14.11.2019, 20:11
Қараулар: 151
Туған жерге тамаша тарту

Туған жерге тамаша тарту

Жақында облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың ұйытқы болуымен Көктерек ауылында «Туған жер – тұнған тарих» атты ақындар айтысы өтті.

Аталған додаға елімізге танымал Жансая Мусина, Айнабек Бисенғалиев, Эльдар Ихсанов, Жарқынбек Шынтаев, Бауыржан Ширмединұлы, Орынбек Меңдіқұлов, Мақсат Тұяқов сықылды айтыс  ақындары арнайы келді. Мықтылар аламанына жас ақын Әділ Ахметов те қатысты.

Алғашқы болып көрермен алдына шыққан Орынбек Меңдіқұлов пен Мақсат Тұяқов соңғы жылдары аудан-ауылдарда бой көтерген нысандарға тоқталса, Айнабек Бисенғалиев пен Әділ Ахметовтің айтысында аға мен іні арасындағы сыйластық дәріптеп, қоғамдағы түйткілдер турасында әдемі ұйқастар келтірілді. Сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен бөрлілік Жарқынбек Шынтаев Сатыбалды ауылынан тұрғындардың асарлатуымен салынған клубқа аудан әкімдігі тарапынан қаржылай көмек көрсетілсе, 45 жылдық тарихы, 5 000-нан астам жәдігері бар Көктерек тарихи-өлкетану музейінің ғимаратын үлкейтсе, Көктерек орта мектебіне білім ошағының негізін қалаушы Сақып Ақбаевтың есімін берсе деген түйткілді мәселелерді арқау етті. Бөкейордалық Жансая Мусина мен теректілік Эльдар Ихсанов ұстаз бен шәкірт сыйластығы, демеушілік танытқан ел азаматтарын дәріптеу және басқа да тақырыптарға тоқталды.

Өнер кешінің соңында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова айтыскер ақындарға алғыс білдіріп, ақындарға және шараны ұйымдастырушы Мәулет Жұбатовқа аудан әкімі Альберт Темірболатұлының атынан алғысхат табыс етті.

Айта кетейік, мұндай тамаша кештің өтуіне Руслан Сарбаев, Аманжол, Асылбек Қойшекеновтер, Нұрболат Әдиетов, Сайлау Мағзомов, Сабырғали Қойшекенов, Сатқан Есенғалиев секілді ауыл азаматтары мен мәдениет үйінің ұжымы демеушілік жасаған болатын.

Киелі Көктерек жеріне ат басын тіреген айтыс ақындары тарихиөлкетану музейі мен ауылдың көрікті жерлерін аралады. Жоғары дәрежеде өткен ақындар айтысы ауылдық ағайынның көңілінен шықты.

Үміткер ЖҰМАКЕЛДІҰЛЫ,

Көктерек ауылы,

Қазталов ауданы