14.11.2019, 20:13
Қараулар: 258
Жаңа көпір Кавказға жол ашпақ

Жаңа көпір Кавказға жол ашпақ

Биыл  «Ақжайық  ауданының  Чапаев  ауылы  аумағында  Жайық  өзені  арқылы  өтетін  аутомобиль  көпір  өткелін  салудың»  жобалық-сметалық  құжаттамасы  жасақталды.

Аталған жобаның жалпы құны 36 339 371 мың теңгені құрайды. Есептеулер бойынша, көпір пайдаланылуға берілген жағдайда алыс-жақын шет елдерге тауар таситын жүк көліктері үшін жүретін жолдың ұзақтығын 1000 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Менеев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жобаланған көпір Ресейдің Астрахан, Волгоград облыстары арқылы Кавказ бағытына, Ставрополь және Краснодар өлкелеріне, сондай-ақ Еуропаның оңтүстігіне тауар тасуды жеңілдете түспек. Сонымен қатар бұл жоба күре жол бойындағы инфрақұрылымды дамы-туға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы облыс аудандарының экономикасын жандандыра түсуге септігін тигізбек.

– Облыс бойынша аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 496,7 шақырымды құрайды. Оның 1 414 шақырымы республикалық, 5 082,7 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Биыл өңірге бөлінген 27,3 млрд. теңге қаражатқа 364 шақырым жол жөндеу жоспарланған болса, бүгінгі күнге 357,7 шақырым жол жөнделді. Еліміздегі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бөлінген 8,2 млрд. теңге қаражатқа 169,8 шақырым жол телімдерін жөндеу жоспарлануда. Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – РФ шекарасы, Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы, Өнеге – Бисен – Сайқын, Самара – Шымкент, сонымен қатар «Сырым өткізу пунктін күрделі жөндеу» жобасы іске асуда. Биыл Алғабас станциясы, Ақжайық шипажайы, ІІ Шежін ауылы (Тасқала ауданы), Ақсуат ауылы (Теректі ауданы), Алғабас ауылы (Сырым ауданы), Чапаев ауылы, Жаңажол мен Жалпақтал ауылдарына кіреберіс жолдарында және Жәнібек – Талов – Кіші  өзен 0-2 шқ аутожолында жөндеу жұмыстары аяқталды. Жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарының үлесін 31,0%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі күнге көрсеткіш 28,7%-ды құрайды, – деді Қазбек Абдолғазезұлы.

Брифингке қатысқан «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ БҚО филиалының бөлім басшысы Мерлан Нәсіповтің айтуынша, Орал-Атырау бағытындағы күре жол көлік ағынының көбеюіне байланысты қайта жөнделмек. Келер жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен Орал – Чапаев аралығындағы жолды бірінші санатқа, ал Чапаев – Атырау жолын екінші санатқа қайта жабдықтау үшін құжаттар жасақталмақ.

Яғни Ақжайық ауданы орталығына дейінгі жол төрт жолақты, ал Атырау шекарасы аралығындағы жолды кең екі жолақты етіп қайта жасақтап, қарсы келген көлікпен соқтығысуды болдырмау мақсатында жолақтар арасын аласа қоршаумен бөлу жоспарлануда.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»