқармалардың бюджеттерін қоғаммен бірге талдай бастадық»

Сейсенбі  күні  ҚР  Президенті  жанындағы  Орталық  коммуникациялар  қызметінде  өткен  баспасөз  мәслихатына облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  қатысты.  Өңір  басшысы  Елбасы  алға  қойған  стратегиялық  міндеттер  мен  ҚР  Президенті  Жолдауының  басым  бағыттарын жүзеге  асыру  аясында  биылғы тоғыз  ай  ішінде  Батыс Қазақстан  облысының  әлеуметтік-экономикалық  даму қорытындылары  туралы  баяндады.

Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша облыста көптеген қызмет бағыттары бойынша оң нәтижелерге қол жетті. Биылғы бірінші  жартыжылдықта жалпы аймақтық өнім 1,4 трлн. теңгені құрады, бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 145 млн. теңгеге жоғары. Тоғыз ай ішінде 1,8 трлн. теңгені құрайтын өнеркәсіп  өнімі  өндірілді.

Агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының драйверлерінің бірі болып табылады. Есепті кезеңде аймақтық жалпы өнім көлемі 118 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары. Мал шаруашылығы өңір агробизнесінің негізгі бағыты болып табылады. Облыс етті ірі қара малдың саны бойынша республикада екінші орында. Өткен жылы етті ірі қара малдың саны 456 мыңды құраған болса, биыл 495 мыңға жетті. Бұл бағыттағы мал басын арттыру үшін 15 мың басқа арналған бордақылау алаңдарын ашу жоспарлануда.

Мемлекет басшысы атап өткендей, экономикалық өсудің негізі инвестициямен тікелей байланысты. Батыс Қазақстан облысында биылғы жылдың есепті кезеңінде негізгі капиталға салынған инвестиция 36%-ға артып,  388 млрд. теңгені құрады. Оның 90%-ы жеке инвестициялар екенін айта кеткен жөн.

Бүгінгі таңда облыста жалпы мөлшері 1 трлн. теңгеден астам қаржыны құрайтын 42 жаңа ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Аталмыш жобалардың сегізі шетелдің қатысуымен іске қосылмақшы.

Ағымдағы жылы 10 жоба жүзеге аспақшы. 317,7 млрд. теңгені құрайтын бұл жобалар негізінде 500 адам жұмыспен қамтылады. Осынау жобалар шеңберінде газ дайындау қондырғысы, шарлы қалпақшалар шығарылып, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және өңдеу, кабель өнімдерін шығару, полиэтилен құбырларын өндіру жүргізілуде. Сонымен қатар трансформаторлар үшін панельдік радиаторлар өндірісі, жиһаз фабрикасы, Қарашығанақтағы қайта өңдеу кешенінде газ өндірісіндегі шектеулерді алып тастау, мұнайды терең өңдеу зауыты сынды нысандардың құрылысы жүруде.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті  өте жоғары. Біз аграрлық өнеркәсіп кешені, туризм, аутокөліктердің транзиттік ағымын пайдалану және т. б. салалар бойынша жаңа инвестициялық жобалардың  пулын дайындап жатырмыз. Әлеуетті инвесторлардың сұрақтарына жедел әрі тиімді жауап беретін инвесторларға қызмет көрсету жүйесін құруды аяқтай келдік, — деді Ғали Нәжімеденұлы.

Өңір басшысы атап өткендей, облыста инфрақұрылымды құруға және дамытуға көп көңіл бөлінуде. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 16 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, Орал және Ақсай қалаларында  17 көп пәтерлі тұрғын үй, сондай-ақ ауылдық жерлерде 117 үй салынуда. Бұл – 3 мыңға жуық пәтер деген сөз.

Жыл соңына дейін 6 көп пәтерлі тұрғын үйді және ауылдағы 49 тұрғын үйді кезекте тұрған адамдарға жалға беру жоспарланып отыр. Яғни 1080 адам қоныстойын тойлайды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында тұрғын үйге, әсіресе, халықтың әлеуметтік әлсіз  топтары үшін қолжетімділікті арттыру қажеттігін атап өткені белгілі. Соған орай ағымдағы жылы облыстағы халықтың әлеуметтік әлсіз топтары санатына жататын 394 отбасына жаңа пәтер кілттері табыс етілді. Олардың 243-і – көп балалы отбасы. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен биыл жалпы көлемі 386 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй  пайдалануға  беріледі.

Ақ Жайық өңірінде тұрғын үй мәселесі тек мемлекеттік бюджет есебінен шешіліп жатқан жоқ.

Оралда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) негізінде апаттық және тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа тұрғын үй салу механизмі сәтті жүзеге асып жатыр. Бұл механизм бойынша апаттық үй иелері өздері тұратын ауданнан шаршы метрі бұрынғы тұрғынжайының көлеміндегідей жаңа пәтер алады. Бүгінгі таңда 480 пәтерлі 5 үй салынуда. Соның нәтижесінде апаттық жағдайдағы үйде тұрып жатқан 65  отбасы  жаңа  пәтерге  кіреді.

– Көптеген қаладағыдай баспана мәселесі біз үшін де өзекті. Орал қаласының халқы жыл сайын 5-7 мың адамға артып келеді. Қалада 20 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Осы мәселені жеңілдету үшін Орал қаласында Ақжайық жаңа шағынауданын салу бойынша ірі жоба жасалды.

Жалпы, көлемі 425 гектарды құрайтын шағынауданда 50 мың адам тұратын болады, – деді Ғали  Есқалиев.

Одан соң жол мәселесіне тоқталған әкім биыл ұзындығы 364 шақырым болатын жолдарды жөндеу мен салуға 27,3 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті. Бүгінгі таңда 335 шақырым жол пайдалануға берілді.

Елбасы Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары барысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына асфальтталған жол салуды тапсырғаны белгілі. Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан оңтүстік өңірлерге қарай салынатын жаңа жолдардың жалпы ұзындығы 245 шақырымды құрайды. Осынау құрылыс жұмыстары үшін шамамен 55 млрд. теңге бөлінеді. Қазіргі уақытта барлық мердігер анықталып, кейбір аудандарда жұмыстар басталып кетті. Бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалану үшін Ресейдің  Самара облысымен шекарадағы «Сырым» өткізу бекеті кеңейтілді. Бұрын мұнда 2 жол жүру жолағы болса, осы қараша айынан бастап 8 жолаққа дейін көбейтілді.

Жоба сомасы 2,2 млрд. теңгені құрады. Орал қаласындағы Мұнай базасы ауданында ұзындығы 1 шақырымды құрайтын көпір қайта жаңғыртылуда. Оның жобалық құны – 5,2 млрд. теңге. 1972 жылы салынған «Орал» халықаралық әуежайының терминалын қайта құру жұмыстары басталды. Бұл жолаушылар үшін ыңғайлы жаңа терминал  болмақшы.

Биыл облыстағы 54 мыңнан  астам халқы бар 40 ауылды сумен жабдықтау мақсатында 29 су нысаны салынып, қайта құрылуда.

Осы мақсатқа 4,3 млрд. теңге бөлінді. Биыл су шамамен 35 мың тұрғыны бар 26 ауылға келеді.

Нәтижесінде халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 86,6%-ға дейін артады.

Ал газбен қамтуға келсек, қазір 6 мыңға жуық адам тұратын 16 елді мекенді көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде.

Биыл 9 ауылдық елді мекен от жағу машақатынан құтылады. Нәтижесінде облыс халқын табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 96,1%-ға дейін жетеді деп күтілуде.

Облыстық бюджеттің 52%-ы  немесе 113,8 млрд. теңге әлеуметтік салаларға бөлінді. Өңір басшысы атап өткендей, білім адами капиталды дамытуда маңызды рөл атқарады және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қозғаушы фактор болып табылады.

БҚО-да 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамту қарастырылған. Қазір 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерге кезек бар. Бұл мәселені жеңілдету үшін бой көтеретін жаңа үйлердің жобаларына балабақшалар салуды енгізу қарастырылмақшы.

Өңірдегі білім беру саласына қатысты мәселенің бірі мектеп ғимараттарының жағдайы болып табылады. Облыста 8 мектептің ғимараты апатты жағдайда тұрса, алтауында сабақ үш ауысымда жүруде. Мәселені шешу үшін Ақжайық ауданы мен Орал қаласында екі мектептің құрылысы басталды. Келесі жылдың басында МЖӘ бойынша тағы да төрт мектептің  құрылысы  басталады.

Батыс Қазақстан облысы — бастауыш сынып оқушыларын 100%  жергілікті бюджет есебінен тегін тамақпен қамтып отырған республикадағы үш өңірдің бірі. Қазіргі уақытта Оралдағы мектеп асханалары электронды қызмет көрсету форматына ауысуда, бұл балалардың тамақтану сапасын жақсартуы керек.

Орал қаласындағы Деркөл ауылында комьюнити-орталығының ашылуы облыстағы жаңашылдық болды. «Комьюнити-орталық» – халықтың қызығушылықтарына сай бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орын. Орталықтың мақсаты – тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту және балалар, жастар мен ересектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Облыс басшылығы мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар базасында осындай комьюнити-орталықтардың желісін құруды жоспарлап отыр.

Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқыту сапасын жақсарту үшін үш колледжді сенімгерлік басқаруға беру рәсімдері басталды. БҚО әкімдігі, Финляндия Бизнес хабы және «Collaprime Oy» компаниясы арасындағы үшжақты келісім аясында Жоғары аграрлық-техникалық колледждің базасында ВIM технологиялары бойынша құрылыс саласындағы мамандарды даярлауға арналған заманауи бағдарламалық қамту орнатылды. Колледждің алты оқытушысы осы компанияның негізінде Финляндияда тағылымдамадан  өтті.

Денсаулық сақтау саласында негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер бойынша оң үрдіс байқалады. Яғни жалпы өлім 5,4%-ға, сәби өлімі 19,9%-ға төмендеп отыр. Сәби өлімін азайту үшін медициналық ұйымдар 17 бірлік жоғары класты ультрадыбыстық аппараттармен жабдықталды және 38 маман  туа біткен кемістігін ерте анықтау бойынша оқытылды.

Жалпы, өлім деңгейін одан әрі азайту үшін жақында халық саны 110 мыңнан асатын 5 ауданды (Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов) қамтитын Ақжайық аудандық ауруханасы базасында екінші деңгейлі инсульт орталығы жұмыс істей бастайды.

МЖӘ бойынша Шыңғырлау ауданында дәрігерлік амбулатория салынды, облыстық аурухананың асханасы жөндеуден өтіп, магнитті-резонанстық томограф, компьютерлік томограф, ангиограф сатып алынды.

Өңірдегі мәдениетті дамыту аясында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Оралда халықаралық стандарттарға сәйкес 900  орынға арналған концерт залы бар мәдениет үйінің құрылысы басталды.

Спортқа да жете мән берілуде. Батысқазақстандық спортшыларды әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуға дайындау үшін спортқа дарынды балаларға арналған 250 орындық мектепинтернатының құрылысы жүргізілуде.

Елбасының 100 фитнес-орталық салу туралы тапсырмасын орындау мақсатында биыл облыстың екі ауылында 160 орындық екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп келеді. Болашақта 4 млрд. теңгеге жуық сомаға облыстың алты ауданында тағы жеті дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда.

Содан соң өңір басшысы облыстағы басым бағыттардың бірі – цифрландыру туралы да егжейтегжейлі айтып берді. Өңірде цифрландыру бойынша 140-тан  астам жоба жүзеге асырылуда. www.zem.kz электрондық порталында бос жер учаскелеріне конкурстар мен аукциондар өткізіледі.

– Менің білуімше, біздің облыс — республикада жер сауда-саттығын (аукцион) электронды түрде өткізетін бірден-бір өңір. Биыл аумағы 97 гектарды құрайтын жер учаскелерін жалдау құқығын беретін 34 аукцион өткізілді. Сондай-ақ аймақтың геоақпараттық порталын дайындауды аяқтап жатырмыз. Бұл бізге жерді мақсатсыз пайдалануды анықтауға, егіс  алқаптарын бақылауға, жерді пайдалану шекараларын бұзушылықты есепке алуға мүмкіндік береді, – деді  Ғали  Есқалиев.

Елорданың үлгісімен, БҚО-да «109» бірыңғай диспетчерлік қызметі енгізілді. Нәтижесінде тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарына жауап беру сапасы жақсарды. Жақын арада «112»  бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі  жұмысын  бастайды.

Мемлекеттік құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін көптеген кездесу мен хат алмасулардың орнына «Битрикс» платформасында «Жобалық кеңсе» құрылды. Қазір инвестициялық жобалар мен маңызды оқиғаларды басқару және мониторинг онлайн режімінде жүреді.

Соңғы екі жылда өңірде электронды нұсқада қызмет көрсету 13%-дан 68%-ға дейін артты.

– Қазақстан Президентінің «Назар аударатын мемлекет» тұжырымдамасын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау аясында бірқатар облыстық басқармалардың бюджеттерін қоғаммен бірге талдай бастадық. Бюджет көлемін әлеуметтік желілерде жариялап, мемлекеттік сатып алу жоспарларын талқылауға  мамандарды шақырудамыз. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар құрылысының сапасын жақсарту үшін нысанды жобалау сатысында болашақ пайдаланушыларды цифрлық технологияларды қолдана отырып, нақты жағдайда жобаны зерттеп білуге шақырудамыз. Мәселен, медбикелер мен дәрігерлер кардиология орталығының құрылысы жобасы туралы өздерінің құнды ой-пікірлерін айтты, – деді облыс әкімі.

Баспасөз мәслихатының соңында облыс әкімі БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Батыс  Қазақстан  облысы әкімі  аппаратының жұртшылықпен  байланыс жөніндегі  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар