14.11.2019, 20:16
Қараулар: 269
Табиғи сүттің тапшылығы сүт өндірісін өрістетпей тұр

Табиғи сүттің тапшылығы сүт өндірісін өрістетпей тұр

17  қараша – Ауыл  шаруашылығы, тамақ  және өңдеу  өнеркәсібі  қызметкерлері  күні

Бүгінде облыста сүт белдеуін қалыптастыру басты назарда. Өңірде Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Тасқала аудандары мен Орал қаласында сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал өсіретін 11 шаруашылық бар. Оларда 1808 бас асыл тұқымды ірі қара мал, оның ішінде 980 бас аналық бағылуда. Шаруашылықтарда, негізінен, голштин, қызыл ала және симментал асыл тұқымды сиырлар өсірілуде. Бір сиыр жылына орташа есеппен 5200 литр сүт береді. Сүт өндіру бойынша Бәйтерек ауданы алда келеді.  Мәселен, облыста жалпы өндірілген сүттің 33,8 мың тоннасы немесе 16,9%-ы сол ауданға тиесілі. Ақжайық ауданында 27,6 мың тонна (13,8%)  болса,  Теректі ауданында 25,4 мың тоннаны  (12,7%) құрайды. Сонымен қатар сүт өндірісімен Бәйтерек ауданындағы «Баян», «Доценко», «Арыстанов», «Заря», «Бекмырза»  шаруа қожалықтары және теректілік «Достық» ауыл шаруашылығы кооперативі айналысуда. Бұларда, негізінен, тауарлы ірі қара  өсіріледі. Жылына бір сиырдан орташа сүт сауылымы 2532 литрді құрап отыр.

Биыл  тоғыз  айда өңірде  агроқұрылымдарда 57,9 мың тонна  және жеке қосалқы шаруашылықтарда 142,1 мың тонна сүт өндірілген. Мамандар жалпы өндірілген сүттің басым бөлігі, яғни 71,1%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі екенін айтады. Сүт өндіру көлемі  өткен  жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда  4%-ға өскен.

ПАЙДАСЫ МОЛ КӘСІП

– Облыстағы  шаруалар  көбіне-се мал бағып, ет өндірумен айналысады. Себебі сүт шаруашылығының жұмысы көп. Ол күндіз-түні жүріп, еңбек етуді қажет етеді. Алайда  пайдасы  мол  кәсіп. Бүгінде  өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 20 пайыз ғана.  Себебі   шикізат, яғни  сүт  тапшы. Соған орай қалған 80%-ы республиканың басқа облыстарынан  және  көршілес  Ресей  мен Белоруссия мемлекеттерінен әкелінуде. Бүгінде облыста «Береке» ЖШС, «Ақас» агрофирмасы» ЖШС, «Валентина» ШҚ, «Агрокомплекс Жастық» ЖШС, «Нұр» ШҚ, «Каверина» ЖК, «Сары Бел» ЖШС, «Жұмағұлова» ЖК-лар сүт өңдейді. Олар қажетті шикізатты өздерінің тұрғылықты жерлерінен, соның ішінде  Бәйтерек және Теректі аудандарынан, Орал қаласы аумағындағы тұрғындар мен шаруалардан  жинайды.  Он шаруа қожалығы  тікелей  сүт  өндірумен айналысады, –  дейді  облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Берік Ситқазиев.

Өңірде жоғары сапалы сүт өнімдерінің өндірісін ұлғайту мақсатында сүт бағытындағы ірі қара малын өсірумен айналысатын фермаларды қолдау жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде Бөрлі ауданында «Аманат» шаруа қожалығы 600 басқа, Теректі ауданында «Ringo Milk» ЖШС 600 басқа арналған заманауи технологиямен жабдықталған тауарлы сүт фермаларының құрылысын жүзеге асыруда. Болашақта олардағы  өнімдер алдын ала толық  өңдеуден өткізіліп,  жоғары сапалы түрде тұтынушыларға жеткізу көзделіп отыр. Берік Маратұлының айтуынша, «Каверина» ЖК жаңа цехтың құрылысын бастады. Ол өндіретін өнім түрлерін көбейтуді мақсат етіп отыр. Алайда облыста әзірше заманауи технологиялармен толыққанды жабдықталған кәсіпорын жоқ. Үлкен зауыт салу қиын. Себебі ол өз-өзін ақтамайды.

Облыста жыл сайын 230 мың тонна сүт өндіріледі. Өткен жылы  сүт өнімдерін өндіру көлемінің өсуі байқалған. Мәселен, өңделген сүт пен қаймақ 975 тоннадан 1167 тоннаға дейін немесе 119,7%-ға, ірімшік пен сүзбе 285 тоннадан 362 тоннаға дейін  (127,4%), өзге де сүт өнімдері 598 тоннадан 607 тоннаға дейін (101,5%)  артты. Ал биылғы   8 айда 1068 тонна  сүт өңделген. Бұл  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 121,1%-ға көп.  Оның ішінде 174 тонна сары май (117,6%), 255 тонна ірімшік және сүзбе (143,3%) өндірілді.

«ШИКІЗАТ  ТАПШЫЛЫҒЫ ҚҰРҒАҚ  СҮТТІ  ПАЙДАЛАНУҒА ИТЕРМЕЛЕЙДІ»

– Облыстағы сүт өңдеу шаруашылығындағы ең басты түйткіл – шикізат мәселесі. Яғни сүт тапшы. Әрине, басқа да проблемалар бар, бірақ күрделісі осы. Мысалы, қалалық сүт өңдеу кәсіпорны кеңес үкіметі кезінде күніне 100-110 тонна сүт  қабылдайтын. Қазіргі мөлшері  5-6 тоннаны әзер құрауда. Әрине, бұл – өте аз көрсеткіш. Сүтті Бәйтерек, Теректі аудандарынан және облыс орталығы аумағындағы  жеке тұрғындардан,   шағын фермерлерден өзіміз барып жинаймыз. Табиғи сүт тапшылығы құрғақ сүтті пайдалануға  амалсыз итермелейді. Әсіресе, қысқы мезгілде  құрғақ сүт мәселесі күн тәртібінде тұрады. Көпшілігін Ресейден, болмаса Белоруссиядан сатып аламыз. Өңірде  сүт өндіру  мәселесін  шешуге атсалысып жатқан үлкен шаруашылықтың бірі «Ақас» агрофир-масы» ЖШС болса, екіншісі «Каркула» ШҚ саналады. Қазір шикізат  тапшы  болғандықтан, өндірістік мүмкіндік те өте төмен. Сүт шаруашылығының бейнеті көп болғандықтан, шаруа қожалықтарының бұл салада  жұмыс  істеуге құлқы жоқ.  Ауылдарда мал баққысы келмейді, сиыр саумайды, сүтті сатып алып ішіп отырғандар  бар.  Бұл – күрделі мәселе, күн тәртібіне қою керек, – дейді «Береке» ЖШС директоры  Қымбатбек Айдаров.

Тарихы тереңге тамыр тартқан «Береке» бүгінде  тұрақты өндіріс көлеміне қол жеткізген. Облыста көтерме (оптовый) жүйемен жұмыс істейтін кәсіпорынның көпшілігімен қарым-қатынас орнатқан. Ал мұның өндіріс үшін маңызы зор. Яғни өндірілген өнімдер тұрақты түрде саттыққа  шығып,  алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өткен жылы балмұздақ өндіру үшін 400 млн. теңгеге италиялық құрылғылар алынып, түгелдей жаңартылған әрі  жаңа ғимаратқа көшірілген. Май өнімдерімен де жақсы жұмыс жүруде. Алайда шикізат өте аз болғандықтан, оны көп мөлшерде шығару мүмкін болмай отыр.

Қымбатбек Қадырұлының сөзінше, шаруаларға субсидия төлеу мәселесі жақсы жолға қойылған. Олар үшінші жыл қатарынан  облыстық бюджеттен май өндіргені үшін демеуқаржы алып отыр. Сонымен қатар қосымша құн салығының субсидиялануы да оң әсер етуде. Өйткені сары май –  шығынды өте көп қажет ететін  өнім. Ал оны төмен бағамен сату өндіріске тиімсіз. Бұл мәселені БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан берілетін субсидия жеңілдетіп тұр. Соның арқасында кәсіпорын  пайда көріп,  тұтынушыға да  май  бағасы қолайлы болып отыр.

СҮТ ӨНДІРУШІЛЕРГЕ  ДЕМЕУ БАР

Ресми мәлімет бойынша биыл өндіріліп, өткізілген сүт құнын арзандату бағытына жергілікті бюджеттен 26069,0 мың теңге қаралған екен. Соның ішінде бағымдағы сиырларының саны 400 бастан басталатын шаруашылықтарға 14600,0 мың теңге, бағымдағы сиырларының саны 50 бастан басталатын шаруашылықтарға 8594,0 мың теңге  қарастырылып, қаражат толықтай игерілген. Ал ауыл шаруашылығы кооперативі  (АШК)  өндіріп, өткізетін  сүті үшін 2875,0 мың теңге бөлінген. Бүгінде бұл қаражаттың  2757,4 мың теңгесі игерілген.  ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңына сәйкес облыс бойынша алты АШК сүтті бағытта құрылған. Соның ішінде 3 ауыл шаруашылығы кооперативі, яғни «Достық» АШК, «Адал» АШК, «Батыс Сүт» АШК модульді сүт қабылдау пунктімен қамтылған. Аталған кооперативтер биыл  9 айда 280 тонна сүтті қайта өңдеуші кәсіпорындарына өткізген.

Бүгінде елімізде қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындары  субсидияланады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы  Берік Ситқазиевтің айтуынша, бұл демеуқаржы өндіруші шаруа қожалықтарына, шикізатты сатып алған сары май өндірушілерге  төленеді. Биыл бұл секторға жергілікті бюджеттен 61 млн. 425 мың теңге субсидия бөлініп отыр. Қазір оларды алу үшін шаруалардан өтініштер түсуде. Былтыр бұл мәселе бойынша 58 млн. теңгеге жуық демеуқаржы бөлініп, үш кәсіпорын қаражат  алған.

Сонымен қатар  агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымдарға қосымша құн салығы (ҚҚС) сомасын субсидиялау енгізілді. Өңдеу кәсіпорындары және дайындаушы ұйымдар ҚҚС-ны толық айналымнан төлейді. Өйткені олар  шикізатты ҚҚС төлеуші болып табылмайтын жеке қосалқы шаруашылықтар мен  шаруа қожалықтардан сатып алады.

Бұл өңдеушілер мен дайындаушылардың соңғы өнімінің қымбаттауына әкеледі әрі олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Шаруаларды мұндай қиындықтан шығару үшін АӨК саласындағы дайындаушы ұйымдарға есептелген ҚҚС шегінде бюджетке тө-ленген ҚҚС сомасын субсидиялау қағидалары  бекітілді.

ТЕХНОЛОГҚА  СҰРАНЫС  КӨП

Жуырда Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен шарада оқушылар әр саладан эксперимент көрсеткен болатын. Солардың арасында 7-сынып оқушылары Бақтияр Масалимов пен Дильназ Серғазиева облыстағы фермерлік шаруашылықтарының сүт өнімдерінің сапасын зерттеудің заманауи әдістерін ұсынды.

Мектеп қабырғасында жүрген, әсіресе, қалада оқитын  балалардың бұл бастамалары шынында көңіл қуантқан еді. Осы қарқындарынан таймаса,  олар болашақта осы саланың білікті  маманы болып шығуы мүмкін. Ал  бүгінде елімізде   ауыл шаруашылығы мамандарының  жетіспейтіні жасырын емес. Әсіресе, тағам өндірісіне қажетті технологтар ауадай қажет. Өйткені ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының сөзінше, қазіргі таңда технолог мамандардың тапшылығы сүт шаруашылығын дамытудағы басты проблемалардың бірі болып отыр.

Ал өңірдегі ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын  іргелі жоғары оқу орны Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да студенттер «Тағам өнімдерін өңдеу», «Қайта өңдеу өндірісінің технологиясы» және биылғы оқу жылында  ашылған тағам қауіпсіздігі мамандық-тары  бойынша білім алады.

–  Биылға дейін  технолог  мамандығына «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстарының студенттері де оқыды. Биыл аталмыш бағдарламаға бұл  мамандық енген жоқ. Десе де, қазір 300-ге жуық  студент осы мамандық бойынша білім алуда. Өткен екі жыл көлемінде  технолог мамандығына студенттер көп қабылданды. Биылғы оқу жылында 72 студент түсті. Қазір соңғы курстағы 18 студент ақылы  түрде оқып жүр.  Жалпы, екі жыл қатарынан осы мамандыққа студенттер қабылдаудан бірінші орында келеміз. Бүгінде өңірдегі өндіріс орындарынан ғана емес, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан да технолог мамандарға сұраныс артып келеді, –   дейді аталмыш университеттің  тағам және қайта өңдеу өндірістерінің  технологиялары жоғары мектебінің жетекшісі Төребек Байбатыров.

ОСТЕОПОРОЗДАН САҚТАНАЙЫҚ

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, қазақстандықтар сүт өнімдерін аз тұтынып, күніне 700 грамм сүт өнімдерін пайдаланады екен. Бұл ересек адамға шаққандағы ең төменгі  тәуліктік көрсеткіштің 79%-ын құрайды. Қазақстандағы «Danone» компаниясының сарапшылары елімізде сүт өнімдерін аз тұтыну салдарынан остеопороз дерті, яғни  сүйекті зақымдайтын созылмалы ауру кеңінен таралуы ықтимал екенін айтады. Бұл дерт 2012 жылдан бастап 8%-ға өскен.

Ал адам ағзасына  қажетті элементтердің сүт өнімдерінде бар екені баршаға аян. Сондықтан да сүт өндіру ел экономикасын өрістету үшін ғана емес, халықтың денсаулығын сақтауға да маңызды болып отыр.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар