14.11.2019, 20:18
Қараулар: 171
Жастар жылындағы жарқын жоба

Жастар жылындағы жарқын жоба

А. Островский  атындағы  драма  театрда  облыс  жастары әлеуметтік  жобаларының  «Zhas  Project»  аймақтық  форумы  өтті.  Жиын  барысында  үздік  жобалар  көрмесі  ұйымдастырылып,  іске  асырылған  жұмыстар  қорытындыланды.

Айта кетсек, алты айдың ішінде облыста 221 әлеуметтік жоба жүзеге асып, оған 718 жас қатысқан. Оларға 1 000 000 теңге көлемінде гранттар  және ай сайын ЖОО түлектеріне 60 мың теңге, қалған қатысушыларға 40 мың теңге әлеуметтік стипендия төленді. Нәтижесінде өңірімізде  12 білім беру орталығы, 14 демалыс орталығы мен шығармашылық үйірмесі,  16 спорт орталығы мен фитнес клубы, 31 наубайхана мен кондитерлік  цех, 13 тігін шеберханасы,  13  сұлулық  салоны  жобасы  іске  асырылды.

– «Zhas Project» жобасы – өз ісін бастағысы келіп жүрген талай жасқа септігін тигізіп, бизнес әлеміне ену үшін жол салды. Жобаның негізгі мақсаты – жастарды «Балық берме, қармақ бер» негізінде кәсіпке икемдеу. Қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған жастар көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созып, қайырымдылық көрсетуде. Аудан-ауылдарда тың жобалар ашылып, тұрғындар жаңа мамандықтарды игеруде. Жаңылыспасам, Сырым ауданында 30-ға жуық жоба, ал Бөрлі ауданында екі-ақ жоба жүзеге асқан. Жастарды белсенділікке шақырамыз. Жоба жалғасын тауып, өскелең ұрпақ еңбекпен шыңдала берсін, – деді форумға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік  Егізбаев.

«Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Кимнің мәліметінше, биыл өңірімізден бастау алған аталмыш жоба Ақмола, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да ұйымдастырылған. Республика бойынша 3838 өтінім берілсе, оның 1063-і мақұлданыпты. Батыс Қазақстан облысы бойынша жобаның инвестициялары 164 миллион теңгеден асқан. Сондай-ақ грант қаражатына алынған барлық материалдар мен жабдықтар жобадан кейін қатысушылардың еншісінде қалмақ. Республика бойынша ет-сүт өнімдерін өндіру  (66 жоба), нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер дайындау бойынша (31) жобалар қатысушылар арасында  кең тараса, аяқ киім шеберханалары, ағаш өңдеу ісі мен металмен жұмыс істеуді дамытатын жобалар  қатарына енген.

– «Zhas Project» – Жастар жылы аясында атқарылған маңызды жоба. Жобаға қатысушылардың дені облыс орталығынан шалғай жатқан Бөкей ордасы, Жәнібек секілді аудандардан. Ауыл жастарының белсенділігіне қуанамыз. Әр жоба аясында көмекке мұқтаж кемі 30-50 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Тұрғындарға ауыл шаруашылығы, кондитерлік және жылыжай өнімдері таратылды. Сұлулық салондарының қызметтері алты ай көлемінде тегін ұйымдастырылды. Бұл, біріншіден, сауапты іс.

Екіншіден, аудан-ауылдарда сұлулық салондары, тренажер залдары, аэробика орталықтары, тандыр нан пісіретін орындар ашылып,  бизнес бастауға мүмкіндіктің мол екені анықталды. Жоба үздіктеріне айтарымыз, бастаған істеріңізді аяқсыз қалдырмай, ары қарай дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, қоғамның дамуына үлес қосыңыздар, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян  Сакошев.

Басқосуда бірқатар жобалардың жетекшілері сөз алып, атқарған жұмыстары туралы айтты. Олардың қатарында «Зейнеп» зергерлік бұйымдарды жөндеу шеберханасы» жастар жобасының көшбасшысы Тимур Сүлеймен, «Сұлу Анашым» жобасының көшбасшысы Аида Сисенова,  сондай-ақ жастар корпусын дамыту жобасының менторы  Любовь  Имамалиева  бар.

Асылан  САФИЯНОВ, Жаңақала  ауданы:

– Орал қаласындағы суши-бар орталығында еңбек еттім. Орталыққа келетін тұрғындардың қарасы көп болатын.  Содан соң жазда  «Zhas Project» жобасы арқылы қайтарымсыз несие алып, Жаңақала ауылындағы «Дәулеш» кафесінен «Рыба Рис» суши-барын аштым. Суши, ролл жасауды Оралдағы мамандардан үйренген едім. Алты ай ішінде әлеуметтік жағдайы төмен жандарға өнімдерді тегін тараттым.  «Рыба Рис»  – әзірге Жаңақала ауданы бойынша жалғыз суши орталығы. Болашақта  кәсібімді  жалғастырмақпын.

Нұрлыбек  АМАНГЕЛДИЕВ, Қаратөбе  ауданы:

– Бөдене шаруашылығын дамыту мақсатында жобаға қатысып, үздіктер қатарынан табылдым. Ұсынған жобамның мақсаты – ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту және табиғи таза өніммен қамтамасыз ету үшін бөдене жұмыртқаларын тегін тарату. Бөдене жұмыртқалары жүрекке, қан тамыр жүйесінің ақаусыз жұмыс істеуіне, сүйектің қатаюына өте пайдалы. Жалпы, 100 бөдене сатып алған едім. Жоба жасаған кезде бөденеге арналған орынның жылумен қамтылуын есептемеппін. Күн суытқалы үш бөдене өліп қалды. Бөдене жемнің ұнтағын жейді. Азығын  жиі  сатып  аламыз.

Хасан СЕРБИЕВ, Қазталов  ауданы:

– Қайыңды ауылында тұрамыз. Жұбайым қолөнер бұйымдарын жасап, ұлттық киімдер тігеді. Өзім жер үстел, бесік секілді ағаштан бұйымдар жасаумен айналысамын. Жоба туралы алғаш естігенде қатты қуандым. Өйткені жоба арқылы болашақта табыс табуға болатын мүмкіндік алдым. «Қазақи қолөнер» атауымен ұсынған жобамыз үздік шығып, қаржылай қолдауға ие болдық. Аз қамтылған, көп балалы жанұяларға жер үстел, бесік, фетр матадан тігілген ұлттық қамзолдар, тұмарларды алты ай бойы тегін ұсынып келдік. Болашақта жоба деңгейінде басталған өнерімізді кәсіптің көзіне  айналдырмақпыз.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар