14.11.2019, 20:22
Қараулар: 207
Ел бесігін тербеткендер елордада бас қосты

Ел бесігін тербеткендер елордада бас қосты

Нұр-Сұлтан  қаласында  өткен  Қазақстан  ауыл  әйелдерінің  екінші  форумында ауылдарды  және  ауылдық  аймақтарды  тұрақты  дамыту,  әйелдер  кәсіпкерлігін  жолға  қою,  әлеуметтік  мәселелерді  шешуге  нәзікжандылардың  белсенді  түрде  қатысуы  арқылы  әл-ауқатты  арттыру  мен өмір  сапасын  жақсарту  мәселелері  талқыланды.

Форумға еліміздің барлық өңірінен және Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркиядан келген 300-ге жуық делегат қатысты. Екі күндік шара барысында саясаткерлер, сарапшылар мен кәсіпкерлер ауылдағы бизнес-идеяларды қолдаудың тиімді тетіктері мен сұранысқа ие жобаларды анықтау жайын талқылап, делегаттар өз тәжірибесімен, шалғайдағы елді мекендерді дамыту жолдарымен бөлісті. Аудан-ауылдардан жиылған кәсіпкер әйелдер қауымы шағын және орта бизнес саласында кездесетін кедергілер жайын да ортаға салды. Олар ауылдық жердегі кәсіпкерлікке үкімет тарапынан қамқорлық, екінші деңгейдегі банктер тарапынан қолдау қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлікпен айналысатын іскер қыз-келіншектерді қолдаудың арнайы бағдарламасын жасақтау, оларды қаржыландырумен айналысатын қаржылық қор құру туралы ұсыныс айтылды.

Екі күндік форум барысында іскер әйелдер бірнеше секцияға бөлініп, спикерлер ретінде әр өңірден келген қатысушылар сөз сөйледі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан ауыл әйелдерінің форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина, G-Global халықаралық хатшылығының жетекшісі Серік Нөгербеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко, Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі кеңестің мүшесі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғамдық кеңесінің төрайымы, экономика ғылымдарының докторы Салтанат Рақымбекова ауқымды шараның сәтті өтуіне тілектестік білдіріп,  «Ауыл – ел бесігі» деген ұстанымды ту қылып, туған өңірін өркендетіп жүрген аналарға  ақ  тілектерін  арнады.

Еуропа Қайта құру және даму банкінің вице-президенті Бетси Нельсоннің айтуынша, ЕҚДБ Үкімет пен ҚР Президенті жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жүзеге асырып жатқан «Отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» қолдау көрсетуін жалғастыруда екен. Банк энергетика, инфрақұрылым, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға 8 млрд. еуродан астам қаражат салды. Көбінесе бұл инвестициялар Қазақстанның аймақтарындағы кәсіпорындарды қолдауға бағытталған. Ал Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі «Coca-Cola» компаниясының үкіметтік және қоғамдық байланыстар жөніндегі менеджері Александра Аккирман компания өзі жұмыс жасайтын барлық елдегі әр түрлі әлеуметтік бастамаларға қолдау жасауға басты назар аударатындығын айтты. «Қазақстанда  19 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Жобаларды компанияның қайырымдылық қоры қаржыландырады. Яғни компания жыл сайын өзінің әлемдік операциялық кірісінің 1%-ын қорға аударуға міндеттеледі. 35 жылдық қызметінде қор әлем бойынша 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы мөлшерінде гранттар берді. Қазақстандағы «флагмандық» жоба – ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке тарту және өз бизнесін ашуға мүмкіндік беретін «Coca-Cola» белестері» бағдарламасы 13 мыңнан астам әйелге кәсіпкерліктің негізін үйретті және олардың отбасыларына тұрақты кіріс әкелетін 60-тан астам шағын бизнестің  ашылуына жағдай жасады», – деді Александра Аккирман.

Ресей әйелдері одағының мүшесі Татьяна Лысенко, Әзірбайжан ауыл әйелдері қауымдастығының төрайымы Гюлбаниз Ганбарова және Өзбекстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гульнора Махмудова өз елдерінде әйелдер қолға алған шағын және орта бизнес саласындағы жетістіктер мен олқы тұстарға тоқталып өтті.

Әр салада жемісті еңбек етіп, өзі тұратын елді мекеннің көркейіп, гүлденуіне  елеулі үлес қосып жүрген батысқазақстандық 16 делегатты БҚО әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Алтын Жұмағазиева бастап барды. Былтыр өткен І ауыл әйелдері форумында «Менің жетістігімнің тарихы» аталымы бойынша лауреат атанған бөрлілік жеке кәсіпкер, «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Светлана Маутеева Қазақстандағы ТДМ-2030 көшбасшылары қатарында көш бастады. Ол «Кедейлікті жою» бағыты бойынша №1 ТДМ көшбасшысы деп танылды. Сонымен қатар Бәйтерек ауданындағы «Урожай» шаруа қожалығының басшысы, агроном Юлия Кан форум қатысушылары алдында сөз сөйлеп, жеткен жетістігі және жеке іспен айналысу барысындағы өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ал Бәйтерек ауданындағы жеке кәсіпкер Гүлшат Мұратқазиева «Менің жетістігімнің тарихы — 2019» аталымының лауреаты атанды.

Елордаға екі күндік сапар барысында форум қатысушылары «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында  «Дон Кихот» қойылымын тамашалап, ҚР Ұлттық  музейін  аралады.

Марина  КЛАДЧИКОВА,

«Клад»  шаруа  қожалығының   басшысы, Серебряков ауылы:

– Жұбайым Александр Кладчиков екеуміздің Оралға жақын маңдағы Серебряков ауылында көкөніс егумен айналысып жүргенімізге 20 жылдан асты. Қазіргі күні агроном мамандығын меңгерген ұлымыз да бізге қолғабыс болуда. Алғашында 40 гектар жерге картоп егуден бастадық, қазіргі таңда біздің егістікте картоп, қырыққабат, сәбіз, қызылша, қияр мен қызанақ өседі. Өз қаражатымыздың есебінен Серебряков жеміс бағын қайта қалпына келтіріп, алма, алмұрт, өрік ағаштарын отырғыздық. Көшім арнасынан шаруашылыққа дейін үш шақырым су құбырын тартып, қияр мен қызанақтың ерте пісетін сұрыптарын өсіру үшін заманауи жылыжай салдық. Біздің аймақтағы климаттық жағдайда жасыл желек жайқалып өсуі үшін суарудың маңызы зор. Сол себепті біз барлық егістікті тамшылату әдісімен суарамыз. Бұл технология қалтамызға біраз салмақ салса да, нәтижесі көңіл көншітерлік.

Ләззат  СЕЙТКЕРЕЕВА,

«Сейткереева Л. М.» ЖК  жетекшісі, Ақжайық  ауданы:

– 1996 жылы жұбайым Теңелбай Дүйсенғалиев екеуміз отбасылық бизнес ашуға бел буып, Ақжайық ауданына қарасты Ақсуат ауылынан «Мұрат» азықтүлік дүкенін аштық. Үш жылдан кейін  Орал–Атырау күре жолының 201-шақырымынан жер алып, кафе салдық. Жұбайым жауынгер-интернационалист еді, Ауғанстандағы отты жылдарды бірге кешкен қарулас жолдастарымды еске алып жүрейін деген ниетпен кафенің атауын әскери міндетін өтеген жердің атымен «Саланг» деп таңдады. 2008 жылы жол апатының салдарынан отағасынан айырылып қалдық. «Тірі адам тіршілігін істеуі керек» деп өз-өзімді қолға алып, отбасылық істі жалғастыруға кірістім. 2013 жылы үкіметтен төмен пайыздық несие алып, тамақтану орнының жанынан шағын наубайхана аштым. Қазір қарамағымда 10 қызметкер бар. Тындырымды тер төгу нәтижесінде жеткен жетістігіміз аз емес, мәселен, 2014 жылы «Парыз» байқауына қатысып, дипломант атандық. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін естен шығармай, былтыр Ақжайық ауданындағы Ақбұлақ ауылына отбасылық кәсіптен түскен қаражат есебінен балаларға арналған ойын алаңын тұрғыздық. Елордада өткен форум сан түрлі тәжірибе тоғысқан ақпараттық алаң болды мен үшін. Өзім секілді кәсіпкер әйелдермен танысып, өзара пікір алмасып, бизнестің бірқатар саласына  қатысты  ой  түйіп  қайттық.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар