14.11.2019, 20:12
Қараулар: 147
Мейірім шуағына бөледі

Мейірім шуағына бөледі

Таяуда Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық концерті өтті.

БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырған шараға облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының және де отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты. Ұйымдастырушылар айтып өткендей, бұл шара ерекше білімді қажет ететін және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды демеп, олардың өнер жолына қолдау көрсетуді мақсат етті.

Сахнаның сәнін келтірген өнерлі балалар ән айтып, би билеп, көрерменнің көңілін шаттыққа бөледі. Концерт барысында Дана Нұрболат «Арманыма асығып барамын» әнін сурдоаудармамен орындаса, «Мәңгілік ел» әнін Ернар Егінберлі шырқады. Ақтілек Дошева мен Амангүл Қарағойшиева «Құрбылар» биін мың бұрала биледі. Өзге де  балалардың өнеріне зор қошемет көрсетілді. Шара соңында облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мейірбек Нұркен сахнаның сәнін келтірген балаларға алғысын айтып, өнерлі шәкірттер тәрбиелеп жатқан ұжымдарға алғысхат пен естелік сыйлықтар табыстады.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар