14.11.2019, 20:20
Қараулар: 212
Өзі де қызығын көрмей, өзгеге де бермей…

Өзі де қызығын көрмей, өзгеге де бермей…

Бүгінде жер дауы өте өткір мәселеге айналып отыр. Халқымызда «Егілмеген жер жетім, елінен айырылған ер жетім» деген тамаша сөз бар. Осы мақала арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мәселесін қозғауды жөн көрдік. «Бұл жерлер тиімді пайдаланылып отыр ма немесе игеріліп жатыр ма?» деген сауал көзі ашық, көкірегі ояу жанның көкейінде жүргені рас. Аяғы жеткен айлапат жерді қызғыштай қорып, өзі де қызығын көрмей, басқаға да мүмкіндік бермей отырғандар қаншама?! Дейтұрғанмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына  арнаған  биылғы Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталды. Тоқталып қана қойған жоқ, қатаң сынға алды. «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс». Осы сөздерден кейін бұл саладағы түйткілдің түйіні тарқамаса – елдігімізге үлкен сын. Ендігі кезекте мамандар өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, ортақ байлығымызды ел игілігіне пайдасын арттыру үшін әділ бөлуге жұмыстануы керек-ақ.

Жаңадан қожалық ашқысы келетіндер жер иелене, кәсіпті дөңгелетіп алғандар жер аумағын кеңейте алмай әлек. Осы жайлардың анығын білмек болып, аудандық жер қатынастары бөліміне бардық.

Бөлім басшысы Нұрғали Мүтиевпен әңгіме барысында жерге қатысты біраз мәселе қаузалды. Оның айтуынша, ауданның жалпы жер аумағы үш  миллион  гектарға жуық. Оның 2 341 483 гектары –  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер, 870 188 гектары  елді мекендерге тиесілі, 74 843 гектары – орман қоры, 3 648 гектары – өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер, 382 43 гек-тары – бос  жерлер.

Ауданымызда 786 шаруашылық субъектісі болса, соның 765-і шаруа қожалығы, 14-і заңды тұлға, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, кооператив.

Бұл жер телімдері, әрине, біздің ортақ игілігіміз. Осынша байлықты пайдаға жарату кім-кімге де асқан жауапкершілік жүктейді. Жоғарыда айтқанымыздай, жерді иемденіп алып, ол жерге не мал жаймай, не шөбін шаппай отырғандар жоқ емес. Яғни шаруа қожалығы ретінде есепте тұр, бірақ жасап жатқан жұмысы жоқ. Соның кесірінен кәсіп бастағысы келген кейбір азаматтар жер ала алмай сабылып жүр.

Дау осыдан туады. Тіпті туыс-қандар арасында жерге талас болып, бір-бірін сотқа сүйрегендер де там-тұмдап кездеседі. Бөлім басшысы Нұрғали Дарғалиұлы даудың толастамай тұрғанын, осы мәселелермен аптасына кем дегенде екі рет сотқа шақырту алатынын  айтып  қалды.

Игере  алмадың  ба, мемлекетке  қайтар!

Халық тарапынан, жергілікті атқарушы құрылымдардан пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша жоғарыға ұсыныстар, алғашқы қадамдар 2011 жылдан басталды. Яғни сол кездің өзінде саны бар, сапасы жоқ шаруашылықтардың жұмысы тұралады деген сөз. Алайда жер телімдері қожалық иелерінде қала берді. Жер қатынастары бөлімі басшысының айтуынша, стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру үшін аудан бойынша аграрлық сектор, кәсіпкерлік мақсаттағы субъектілердің құрамын анықтаған. Оларға берілген ауыл шаруашылығы алқаптарының нақты көлемі мен жұмыс жүргізіп жатқан сәттегі есептік деректерді салыстырып, қолданылу жағдайын зерттеген. Түгендеу жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (ИСЖ) бойынша электронды портал жүйесіне мал тіркемеген және жерлері қайтаруға жататын шаруа қожалықтарының тізімі жасақталды. Нәтижесінде 2017 жылы 14 шаруа қожалығы қызметін тоқтатып, 16 376 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мал басы мен жер көлемі сәйкес келмеген 9 шаруа қожалығының жері ықшамдалып, 6 367 гектар жер учаскесі кері алынды.

Сонымен қатар 2018 жылы 10  шаруа қожалығы жабылып, 12 200  гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылса, 15 шаруа қожалықтың 8 167 гектар жері ықшамдалды.

Бұл жұмыстар биыл да жүйелі жалғасты. 23 шаруа қожалығы жер учаскелерінен ерікті түрде бас тартып, 18 010 гектар жер учаскесі, 5 шаруа қожалығы жер учаскелерін ықшамдап, 6 157 гектарды мемлекет меншігіне қайтарды. Сонымен қатар биыл кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдеріне тексеру жүргізіліп, 14 жер учаскесінен заңбұзушылық анықталды, яғни 2,7374 гектар жер игерілмеген. Заңбұзушылықты жою мақсатында 0,8862 гектар көлемдегі 6 жер учаскесі облыстық жерді пайдалану мен қорғау басқармасына, бірқатары ауылдық округ әкімдеріне жағдайды анықтау бойынша ұсынылды.

Осы орайда жеке тұрғын үй салу үшін берілген жер учаскелерінің де қайтарылғанын айта кеткен жөн. Осы уақытқа дейін 2012 жылдан бастап берілген 689 гектар  жер және кезекте тұрған азаматтар түгенделген. Нәтижесінде жер алудан өз еркімен бас тартқан, белгілі уақыт ішінде тұрғын үй құрылысын жүргізбеген немесе өмірден өткен азаматтардың иелігіндегі 1 861 гектар жер учаскесі құзырлы құрылымдарға тексеруге жіберіліп, жауап күтілуде. Бұл жұмыстар көбіне аудан орталығында жүргізілді. Бастысы, уәкілетті құрылым тарапынан заңға сай тиісті шаралар қабылдануда.

– Бұл жұмыстар жалғасын таба береді. Біз үшін жердің игерілгені керек. Кәсіпке ниет еткендер мен дала төсінде тер төгіп жатқан шаруаға көмек қолын созуға әрдайым дайынбыз. Олардың шаруалары жүрсе, ауданның, еліміздің экономикасын өркендетуге зор септігін тигізері сөзсіз. Жерді тегін пайдалану құқығына ие болғандар кейде өз істеріне салғырттық танытып жатады. Жерді алып, біздің мекемемен байланыс үзіп кететіндер де жоқ емес. Айналып келгенде, құжатының мерзімі өтіп кеткенін де білмей қалып, жерін мемлекет меншігіне қайтаруға немесе ықшамдауға ұрынады. Осыған мұқият болса, ешқандай заңбұзушылық орын алмайды, – дейді Нұрғали  Дарғалиұлы.

Жастарды  да  ұмытпа!

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін тиімді игеру мәселесіне қайта оралсақ, түйткілдің бәрі осында. Яғни жерді тегін жалға алу құқығына ие болуда әділдік жоқ секілді. Қазір мал шаруашылығымен айналысқысы келіп жүрген жастар жетерлік. Алайда мал саны аз болғандықтан, қырлықтан жер ала алмай жүр немесе жерлерін ұлғайта алмай әлек. Оларға тосқауыл болып жатқан ешкім жоқ. Мемлекет кәсіпкерлікке үлкен жол ашып отыр. Дегенмен, мәселенің бәрі жерді алу барысында өткізілетін конкурс  пен аукционға келіп тіреледі. Мысалы, 10 бас ірі қарасы бар жас кәсіпкер 100-200 бас малы, толған техникасы бар қожалық иесімен белгіленген жерді тегін жалға алу құқығына ие болу үшін бәсекеге түседі. Әрине, комиссия мүшелерінің шешімімен мүмкіндігі көп алпауыт қожалық иесі жеңіске жетеді. Ол осы жерлер арқылы кәсібін әрі қарай өркендетіп, ұлғайта береді. Бұл еліміздің экономикасын көтеруге ықпал етері  сөзсіз, дегенмен кәсіпкерлікке талпынған жастар қашан жерге қол жеткізеді? Ауылдағы  ағайын, қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған комиссия мүшелері осыған көп мән берсе екен дейді.

Заң бойынша бір қожалыққа  24 000 гектарға дейін жер беріледі екен. Ақжайық ауданында дәл осындай оннан астам шаруашылық бар. Шаруашылықтың өркендегені жақсы-ақ, әйтсе де, әр ауыл «шаруа боламын, мал өсіремін» деп талпынған  әр  жасқа  қолынан келген  көмегін  аямай  көрсетіп,  қамқорласа, одан  ешкім де  ұтылмайды.

Бекболат  ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық  ауданы

Анықтама 6 367

Мал басы мен жер көлемі сәйкес келмеген 9 шаруа қожалығының жері ықшамдалып, 6 367 гектар жер учаскесі кері алынды. Сонымен қатар 2018 жылы 10 шаруа қожалығы жабылып, 12 200 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылса, 15 шаруа қожалықтың 8 167 гектар жері ықшамдалды.